Accessibility links

Днестр маңы аймағы мәселесі жақын арада шешіле ме?


Модова, Днестр маңы аймағы

Модова, Днестр маңы аймағы

21-23 шілдеде Днестр маңы аймағы мәселелерінің шешілуіне қатысты барлық жақтардың өкілдері Молдовада бейресми талқылауларға жиналды.

Алдымен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы мен Ресей және Украина арағайын ретінде, ал Еуропа Одағы мен АҚШ бақылаушылар ретінде Молдова президенті Владимир Воронинмен және Днестр маңы аймағының “вице-президенті” Александр Королевпен жеке келіссөздер өткізді. Аталмыш аймақтың “президенті” Игорь Смирнов бұл кездесулерге қатысудан бас тартты.

Кейін олар Кишинев пен Тирасполь арасындағы әлеуметтік-экономикалық мәселелер жөніндегі бірлескен сарапшылар тобы басшыларының кездесуіне қатысты. Ал ең соңында, екі жақтың бір-біріне деген сенім арту шараларын алға тарту жөніндегі ұсыныстарын айтқан Молдова мен Днестр маңы аймағының бас мәмілегерлері арасында бейресми кеңесулер өтті.

Мұндай бейресми кездесулер 2006 жылдың ақпан айынан бері осымен екінші рет қана ұйымдастырылып отыр. Оған барлық жақтардың қатысқандығын, көптеген талдаушылар шамамен қыркүйектің аяғына белгіленіп отырған ресми келіссөздерді қайта бастау бағытындағы, оң даму мен жақсы қадам деп бағалауда. Молдова басшылығынан басқасы келіссөздердің алдында Днестр маңы аймағына қатысты даудың шешілуіне байланысты айтарлықтай нәтиже болады деп ешкім үміт білдірмеді.

Ресми келісімдер мен құжаттарға қол қойылмағанымен, Кишинев пен Тирасполь өкілдері бір-бірімен қайта кездесуге келісті. Бұл қадам қоршаған орта мен көлік және гуманитарлық көмек саласындағы сарапшылар тобының жұмысына жол ашу үшін жасалмақшы. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының арнайы өкілі Хейкки Талвити келіссөздердің ең маңызды нәтижесі- екі жақтың кездесуге келіскендіктері болды деп мәлімдеді.

Арағайындардың қатысуымен өткен келіссөздер екі жақтың күн тәртібіне жеңіл мәселелерді шығару арқылы прагматикалық “кішкентай қадам” тәсілін ұстанып, күрделі де даулы саяси және қауіпсіздік мәселелерін кейінгі талқылауларға қалдырған сияқты, дейді Молдованың сыртқы саясат қауымдастығының директоры Андрей Попов.

Ол Кишинев-Тирасполь әдейі саяси шешімді баяулату мақсатында және әлеуметтік-экономикалық проблемаларды көтеру үшін әлгі сенім арту шараларын пайдаланып отыр деп күдіктенеді.

Ал Молдова басшылығы болса сенім арту әрекеттерін жалпы дауды шешу үдерісінің бір бөлігі ретінде қарастыру керек, сонда ғана проблемалар шешіле бастайды деп ойлайтын тәрізді, деп атап көрсетеді Попов.

Молдова 2006 жылы жасалған Ұсыныстар пакеті талқыланып, ең соңында мақұлданады деп үміттенеді және бұл бағытта ол бір жылға жуық уақыттан бері жұмыс атқарып келеді. Бұл ұсыныстарды Молдова мен Ресейдің басты мүдделері негізінде ортақ шешімді табуға тырысқан Молдова сарапшылары жасаған болатын.

Қысқасы, бұл ұсыныстар екі жақты арадағы проблемаларын шешуде ымыраға келуге шақырады. Мысалы егер бейтарап мәртебесі расталып, елді қарусыздандыру мәселесі және Днестр маңы аймағындағы Ресейдің мүлігіне қатысты құқықтар шартсыз мойындалатын болса, онда Мәскеу қарулы күштерін Молдовадан шығаруға келісуі тиіс делінеді әлгі ұсыныстар пакетінде.

Сонымен қатар, маңызды мәселелердің арасында Днестр маңы аймағына кеңірек автономиялық мәртебе беру, Кишинев пен Тирасполь арасында құзырдың анықбөлінуі, орталық функциялық органдар, сондай-ақ, Молдова парламентінде Днестр маңы аймағына пропорцияналдық орындар берілуі қарастырылуы тиіс делінеді.

Аталған мәселелердің ең соңғысы аса маңызды деп есептеледі, себебі ол келесі жылдың наурыз айында Днестр маңы аймағымен бірге Молдова парламентіне сайлаулар өткізуді білдіреді деген сөз. Жеке сайлау ауданы ретінде бұл аймаққа парламенттен белгілі бір көлемде орындар берілуі тиіс болады.

Алайда, мұның бәрін іске асыру үшін сайлаудан бірнеше ай бұрын Молдова өзінің сайлау туралы заңына толықтырулар енгізуі керек болады дейді Попов.
XS
SM
MD
LG