Accessibility links

Теһран өлім жазасын кейінге қалдыруға көнді


Иран кәмелетке толмай тұрып-ақ кісі өлтірген 2 жігіттің өлім жазасына тартылуын кейінгі қалдырды. Олардың өмірін сақтап қалу үшін өлгендердің туыстарымен ымыраға келу шаралары қарастырылуда.

Иранның сот билігі 18-ге толмаған жастарында кісі өлтірген қылмыстары үшін өлім жазасына кесілген 2 жас жігіт – Беһноуд Шоджаи мен Мохаммад Федаидің (Behnoud Shojaie, Mohammad Fedaie) ауыр жазасын орындауды 1 айға кейінге қалдыру туралы шешім шығарды. Оның алдында ғана адам құқы бойынша Ұлттар Ұйымының Жоғарғы Комиссары Луиза Арбур Иран үкіметіне ауыр қылмыстар істеген 4 бозбаланы, оның ішінде әлгі 2 жас жігітті, өлім жазасына кескен сот шешімін бұзуды өтініп хат жолдаған болатын. Өз хатында Луиза ханым ресми Теһраннан адам құқы бойынша өзінің халықаралық міндеттерін бұлжытпай орындауын талап етті. Ол міндеттемелерге сәйкес, қылмыскер айыппұл төлеп, жазасын тек түрмеде өтеуге тиіс.
Иран баспасөзінің хабарына қарағанда, Шоджаи мен Федаи – сәрсенбі күні Теһрандағы аты-шулы “Эван” түрмесінде дарға асылуға тиіс 11 қылмыскердің ішінде болған көрінеді. 2 жас қылмыскердің адвокаты Мохаммад Мостафай – “Фарда” Радиосына берген сұхбатында – өлім жазасына тартуды тоқтату үшін адам құқын қорғайтын ұйымдардың Иранды жан-жақтан қысымға алғанын мәлімдеді.
“Біз әлгі қылмыстық істердің күмәнді тұстары мен проблемаларының барлығын көрсетіп хат жаздық. Оған қоса адам құқын қорғайтын қайраткерлердің талайы өлім жазасының іске асырылуын қайтқан күнде тоқтатуға бар күшін салды”.
Иранда кісі өлтіргені, зинақорлық жасағаны немесе ерінің, не жарының көзіне шөп салғаны үшін, есірткі сатқаны, кісі зорлағаны, қарулы қарақшылық істегені, Отанын сатқаны үшін өлім жазасына кесіледі. Соңғы жылдары адам құқын қорғайтын халықаралық ұйымдар Иран үкіметін өлім жазасын, әсіресе кәмелетке толмаған жас қылмыскерлерге қарсы, тым көп қолданғаны үшін өткір сынап келді. Штаб-пәтері Лондонда орналасқан “Amnesty International” ұйымы Иранды жылына шамамен 317 адамды өлім жазасына тартатын бүкіл әлемдегі “екінші баскесер ел” деп атады. “Amnesty International” ұйымының “қара тізімінде” Иран - жылына 470 кісіні өлім жазасына тартқан Қытайдан кейін ғана екінші болып тұр. Иран Ислам Республикасы адам құқын өзінің өрескел бұзып жатқанын түбегейлі теріске шығарып, “екіұшты стандартты” қолданады деп Батыстың өзін айыптады.
Адам құқын қорғайтын халықаралық ұйымдар мен Иранды қысымға алу науқанына белсенді атсалысқан феминистік топтар ресми Теһранға қылмыстық жауапкершілікке тартудың жастық шегін көтеруге шақырған үндеу жолдады. Осы күні Иранда қылмыс істеген қыздар 9 жасынан, ал ер балалар15 жасынан бастап жауапқа тартылады.

XS
SM
MD
LG