Accessibility links

Мұнайдың бір баррелі 140 долларға жақындаған тұста Франция мен Италияның балық кәсіпкерлері Еуроодақтан жәрдем сұрады. Азия үкіметтері жанар-жағармай қымбаттауына төтеп беретін шара таба алмай отыр.

Жақында Испанияда ауыр жүк машиналары жүргізушілерінің ереуілі болды.
Жанар-жағар май бағасы өскен сайын әлем елдерінде қарапайым адамдардың арасында күнделікті тұрмыс жайында алаңдаушылық ұлғайып жатыр. Бірнеше елде ереуілдер орын алып, кәсіп иелері өз үкіметтеріне қатаң талап қоя бастады. Дүйсенбі күні бұлардың қатарына Испания автожүк тасымалы компанияларының жүргізушілері қосылды. Олар дизельдің екі есе қымбаттағаны кәсібімізді қиындатты деп наразы. Испания жүргізушілері Франция мен Испания арасындағы жолды жауып тастады, өзге елдердің жүргізушілерін өткізбей қойды.

Тосқауылдан өте алмаған Португалия жүргізушісі жағдай туралы былай дейді:

- Франция шекарасына келгенімізде полиция ауыр жүк мәшинелерін басқа жаққа бұрып жатты. Испаниялық жүргізушілер машиналарын алдымызға қоя бастады да, бізге тас атты. Олар тіпті дөңгелектерімізді жармақ болды.

Испаниялық жүргізушілердің алдында өткен аптада Франция мен Италия балық кәсіпкерлері ереуілдетті, олардың демонстрацияларында қақтығысқа жол берілді.
Испания жүк машиналарын жүргізушілердің жолды бөгеп тұрған сәті. Валенция, 10 маусым, 2008 жыл


Жанар- жағармайдың күрт өсуі Азия елдері үкіметтерін де тығырыққа тіреді. Олар жанар-жағармай бағасын төмен деңгейде ұстап тұру үшін өтемақы төлеп келеді. Мәселен, Малайзия үкіметі мемлекет бюджетінің үштен бірін жанар-жағармай субсидияларына жұмсайды, алайда қазір өзі де қаржы тығырығына тірелді. Малайзия үкіметі мәселені жеңілдету мақсатында бензин бағасын 40 пайыздан аса, дизель бағасын 60 пайыздан аса өсірді. Бас министр Абдұлла Ахмад Бадауидің беделі онсыз да төмен еді, бұдан соң халық көшеге шығып, ел астанасы Куала Лумпурда жексенбі күні демонстрация өтті, жұрт үкіметтің таратылуын талап етті.

Мұндай демонстрациялар 7 маусым күні Үндістанның Джаркханд провинциясында да өтті. Үндістан Коммунистік партиясы штат комитетінің хатшысы Шивенду Сен үкімет тарабына мынандай сын айтады:

- Үкімет соңғы үш айда бензин бағасын екі есе өсірді. Бұған қарсы үгіт жүргізіп, наразылық таныттық. Олар шарықтап жатқан бағаларды ұстай алмай отыр, қаржы министрі Чидамбаран мен бас министр Манмохан Сингх мәселені шешудің орнына ақылға симайтын түсінік пен себеп айтады.

Дегенмен, жекелеген үкіметтер мұнай мен газдың қымбаттауына қарсы көп шара қолдана алмайтын сияқты. Үкімет басшылары ОПЕК ұйымына қайырылып, мұнай өндірісі көлемін арттырып, бағаны төмендетуге шақырады. ОПЕК ұйымына қатысатын үкімет басшылары болса әлемде сұраныс та артып келеді, мұнай өндірісі де өсіп келеді, баға өсуі бізден емес дейді. Мұнай бағасы негізінен америкалық доллардың әлсіреуінен және биржалық ойындардың себебінен өсіп жатыр делінеді.
XS
SM
MD
LG