Accessibility links

Шілденің 7-9 аралығында Жапонияда өткен «Үлкен сегіздік» елдерінің саммитінде Ресей әлемдегі азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін шешуде «астық» саммитін өткізу қажеттігін мәлімдеді. Ресми дерек бойынша, Қазақстан әлемде астық экспорты бойынша 6-шы орынды алады.

Жапониядағы «Үлкен сегіздік» саммитінде талқыланған мәселелердің бірі - әлемдегі азық-түлік дағдарысына арналды. Саммитте БҰҰ-ның мамандары, дүниежүзінде азық-түлік дағдарысы мен аштықтан зардап шегушілердің санын қысқарту мақсатында, дамыған мемлекеттердің басшыларына ауыл шаруашылық саласына бөлінетін инвестиция көлемін арттыру жөнінде ұсыныс айтты.

Осыған байланысты қазақстандық экономист Рахман Алшанов «Азаттық» радиосына мынандай пікір білдірді:

«Халықаралық банк, Дүниежүзілік қор, осылардың барлығы ауыл шаруашылығы саласына арнайы қаржы бөлуі керек. Азия банктері, Ислам банкі сияқты т.б. банктер де оған атсалысуы тиіс. Бұлардың барлығы тек пайда табу үшін ғана емес, осы саланы дамыту мақсатында қаржы бөлуіне тура келеді. Ауыл шаруашылығы бұл нәтижесі бірден көрінетін сауда емес. Оның өнімділігі де әр қалай, 5 жыл жақсы береді де, 3-4 жыл өнімді нашар беруі мүмкін. Қазір экологияға байланысты, судың тапшылығына байланысты түрлі-түрлі жағдайлар болып жатыр. Осыған байланысты Дүниежүзілік қорлар өздеріне Қазақстан арқылы көмектесуі керек»

Ал экономист Жеңісбек Сүлейменовтың болжамына сүйенсек, халық санының көбеюі келешекте, азық-түлік тапшылығына әкелуі ықтимал:

- Мысалы, жер жүзінде адамның саны көбейіп барады жылдан-жылға. Жүз жыл бұрын әлемде 1,5-2 млрд-тай ғана халық тұрды. Қазір 6 млрд-қа жетіп қалды. Ал ауыл шаруашылығы өнімін шығару көлемі көбейген жоқ, - дейді, экономист.

Азық-түлік тапшылығы оларды экспорттаушы және импорттаушы елдерге әсерін тигізбей қалған жоқ. Тіпті, әлемнің 50-ден астам еліне астық сатып келген Қазақстанның ішкі нарығында нан бағасы шарықтап кетті. Кейбір сарапшылар, Қазақстан экономиканың басты бағыттарының бірі ретінде агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға күш салуы керектігін айтып отыр.

- Бұл жерде атқаратын шаруалар көп. Мысалы, дүниежүзінде бидай мен ұн бағасының өсуіне байланысты біздің еліміз астық экспортын көбейтті. Бұл жерде сұраныс бар деп барлығын сыртқа жібермей әуелі ішкі сұранысты қамтамасыз етуіміз керек. Бүгінде Қызылорда мен Жамбылда су тапшылығы туындап жатыр. Тек қана фермерлер емес, жергілікті әкімшіліктер емес, министрлік емес, бүкіл үкімет болып осы мәселені қолға алу керек, - дейді экономист Рахман Алшанов.

Көптеген сарапшылар әлемдік азық-түлік тапшылығының таяу арада шешілетіндігіне күмәнмен қарайды. Саясаттанушы Досым Сәтпаевтың пікірінше, әзірше бұған «Үлкен сегіздік» саммитіне қатысушы дамыған мемлекеттердің де қауқары жетпейді:

«Себебі, олар көптеген мемлекеттердің мүддесіне қатысты үлкен ауқымды мәселелерді талқылады. Саммитте көтерілген кейбір мәселелер, мысалы, артта қалған елдерге көмек беру, қарызды жоққа шығару секілді мәселелер шешіледі. Ал әлемдік масштабтағы мәселелер бірден шешіліп кетпейді, әлі талай талқыланатын болады».

Кейбір сарапшылар әлемдегі азық-түлік дағдарысының 2015 жылға дейін созылатындығы туралы болжам жасап отыр.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG