Accessibility links

Зәуреш Батталова: Қазақстан премьері Мәсімов қызметінен кетсін


Астанада шілденің 15 күні «Лайықты баспана үшін» қозғалысының төрайымы Зәуреш Батталова осындай мәлімдеме жасады.

Елге танымал қоғам қайраткерінің мұндай мағынадағы мәлімдеме жасауына премьер-министр Кәрім Мәсімовтың үлесшілердің мәселесін шешіп бере алмағандығы мұрындық болыпты. Маусымның 19 күні үкімет басшылығы құрылысы тоқтап тұрған үйлердегі үлескерлер аяқталуға жақын нысандарға көшіріледі деп уәде берген-ді. Алайда Зәуреш Батталова Астана мерекесі өте салысымен бұл берілген уәде ұмытылды деп, премьер-министрді айыптап отыр.

«Альянсстройинвест» құрылыс компаниясының үлескері Аюповтың айтуынша, компания бастығы Ринат Найманов Астана әкімшілігінде болғанда, премьер-министр Кәрім Мәсімов үлескерлермен кездесіп көп уәде берген. Бірақ, осы уақытқа дейін бірде бір қазық қағылмаған.

«Лайықты баспана үшін» қозғалысының төрайымы Зәуреш Батталова Астана мерекесі мен президент Назарбаевтың туған күні қарсаңында үлескерлердің шеруге шығамыз деген мәлімдемесінен кейін Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың Әділет министрлігінде заңды тұлға ретінде тіркелген «Үлескерлер қауымдастығы» басшылығымен ғана кездескендігін айтып берді. Содан кейін үлескерлер екіге бөлінген. Олардың бір тобы шеруге шықпақшы болып, екіншілері одан бас тартқан.

Зәуреш Батталова бұл Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының Парламенттік ассамблеясының Астанадағы жиыны өтері алдында үлескерлерді тыныштандыру үшін әдейі ұйымдастырылған әрекет деп есептейді.

Астанада маусымның 19 күні «Нұр Отан» билік партиясының парламенттегі кеңейтілген отырысында вице-премьер Өмірзақ Шүкеев «құрылысы тоқтап тұрған үйлердегі үлескерлер аяқталуға жақын нысандарға ауыстырылады. Осы нысандарды аяқтау үшін республикалық бюджеттен тағы 17 миллиард теңге бөлінеді», деген болатын.

Зәуреш Батталова шын мәнісінде проблемалық нысандарда құрылыс жұмыстарының басталмағандығын айтып отыр.

- Үлескерлердің мәселесіне араласқан премьер жауап беру керек. Ол қызметінен кетсін. Оны президент отставкаға жібере алады немесе парламент депутаттары бастамашы бола алады. Сондықтан 1 қыркүйекке дейін неғұрлым көбірек қол жинап депутаттарға береміз, - дейді, ол.

Үлескерлер 6 шілдеде жиналыс өткізіп премьерден жағдайға түсініктеме беруді сұрағанымен, әлі күнге шейін жауап ала алмапты.

- Сондықтан енді «Лайықты баспана үшін» қозғалысы премьерді сотқа береді. Осы уақытқа дейін Астана әкімінен де, премьерден де бұл хатқа жауап жоқ. «Азаматтардың өтініштерін қарау жөніндегі заңға» сәйкес, жауап бір ай ішінде берілуі тиіс еді, – дейді, Батталова.

Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов пен Қазақстан премьері Кәрім Мәсімов бұл мәлімдемелерге қатысты көзқарастарын әлі білдірмеді. Әділет министрлігінде заңды тұлға ретінде тіркелген «Үлескерлер қауымдастығының» төрайымы Ольга Пугачеваның мәліметінше, Астанада үйлеріне кіре алмай жүрген 33 мыңға жуық үлескер бар. Жалпы Қазақстан бойынша үлескерлердің саны 100 мыңнан асады.
XS
SM
MD
LG