Accessibility links

Өзбекстан: түрмедегі С.Умаровтың өміріне қауіп төніп тұр


Санжар Умаровтың "Күншуақты Өзбекстан" коалициясынан алынған суреті
Санжар Умаровтың "Күншуақты Өзбекстан" коалициясынан алынған суреті

Өзбекстанда түрмеге жабылған “Күншуақты Өзбекстан" коалициясының басшысы Санжар Умаровтың денсаулық жағдайы өте нашар және оның өміріне қауіп төніп тұр деп, Азаттық радиосына оның туыстары хабарлады.

Шілденің 24-і күні Санжар Умаровтың ұлы Ғұламбек Умаров Нью-Йорктегі Біріккен Ұлттар Ұйымында Өзбекстандағы саяси тұтқындар туралы мәлімдеме жасайды.

Ғұламбек Адам құқықтары жөніндегі декларацияның 60 жылдығына арналған “Батыл дауыстар: саяси тұтқындардың атынан сөз сөйлеу” деп аталатын сарапшылар тобының жұмысына қатысып отыр. Онда 6 мемлекеттен саяси тұтқындардың туыстары сөз сөйлейтін болады.

Ғұламбектің айтуынша, оның әкесі Санжар Умаров Өзбекстандағы түрмеде қинап- азапталған көрінеді. Себебі Ғұламбектің бауыры әкесін көру үшін өткен аптада Бухара қаласындағы Қызылтепа абақтысына барған кезде Санжар Умаровтың денесінің кей жерлері көгергендігін көріпті.

“Әкем мүлде басқа адам болып қалған. Ол өте қатты арықтаған. Сұрақтарға жақсылап жауап бермейді. Ылғи ары-бері жүріп “сұмдық-сұмдық, мен неге бұл жерге келдім?” деп өз-өзіне айтады. Оның тілерсегінен жаңа соққының іздері байқалады. Бұдан бұрын кеудесі мен белін да ұрған сияқты, себебі денесінің ол бөліктері сарғайған. Бауырым “Папа, табаныңызды көрсетіңізші” деп сұрапты бірақ әкем көрсетпепті. Ал тырнақтарының түсі түсініксіз болып қалған. Олар майыстырылған, яки ұрылған, немесе күйдірілген сияқты. Әкем ешбір сұраққа жауап бермейді, сөйлеуге қорыққан”, - дейді Ғұламбек.

Санжар Умаровтың әйелі мен 5 баласы Теннесси штатының Мемфис қаласында тұрады. Сол жерден Азаттық радиосына сұхбат берген Ғұламбектің айтуынша, Санжар Умаров бүкіл маусым айында түрмеден жоғалып кеткен. Умаровтың қайда екендігін білу үшін оның отбасы түрме әкімшілігімен және Ішкі істер министрлігінің департаментімен байланыса алмаған. Ғұламбектің айтуынша, оның әкесі қинап- азапталғандықтан, түрме басшылары оны жасырған.

Санжар Умаровтың отбасы оның денсаулық жағдайына байланысты алаңдаушылықтарын білдіріп, Өзбекстан президенті Ислам Каримов пен Өзбекстанның қауіпсіздік қызметіне, сондай-ақ, Ішкі істер министрлігі мен АҚШ-тағы Өзбекстан елшілігіне хат жазыпты.

“Біз олардан әкемнің өмірін сақтап қалуды және тез арада қинап-азаптау әрекеттерін тоқтатуды сұрадық. Әкем түрмеден босатылуы керек. Егер ол сол жерде қалатын болса және ол осындай жағдайда ұсталатын болса, біз әкемізден айрыламыз”, - дейді Ғұламбек.

Өзбекстанда бірінші мобилды байланыс компаниясын ашқан, әрі мұнай, газ, мақта салаларында батыс елдерінің компанияларымен бірге жұмыс істеген 52 жастағы Санжар Умаров алдыңғы қатарлы кәсіпкерлердің бірі болатын.

2005 жылдың басында ол Өзбекстанда экономикалық реформалардың жүргізілуін талап етіп, “Күншуақты Өзбекстан" коалициясын құрған еді. Ал 2005 жылдың мамыр айында орын алған Әндіжан оқиғаларына байланысты Умаров Өзбекстан үкіметін сынады. Сөйтіп ол сол жылдың қазан айында қамауға алынып, қаржылық қылмыстар жасады деген айыптар бойынша ұзақ мерзімді түрме жазасына кесілді. Кейнірек оның мерзімі 11 жылдан 7 жылға дейін қысқартылды. Умаровтың отбасы мүшелері мен әріптестері оған қарсы қозғалған істің саяси астары бар және айыптар ойдан шығарылды деп мәлімдеген-тұғын.

Ғұламбектің айтуынша, Өзбек билігінен қысым жасалғандықтан, Умаровтың адвокаты мен туыстары Өзбекстаннан қашып кетуге мәжбүр болған.

XS
SM
MD
LG