Accessibility links

Қазақстан мен Еуропаны жалғастырған достық


Асылбек пен бала Митя табиғатты айрықша жақсы көруші еді.
Асылбек пен бала Митя табиғатты айрықша жақсы көруші еді.

Алматыға жету үшін Франкфурт әуе жайының күту залында отырмыз. Кенет көп еуропалықтар ішінен бір әйел кісі сәл асыққандай, тіпті бір сәт әбіржігендей кейіппен біз отырған бұрышқа қарай беттеді.

Бізге жақындар-жақындамастан:
-Қазақсыңдар ғой, ә?- деді салған беттен.
-Иә, қазақпыз,- деген бізді:
-Oй, шіркін бауырларым-ай, сағындым ғой сендерді,-деп бас салып құшақтап, бауырына қысып жатыр. Біз үшін бұл бір- күтпеген көрініс, әрі сағынышқа толы көңілімізді туған жерге қарай жалғап жіберер бауырмалдық сәт болды. Шұрқырастық та қалдық.
-Әулие атаданмын,- дейді. Германияға көшіп кеткеніне бірнеше жыл өтсе де, әлі солай дейді.
-Кәзіргі атымен әдейі атап отырмын, бұрынғы Жамбыл ғой,-деп қосып қояды арасында.
-Қазақстан жайлы жаңалықтарды жібермеуге тырысамын. Жақсы өзгерістеріне қатты қуанамын. Қанша дегенмен туған жерім ғой. Барлық достарым, бала кезден құлын-тайдай тебісіп өскен құрдастарым сонда қалды ғой,- деді Елизабет апай. Қазақша “майын тамызып” сөйлегеніне таң қалып отырған мен жоқ. Себебі, өскен ауылым Көктеректе де мен ес білгелі талай неміс отбасылары тұратын еді. Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейінгі жылдарда “Ата-бабамыздың қонысы ғой”,- деп солардың көбісі Германияға көшіп кеткен болатын. Қазақша мақалдатып-мәтелдеткенде, анау-мынау сөзге олақ қазағыңды жаңылыстырушы еді. Сондықтан Франкфуртте кездескен жол серік апамның әңгімелерін жымиып қойып тыңдаумен болдым.
-Мұнда жағдайларыңыз қалай?-деймін арасында.
-Е-е, жағдай жаман емес қой. Келгеннен кейін бірнеше ай ішінде үй де берді, көмек ақшаларын да алып келеміз, жұмыс істеймін дегендерге де жол ашық. Бәрі бар-ау, бірақ туған жердегі достарыңның орынын ешкім баса алмайды екен,-дейді Елизабет апай.
Күйеуім осыдан бір ай бұрын, шыдамастан ерте кетіп қалды. Оның сөмкелерін де базарлықпен сықап жіберген едім. Тағы арқалап келемін. Багажға тапсыратын заттарымның салмағы артып кеткеннен кейін, қалғанын амалсыз қолыма алдым,-деді толып жатқан буыншақ-түйіншектерін көрсетіп. -Қазақ достарым, жекжаттарым көп. Әрқайсысының үйінде талай тойлар өткен. Келін түсіріп, немере сүйген дегендей... Бас- басына сыйлық алуға тырыстым,-деп бір тоқтады ол кісі. “Жекжаттарым көп” дегеніне қарап,
-Қазақпен қыз алысып, қыз беріскен жайыңыз бар-ау деймін,- дедік тұтқиылдан.
-Ондайымыз болған жоқ. Дегенмен сыйласып жүрген, дос қазақтардың рулас бір туысындай болып кеткен едік. Олар Құда шақырса, жекжаттардан бір шаңырақ ретінде, жаңа құдаларға дастарқан жаюдың бір кезегін бізге беретін. Қамырын жайып тұрып, ет асып, дәмге шақыратынбыз. “Руың кім?” деп әзілдеп сұрағандарға: “Жаңабаймын, сиқыммын” деп достарымыздың руын, олардың туысы сияқты, айта беретінбіз. Ол әзілдерімізге қазақ достарым мәз болысатын. Қазақ деген қонақжай, бауырмал халық қой.
-Қазақстан жайлы жаңалықтарды жібермеуге тырысамын. Жақсы өзгерістеріне қатты қуанамын. Қанша дегенмен туған жерім ғой. Барлық достарым, бала кезден құлын-тайдай тебісіп өскен құрдастарым сонда қалды ғой,- деді Елизабет апай.
Өкінішке орай, кейбір достарымның үйіне бата оқып баратын жағдайымыз да болып тұр. Өмір бар жерде қаза бар деген... Бір досымның асын беретін еді. Соның шығынын көтеріссек пе дейміз. Күйеуім де бір себептен, сол асқа әзірлікті алдын-ала бастау үшін ерте кетті Қазақстанға,- деді Елизабет апай мұңайған кейіппен.
Осы сәт біздің ойымызға Асылбек аға және оның Германияда тұратын досы Дмитрий оралған еді.

Асылбек аға Сырымбетовты біз алғаш 1990 жылдың жазында көрген болатынбыз. Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданы, Амангелді колхозындағы Тастұмсық деген жерде қорықшы еді. Туған жерінің әрбір тасы, әр түп ағашы, бір уыс шөбіне дейін ол кісі үшін қымбат екені салған жерден байқалатын. Жұбайы Бүбіханның да имандылығы, туған жерге деген қамқор көңілі жүзінен төгіліп тұрғандай еді. Ол кісілердің бақылауындағы жердің әр түп қарақаны, жылғалап аққан таза суына дейін қамқор көңілмен бапталуда екені аңғарылып тұрған-ды. Сөз арасында Асылбек аға “мектеп балаларына табиғатты қалай күтіп, қамқор болу керектігі жөнінде арнайы пән өткізілсе ғой”, деген арманын да айтып қалды. “Біз кетеміз. Осының бәріне ие солар ғой”,-деген ойының да шетін шығарған еді.

Сөйткен есіл азамат... Қорықтың толып жатқан шаруасының біріне, үш аяқты мотоциклымен, шапқылап келе жатқан сәтінде... Алдынан жеңіл аутокөлігін атойлатқан ауылдасы шыға келген екен. Салдырлаған үш дөңгелекті ескі көліктің өзін де, иесін де көзге ілмесе керек қой... Есіл ер көлігімен бірге сайға домалап бара жатты. Таза болмысты, бала көңіл бір азаматымен ауылы осылайша аза тұтып қоштасты.

Бала кезден туған жердің топырағын шаңдатып, шапқыласып бірге өскен, ең жақын досы Дмитрий Авдеев те алыста еді. Советтік темір перде алынысымен, ол да ата-бабасының мекені, Германияға қоныс аударған болатын. Алыста жүріп осы қайғылы қазаны естігенде Дмитрий досы қатты күйзеліпті. Арнайы келіп, асыл досы Асылбегінің жылын, ешкімге салмақ салмастан, қаржылық жағынан толық өзі атқарған екен. Айнала-төңіректегі жұрттың бәрін шақырып, мұсылманша құдайы тамақ-ас берген. Кейін көңіл айта барғанымызда ел-жұрты олардың достықтарын ауыздарының суы құрып, айтып отырысты.

Дмитрий дос туған жерін сағынған сайын Тастұмсыққа келіп, екі жылда бір рет аунап-қунап, демалып қайтады екен. Асылбектей достарымен асық ойнап, құлын-тайдай тебісіп бірге өскен сай-сала, қыраттарын асықпай аралайтын көрінеді. Достық деп осыны айтыңыз!
XS
SM
MD
LG