Accessibility links

«Транспаренси Қазақстан» қоғамдық қоры Қазақстанда білім саласында жемқорлық жағдайының өршігендігін айтып отыр. Қордың мұндай байламды соңғы екі айда жүргізген арнайы шараның қорытындысының негізінде жасапты.

Университетті биыл тәмамдаған 23 жастағы Асқар Байсалдыны жоғары оқу орындарының жемқорлықтың ордасына айналып бара жатқаны алаңдатады. Ол бұған байланысты оқытушыға алдымен параны өздері ұсынатын студенттерді кінәлайды.

«Тапсыра алмаған кездерімде, ақшамен кірген кезде бетіме шашып, қуып шыққан мұғалімдер болды. Кітапханаға барып, жүгіріп жүріп әйтеуір тапсырдым. Жалпы достарыңнан «бәлен мұғалімге бәлен ақша беріп тапсырып шықтым» деген сияқтыны естіп жатасың. Көбіне, жаңадан келген мұғалімдер алады. Олардың көбісінде оқытуға деген қызығушылық жоқ. «Оқысаң оқы, оқымасаң ақшаңды бер де тапсыр да, жүре бер» дейді».

«Транспаренси Қазақстан» қоғамдық қоры өкілдерінің бағалауынша, Қазақстандағы жоғары білім жүйесі дағдарыста. Қор өкілдері ең алдымен мұны жемқорлықтың қатты белең алып бара жатқанымен байланыстырады. Үстіміздегі жылдың мамыр-маусым айларында қоғамдық қордың «жемқорлықсыз білім» атты жүргізген акциясының барысында 133 студенттен арыз-шағым түсіпті.

- Бұл акцияға қатысуға келіскен Алматы қаласындағы 16 университеттен түскен арыз-шағымдар. Шын мәнінде Алматы қаласында шағымданғысы келетін студенттер бұдан да көп болуы мүмкін. Шағымданушылар өздерін таныстырғысы келмейді, бұл олардың мемлекетке деген сенімсіздігін білдіреді. Оларда қорқыныш бар. Жоғары оқу орындары, меншіктің қай түріне жататындығына қарамастан, қоғамдық ұйымдар көтерген жемқорлықпен күрес бастамасын қолдамады. Университеттердің басым бөлігі акцияға қатысудан бас тартты, - дейді «Транспаренси Қазақстан» қоғамдық қорының атқарушы директорының орынбасары Наталья Малярчук.

«Жемқорлықсыз білім» атты акция барысында студенттер пара дәметкен оқытушылардың аты-жөндері мен сұраған ақшаларының мөлшерін телефон арқылы хабарлапты. Кейбір ақпараттардың жалғандығы да анықталыпты.

Оқытушы Айзада Егінбаева білім саласындағы жемқорлықтың белең алуына оқытушылар жалақысының аздығы себеп болып отыр деп есептйді.

- Біздің алатын жалақымыз күнделікті өмір қажеттіліктеріне жетпейді. Мен мысалы 35 мың алам. Пәтерақысын айтпағанда бізге күнделікті тамақ, киім керек. Мұғалім боғандықтан бізге оқу құралдары, кітаптар өте қажет. Сонымен қатар мен отбасылы адаммын. Менің балаларым бар. Жалпы қоғамда кез келген салада ілгерілеушілік болуы үшін сол сала қызметкерлері ең біріншіден, материалдық жағынан қамтамасыз етілуі керек. Міне, сол кезде ғана жұмыс алға басады. Қазіргі кезде біздің қоғамымыздағы білімнің төмендігі, жемқорлық, парақорлық дегеннің барлығы осы адамдардың жалақысының аздығынан туындап отыр.

Мамандардың айтуынша, білім саласында жемқорлық кең етек жайып барады. Алтынбек Сәрсенбайұлы қорының жетекшісі Айдос Сарымның пікірінше, жемқорлық мемлекеттің бәсекелестікке қабілеттілігін жоғалтады:

«Ол әсіресе, басты салалардың бірі білім саласында жиі ұшырасса, бұл ұлт үшін екі есе қауіпті нәрсе. Қазақстанда өте маңызды бірнеше сала бар. Ол біріншіден, денсаулық сақтау саласы, білім саласы және сот ұйымдары. Егер билік шын мәнінде өркениетті ел болам десе, онда осы салаларға жақсылап мән беруі тиіс. Қазір жемқорлық бұрын-соңды болмаған деңгейге жетіп отыр. Бұл өте, қауіпті тенденция. Қазақстанда белді-белді университеттер: ҚазҰПУ болсын, ҚазҰУ болсын, солардың өздері қазір жемқорлық деңгейі бойынша қорқынышты деңгейге жетіп қалған».

Алматы қалалық экономикалық және жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің таратқан мәліметіне сүйенсек, өткен жылы парақорлық фактілері 50 пайызға өскен. Денсаулық сақтау саласында – 60, ішкі істер органдарында – 90, ал білім саласында 160 жемқорлық оқиғасы тіркелген.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG