Accessibility links

Өткен аптада Ресейдің бірнеше ақпарат құралдарында Свердлов облысында АЭС құрылысын жүргізіп жатқан «Астанаэнергопромстрой» компаниясының Қазақстаннан келген жұмысшыларға келісім-шартта көрсетілген жалақыны төлемей отырғаны хабарланған болатын. Әуел баста жұмысшыларға АЭС-тің төртінші блогының құрылысын жүргізуге ұсыныс тастаған аталмыш компания, жеме-жемге келгенде уәде еткен 2000 доллардың орнына 45 доллар шамасында (Ресейдің ақшасымен 1000 рубль) төлеген.

Сонымен қатар, «Уралэнергостройдың» қосалқы мердігері болып саналатын қазақстандық бұл компания, жұмысшылармен келсеңдер болды, жалақыларыңнан бөлек, уақытша тұрғын үй мен жол шығынын да өтеп береміз деп, қол алысқан екен. Ал компанияның алға тартып отырған уәжі – маусым, тамыз айларында белгіленген жоспар орындалмаған. 25 тамыз күні кезекшілік жұмысы аяқталған қазақстандық 20 жұмысшы тиісті жалақыларын ала алмағандықтан, Отандарына қайтудан бас тартып, компанияны сотқа берген.

Бұл даулы мәселенің шешімін сот ұзаққа созған жоқ. 8 шілде күні Заречный қаласының бітістіру соты жұмысшылардың арыз-шағымын қанағаттандырмай, жауап берушінің пайдасына шешім шығарды.

uralpolit.ru сайтының жазуынша, осы жағдайдан соң, барар жері, басар тауы қалмаған жұмысшылар аштық жариялайтындықтарын мәлімдегенде, қала әкімшілігі оларды күштеп еліне қайтаратындықтарын айтып, қорқытыпты.

Қазақстаннан барған жұмысшылардың бірі Руслан Чукреев uralpolit.ru сайтына берген сұхбатында, «компанияның мамыр және маусым айлары үшін деп белгіленген 1047-7000 рубльдің аралығындағы жалақысын алуға мәжбүрміз. Біздің Ресейдің билігі мен сотынан көңіліміз қалды, енді отанымызға қайтудан басқа амал жоқ. Губернаторға хат жолдап және осы жағдай жергілікті ақпарат құралдарында кеңінен жазылғанымен, ешқандай нәтиже шықпады», - деп айтыпты.

Қазақстандық жұмысшыларға басынан бастап көмектесуге әрекет еткен «Уральский дом» деп аталатын қоғамдық құқық қорғау ұйымының басшысы Леонид Гришин, алданған жұмысшылардың компаниядан өз еңбек ақыларын өндіріп алуы екіталай екенін тілге тиек етіпті.

«Менің білуімше, олар осы жағдайға байланысты Астананың сотына шағымданбақ екен. Бірақ, олардың сотта жеңіске жетуі өте қиын. Өйткені, «Астанаэнергопромстрой» компаниясы Астана қаласында тіркелгенімен, оның құрылтайшысы болып табылатын Атхам Мирсагатов – Ресейдің азаматы. Сондай-ақ, жұмысшылардың туған-туыстары әлгі компанияның кеңсесін мекен-жайы бойынша іздеп барған кездерінде оны таба алмай, сандалған. Яғни, мұндай мекен-жай мүлдем жоқ екен. Ол ауданнан ТЭЦ-2 басқа ештеңе жоқ екеніне көз жеткізген», - деп айтыпты uralpolit.ru сайтына берген сұхбатында.

Астана мен Алматы қаласындағы анықтама бюроларының бірде-біреуі «Астанаэнергопромстрой» компаниясының телефонын да, тіпті, мекен-жайын да тауып бере алмады.
XS
SM
MD
LG