Accessibility links

Иран спортшы әйелдер жарысын теледидардан көрсетуді ойластыруда

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Иран спортшы әйелдері таэквандо жаттығуында

Иран спортшы әйелдері таэквандо жаттығуында

Спортшы әйелдерін Иран мемлекеттік теледидары өз арнасы арқылы көрсетпекші. Жылдар бойы Иран әйелдері аймақтық, халықаралық жарыстарға белсенді қатысып келді. Алайда теледидардан көрсетілген емес.

Елудей спортшы ерлермен қатар Иран мемлекеті 3 спортшы әйелді де Бейжіңдегі жаздық олимпиада ойындарына қатысуға жібермекші. Иран мемлекеттік телеарнасында спорт хабарларына жауапты Әли Асғар Поурмохамедтің айтуынша, бұл ойындарды теледидар арқылы көпшілікке көрсетуді ел басшылығы ойластыруда.

Алайда мұндай қадамға елдің рухани көсемдері рұқсат бермейді, деп күдік айтуда Ирандағы сарапшылар мен спортшы әйелдер. Теһранда тұратын спорт сарапшысы Фатеме Сепанжи ханым:
-Ол спортшы әйелдер ел заңындағы барлық ережелерді сақтап отыр. Ендеше неге теледидардан көрсетпеске? Олардың спорттық өнерлері басқа елдерде көрсетіліп жатқан кезде, Иран сияқты келесі елде оны жасырудың қаншалықты қажеті бар?- дейді

Иран заңдары бойынша, әйелдер спорттық жарысқа қатыса алады. Бірақ мұсылман әйеліне лайықты киімдерді кигенде ғана. Жайшылықтағыдай, спорт жарыстарында да тар киімдер киюге тиым салынған. Сондықтан суда жүзу, гимнастика және қашықтыққа секіру сияқты жарыстарға олар қатыса алмайды.
Кейбір ирандық спортшы әйелдердің айтуынша, әсіресе ыстық күнде кең де ауыр киімдермен жарыстарға түсу оларға қиындық әкеледі екен. Сондай-ақ, жарыс кезінде аяқ-қолдарынан бастап, дене мүшелерінің және шаштарының көрінбеуіне олар аса мұқият болулары тиіс. Олай болмаған жағдайда жарысқа түсу хұқынан айрылатын болады.


Түрлі жарыстарда, оның ішінде халықаралық ойындар да бар, Иран құпия қызметі өкілдері елдің спортшы әйелдерін барлық жерде қадағалап жүреді.

Махмуд Ахмадинежад президенттік қызметіне алғаш кіріскен кезде оның кеңсесі Иран әйелдерінің спорт жарыстарына көбірек қатысуын қамтамасыз етуге тырысқан болатын. Алайда рухани көсемдер тарапынан айтылған қатаң сындар мен қарсылықтардан кейін бұл ұмтылыстарын олар тоқтатқан еді.

XS
SM
MD
LG