Accessibility links

Үлескерлер наразылық білдірді


Сенбі күні Алматыда «Ayt Housnig Complex» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің үлескерлері «Ахселькент» атты тұрғын үй кешенінің алдына жиналып, наразылықтарын танытты.

Осыдан 2 жыл бұрын құрылыс жұмысын бастап, кейіннен тоқтап қалған серіктестік қаржының жоқтығын айтып, үлескерлердің ақшаларын қайтармай отыр.

Үлескерлердің бірі Тілеубек Мырзабасов осыдан екі жыл бұрын банктен 100 мың доллар несие алған екен. Біраз жыл бойы пәтер жалдап келген ол баспана алуға бел буып осындай қадамға барады. Банктен алған қарызын қайтара алмай қалған Тілеубек Мырзабасов «Ayt Housnig Complex» серіктестігіне сеніп қалғанына қапаланып отыр.

- Үйдің бітуіне 2-3 ай ғана қалған. Алайда үйдің есік, терезесі жоқ, қаңқасы ғана тұр. 6-7 ай ұзайды дейді. Бүгін толық жауап беріледі деген еді, ешқандай жауап ала алмай тұрмыз. Ертең бас директорына барып жолығамыз. Басқа үлескерлермен ақылдасып, сөйлесіп көреміз. Құрылыс созылып кететін болса, ақшамыздың қайтарылуын талап етеміз.

Тілеубек сияқты үлескердің бірі Людмила Скворцова, өздеріне нақты жауап бермей жүрген компанияға қоғамдық бақылау орнату керектігін айтады:

- Біз міндетті түрде құзыретті органдарға барамыз. Компанияға үлескерлерден түскен баланс активтерін бақылайтын кооператив құрамыз. Сонда үлескерлер бәрін өздерінің бақылауына алады. Осы жерге жиналған үлескерлер шеттерінен көзі ашық, көкірегі ояу, сауатты адамдар. Біз соңына дейін барамыз.

Ал Қайрат есімді үлескер жігіт бұл мәселеге байланысты мемлекеттік органдардан қайыр жоғын айтады.

- Әрине, салынатынына үмітпен қарағың келеді. Егер бұдан да ештеңе шықпаса, онда келісім-шартты бұзу керек. Осы мәселе бойынша әділет іздеп, араша іздегің келеді. Алайда, салық инспекциясы, әкімшілік сынды органдардан пайда жоқ. Мен Үкіметке де сенбеймін, - деді Қайрат.

«Ахселькент» тұрғын үй кешенінің алдына жиналған үлескерлер біраз уақыттан кейін аталмыш мекеменің кеңсесіне кірді. Жиналған үлескерлерге «Ахселькент» тұрғын үй кешенінің жоба менеджері Окан Юней түсініктеме берді. Өз сөзінде ол құрылыс жұмысының тоқтап қалғандығының себебін, есеп шоттарына қаржының уақытында түспей жатқандығымен түсіндірді.

- Сіздерде түсінбеушілік болып тұр. Біз несиені ерте ме, кеш пе аламыз. «Ахсель» Қазақстанда бірінші жыл жұмыс істеп жатқан жоқ, Оның Қазақстан нарығында жүргеніне 15 жыл. Бізде Қазақстанда ешқандай құрылыс аяқсыз қалған емес. Егер біз банкрот болып қалсақ, онда сіздермен бірден келісім-шартты бұзып, қарамағымыздағы құрылысшыларды жұмыстан босататын едік. Осындай дағдарыс кезеңіне түсіп қалғандықтан, тоқырап тұрмыз. Қалай несие қолымызға тиеді, солай істі аяқтаймыз. Біз оны бүгін не, ертең деп уәде ете алмаймыз. Бірақ сіздердің баспаналарыңыз бітеді, оған сеніңіздер, - деді Окан Юней.

Халықаралық тұтынушылардың құқығын қорғау қорының атқарушы директоры Талғат Тұрысбеков бұл мәселе туралы пікірін былайша білдірді:

- Мемлекет, әрине, бұл мәселеге назар аудару керек. Дегенмен де, аталмыш жекеменшік компанияларды қаржыландыра алмайды. Себебі, Қазақстанда олардың саны өте көп. Алайда, мемлекет көмектескен жағдайда, олар ақшаны алып, жұмысты аяқтамайды. Мемлекет көмектеседі деп тағы да жүріп алады.

«Ахселькент» тұрғын үй кешеніне жиналған үлескерлер аталмыш холдингтің бас директорына арнайы хат жолдайтындықтарын, егер одан мәселе шешілмесе, онда үкіметке шағымданатындарын айтты.
XS
SM
MD
LG