Accessibility links

Иранда бәйбішенің келісімінсіз-ақ көп әйел алушылық заңдастырылмақшы.


Ирандағы әйелдер құқын қорғаушылардың шеруі. 12 маусым, 2006жыл.

Ирандағы әйелдер құқын қорғаушылардың шеруі. 12 маусым, 2006жыл.

Парламент комитеті бірінші әйелден келісім сұрамай-ақ екінші әйел алуға мұрсат ететін заң жобасын бірінші оқылымында мақұлдады. Бұл аралықта биліктен қысым көрген Ирандағы әйел белсенділері БҰҰ-ң адам құқтары сыйлығына ұсынылуда.

"Егер сіздің дәулетіңіз жетіп жатса, екінші әйел алуыңызға болады." Иран парламентінің Заңдылық және әділет істері бойынша комитеті біраздан бері даулы болып келген заң жобасын бірніші оқылымында мақұлдау тұрғысында осындай шешімге келді. Ал адам құқтарын қорғау белсенділері болса, ол заң жобасын отбасына қарсы заң деп атап кеткен еді.

Заң жобасын талқылаудың ұзаққа созылуына Ирандағы әлеуметтік жағдайдың ширығыңқырап тұрғаны, президент Махмұд Ахмединежад үкіметінің әйел құқтарын қорғаушыларды қудалау нысанасын алып келгені де өзіндік әсер еткен болатын.
Сөз болып отырған заң жобасының ресми атауы Отбасын қорғау заңы деп аталады. Оның көп уақыттан бері талқыланып, дау туғызып келген бабы ерлердің бірінші әйелінің рұхсатынсыз-ақ екінші әйел алуына болады деген тұсы еді. Ол парламент құрамында әйелдер белсенділері тарабынан қатты қарсылыққа кез болған-ды.

Ал бұл жолы заң жобасы комитетте у-шусыз қабылданып, ол тәуелсіз газетте жарияланған кеде ғана жаңалық ретінде көпшілікке тарады.

Бұрын парламент депутаты болған белсенді Фатима Хагихатжоу Фарда радиосына берген сұхбатында бұл заң ирандық отбасыларына көмектеспейді дегенді айтқан:

- Бұл заң жобасы өкінішке қарай қоғам мен ондағы отбасыларының мұқтажына жауап бермейді. Заңда сондай-ақ уақытша үйлену сияқты келеңсіз жағдай туралы ешбір сөз айтылмаған.

Заңдылық және заң істері комитетінің мүшесі Мұса Жорбани бұл заң жобасына ешкім қарсы келмеуі тиіс, өйткені ол Шариғат заңдарымен сәйкес келеді және үкімет қолдап отыр дейді.

Бұған дейін Иран заңы бойынша ер адамға бірінші әйелінің келісімін алмай екінші әйел алуына мұрсат етілмейтін. Өзгертілген заңға қосылған жаңа бап бойынша ерлерге енді екінші әйел алу үшін бәйбішенің рұхсатын алу қажет деп есептелмейді.
Бұндай мәселемен күресу- Ирандағы әйел құқтарын қорғау белсенділер күресінің бір бөлігі ғана.

Осы кейінгі жылдары қоғамдағы әйелдер құқы үшін күресушілердің "Бір миллион қол жинау" науқанына қатысқан белсенділерінің бірнешеуі түрмеге де қамалған.
Иранның батысындағы этникалық күрдтердің Санандаж қаласының тұрғындары Хана Әбди мен Ронак Сафазадеге Түркияда белгілі Күрд жұмысшы партиясымен сыбайласқан күрдтердің бүлікшілер тобымен байланысы бар деген айыптар тағылды. Олардың адвокаттары мен құқық қорғаушылар бұл айыптарды кері қағуда, мұндай айыптармен белсенді әйелдердің қатаң жазалануы әбден мүмкін.

Осы миллион қол жинау науқанының үшінші бір мүшесі Махбуби Карами ешбір айып тағылмай –ақ түрмеге отырғызылған. Оның қорғаушысының айтуынша, Карами бейбіт шерулер кезінде полиция қызметкерінің таяқ жегеніне қатысы бар деген желеумен қамауға алынған.

Өткен аптада Иранда белгілі заңгер, белсенді Насрин Сотоуди аяқ астынан айыпты деп танылып, клиентімен бірге екеуі бірдей сотқа шақырылды. Оларға Иран диаспорасымен күмәнді жағдайда қарым-қатынас жасап, ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндірді деген айып тағылды.

Адам құқтарын қорғаушы, Нобель сыйлығының иегері Шырын Ебади адвокат Сотоудидің Иранда жаманаты шыққан Евин түрмесінде өз клиентін күтумен күн сайын бірнеше сағат уақытын сонда өткізгені және оны сотта қорғауынан Иран революциялық соты айып тапқан дейді. Сотоудидің өзі мүлде заңсыз болып табылатын мұндай айыптауға таңқалудан басқа шарасы жоқтығын айтады.

Адам құқтарын қорғау ұйымдары соңғы жылдары Ирандағы әйел белсенділерінң қозғалыстары және бір миллион қол жинау сияқты науқандардың билік тарабынан қысым мен қудалауға ұшырауы күшейіп барады деп атап көрсетеді.

Ирандағы әйел құқтарын қорғау ісіне қолдау көрсету үшін бірқатар үкіметтік емес ұйымдар мен әлеуметтік зерттеулер ұйымы Ираннан тыс жерде Иран әйелдерінің құқын қорғау қозғалысын құрды. Осы қозғалыс БҰҰ-ң бес жылда бір рет адам құқтарын дамыту жолындағы еңбегі үшін берілетін сыйлығына ие болды, ол осы жылдың желтоқсан айында тапсырылады.

Париждегі үкіметтік емес белсенділер тобының Иран зерттеулері қауымдастығының қызметкері Роя Кашефи Ирандағы әйелдер қозғалысы бұндай сыйлықты алуға лайық деп атап көрсетеді:

- Халықаралық адам құқтары хартиясының қабылданғанының биыл 60 жылдығы. Сыйлық алғаш тағайындалған 1968 жылдың 10 желтоқсанынан бері 40 жыл өтті. Және Иран Ислам республикасының 30 жылдығы тойланар алдында тұрмыз. Сондықтан да Ирандағы әйел құқтарын қорғау қозғалысы бұл сыйлыққа лайық деп таптық ,-дейді Кашефи.

1968 жылы БҰҰ-ң Адам құқтары бойынша берілетін сыйлығын алған алғашқы топтың арасында ирандық заңгер Мехрангиз Маноутчехриан болған еді.
XS
SM
MD
LG