Accessibility links

Қазақстан президенті Н. Назарбаевты Бейбітшілік Нобель сыйлығы номинациясына ұсыну туралы бастаманы АҚШ конгресмендері - Калифрония штатынан сайланған республикандық Дарелл Исса және луизианалық демократ Чарли Меланкон көтеріп отыр.

"1990 жылдардың басында тәуелсіздікке қол жеткізген кезде Совет Одағынан мұрагерлікке қалған ядролық қару қорынан Қазақстанның өз еркімен бас тартқан шешімін бағалау арқылы президент Нұрсұлтан Назарбаевты Бейбітшілік Нобель сыйлығына ұсынып отырмыз" деп атап көрсетілген конгресмендердің маусым айының соңында әріптестеріне жолдаған хатында. Осы хатта сондай-ақ АҚШ сенаторы Ричард Лугар мен бұрынғы сенатор Сэм Нан да Нобель сыйлығына номинанттар қатарында аталған.

Олардың Қазақстан және басқа да бұрынғы советтік республикаларға өздерінің ядролық қаруынан құтылуы үшін қаржы мен техникалық көмек қолдауын көрсететін бағдарлама жасаудағы еңбектері алға тартылған.

Қазақстандағы адам құқықтарының қанағаттанғысыз жағдайы Н. Назарбаевтың Нобель сыйлығы лауреаты атануына кедергі болары анық. Осыған ұқсас ойды Лондондағы Соғыс және Бейбітшілік институтының сарапшысы Джон Маклеуд те Азаттық радиосына берген сұхбатында айтты:

- Мұнда Назарбаевтың Бейбітшілік сыйлығына ұсынылуына көлеңке түсіретін біраздан бері айтылып жүрген жайттар бар, ол өзіндік сұрақтар туғызады. Оның демократия саласындағы жалпы келбетіне және сайлау өткізілу тәртібі мен адам құқықтары мәселесінде көп сындар айтылған.

Назарбаев жүйесі елдегі оппозиция мен тәуелсіз басылымдарды тұншықтырып, тұсаулап отыр, ал 2007 жылы ел Конституциясына енгізілген өзгерістер бойынша тұңғыш президент Н. Назарбаевтың өмірлік президент болуына мүмкіндік беретін бап қосылды.

Мемлекеттік департаменттің жақында жарияланған адам құқықтары жайындағы есебінде Қазақстан азаматтарының өз үкіметін алмастыруға деген құқықтары өте қатаң түрде шектелген, тергеу абақтысында ұсталғандар мен түрмеге қамалғандар азапталады, қамау орындарында жеткілікті жағдай жасалмаған, сот жүйесінде тәуелсіздік жоқтың қасы, сөз еркіндігі шектелуі деген және тағы да басқа көптеген мәселелер аталған болатын.

Бірақ конгресмен Даррелл Иссаның өкілі Фредерик Хиллдің айтуынша, Назарбаевты Нобель сыйлығына ұсынып отырған конгресмендер Қазақстан президентінің ядролық қару қорынан бас тарту шешіміне басты назар аударып, соны алға тартады.

«Бұл өмірлік жетістіктері үшін берілетін сыйлық емес. Бұл Қазақстанның демократия мен адам құқықтары саласындағы артқа кетушілік проблемаларын сылап-сипау болып табылмайды. Бірақ олар маңызды бір шешім қабылдап, әсіресе қару таратпау саласында жақсы қадам жасаса, оны біздің бағалауымыз да маңызды», - дейді Фредерик Хилл.

Ол сондай-ақ Назарбаевтың мұндай мәртебелі сыйлыққа ұсынылуы оның үкіметінің билік құрылымын жақсартуына өзіндік ынталандыру да болуы ықтимал деген пікір айтады.

Екі конгресмен де Нобель сыйлығы номинациясына бастамашы болатындай, Қазақстанмен байланысты немесе ядролық қару таратпау мәселесіне қатысты комитеттен емес. Бірақ та конгресмендер Исса да, Меланкон да өз аймақтарының Қазақстанмен коммерциялық қарым-қатынастарын кеңейтіп, нығайтуға атсалысқан адамдар.

Даррелл Исса Қазақстанда екі рет болып, АҚШ пен Қазақстан арасындағы сауданың дамуына қолдау көрсеткен. Меланкон да Қазақстанға сапарлап барып, Луизиана штатының Қазақстандағы мұнай өндірісі саласынан өзіндік үлесін алуға алғышарттар жасауға күш салған тұлға.

«Әрине, Назарбаевтың ядролық қарудан бас тарту туралы шешімі, сөз жоқ, жақсы шешім. Бірақ еліндегі демократияландыру мен адам құқықтары саласындағы төмен жағдай оның беделін көтермейді. Оның қызметі әлі күнге бір бұлыңғыр, нақты айқындалмаған деңгейде деуге келеді. Ол жақсы бір істермен қатар, нашар шаруаларды да атқарды. Міне, мұның өзі оның Нобель сыйлығын алуға лайықты тұлға еместігін байқатады», - дейді Джорджтаун университетіндегі Орта Азия істері бойынша маман Шон Робертс.

Робертс Назарбаевты бір кезде азаттық қаһарманы болған, ал биліктегі ұзақ жылдарында өзгеше ойлағандарды қудалап, басып-жаншудың «үлгісіне» айналған Зимбабвенің президенті Роберт Мугабемен салыстырады.

Ал сарапшы Джон Маклеуд конресмендер алға тартып отырған Назарбаевтың ядролық қарудан өз еркімен бас тарту шешіміне байланысты былай дейді:

- Бұл оның мемлекет басшысы ретіндегі прагматикалық шешімі, сөз жоқ, ол жақсы қадам. Ол ядролық қару Ресейдің бақылауында болды.
XS
SM
MD
LG