Accessibility links

Қазақстанда алаяқтықтың жаңа бір түрі белең алып келеді. Мобильді алаяқтық деп аталатын бұл түрімен кездескен адамдар саны уақыт өткен сайын көбейе түсуде. Оның қоғамда белең алуының бірден- бір себебі адамдардың бұл туралы хабарының аздығынан.

Студент Азамат Отарбаев осыдан бір ай бұрын керемет акцияның өтіп жатқаны турасында смс-хат алады. Онда акцияға қатысу үшін бірнеше төлем картасын алып, смс-хатта көрсетілген нөмірге салып жіберсең бір жылға дейін тегін сөйлесу мүмкіндігіне ие боласың деп жазылған көрінеді.

- Енді акциялар қазір көп болып жатыр ғой. Солардың бірі шығар деп алғашында сеніп қалғаным рас. Жаңа карта сатып алып кодты жібердім. Акция шарты бойынша бірнеше картаның құпия кодтарын салып жіберу керек болатын. Ал мен сынап көрейін деп біреуін ғана жібердім

Бұл ақпаратқа күманданып, шығындалмағаны үшін қазір Азамат қуанады. Ұялы телефон алаяқтарының қармағына түсіп, бармақ шайнап қала жаздаған Азамат кез-келген ақпаратқа құлай сенуге болмайтындығын айтады:

-Тек ұялы телефон ғана емес, алаяқтықтың басқа да түрлері қазір қоғамда көп. Менімше, алдану-алданбау өзіңе байланысты сияқты. Тез сеніп қалмау керек. Сонан кейін ақпаратты тексеру керек

Соңғы уақытта азаматтардың мобильдік алаяқтыққа байланысты шағым-арыздарының көбейіп кетуі қылмыстың бұл түрінің қатты белең алып бара жатқандығын аңғартады. Алматы қалалық ішкі істер департаментінің хабарлауынша жыл басынан бері аталған алаяқтық түрі бойынша 8 факті тіркеліпті. Ал оған тап болған адамдардың барлығы да құқық қорғау органдарына бара бермейтінін ескерсек, бұл да нақты көрсеткіш емес дейді мамандар.

-Көпшіліктің қалтасынан ақша қағып қалу үшін алаяқтар бәріне де баруға дайын. Мәселен, қолымызға түскен бір мәлімет бойынша алаяқ бір абонентке хабарласып, баласының жол апатына ұшырағанын, өзін оның досы екенін айтады. Телефон иесінің ауыр психологиялық халге түскенін пайдаланып, алаяқ досының телефоны жоғалып қалғанын, дереу өзінің нөміріне көп бірлік қажет болып жатқанын хабарлайды. «Суық хабардан» өз-өзіне есеп беруден қалған телефон иесі дереу бірлік жолдайды.

Көптеген алаяқтар белгілі радио жүргізушілердің аттарын пайдаланады. Мәселен, алаяқ қандай да бір абонентке хабарласып, өзін белгілі бір радиостанцияның жүргізушісі ретінде таныстырып, абонентке қымбат сыйлық ұтып алғаны турасында айтады. Сыйлықты алу үшін тек 30 минут ішінде төлем картасын алып, радиоға хабарлауы керек. Ақырында абонент өзінің алданып қалғанын ұғады –дейді, «КаР-Тел» ЖШС-нің қоғаммен байланыс жөнінде қызметінің төрағасы Павел Родин.

Мамандардың бағалауынша, қоғамда мобильді алаяқтық әрекеттерінің жиілеп кетуінің басты себебі адамдарда ол туралы ақпараттың тым аздығы. Ал құқық қорғау орган өкілдері тұрғындарға өте сақ болып, кез келген ақпараттың дұрыстығына көз жеткізбейінше сенбеуге кеңес береді:

-Мұндай жағдай болған кезде ең бастысы азаматтар салқынқандылық танытып, саспауы керек. Естіген ақпаратқа бірден сенбеуі керек. Туысқандарына хабарласып, аман-есендігін сұрап және жедел түрде полицияға хабарласуы керек –дейді, Алматы қалалық ішкі істер департаментінің бөлім бастығын Жандос Сүйінбай.

Оның айтуынша, осы жылы аталған алаяқтық әрекеттерді ұйымдастырып жүрген екі үлкен қылмыстық топ ұсталыпты. Олар тұрғындарға әр түрлі жағдайлар айтып ақша талап еткен. Қазақстанда мобильді алаяқтықтан қанша адамның зардап шеккені туралы мәлімет жоқ. «КаР-Тел» ЖШС-гінің жүргізген зерттеулеріне сәйкес, көрші Ресейде осыған дейін 10 млн адам ұялы телефон алаяқтарына жем болған көрінеді.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG