Accessibility links

Абай және Ислам

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Шабыттың көк жорғасы-ұшқыр қалам

Шабыттың көк жорғасы-ұшқыр қалам

Қазақ халқының рухани әлеміне Абайдың (Ибраһим Құнанбайұлының) қосқан айрықша үлестерінің бірпарасы оның “Қара сөздерінде” атойлап алдыңыздан шығады.

Дана Абайдың әрбір жыры-ұлағат, "Қара сөзі"-тұнған тәлім. Ал, мұндай тұңғиық данышпандықтың түгесілмес тұма бұлақтардан бастау алып, терең иірімдерге айналғаны сөзсіз ғой. Сол тұма бұлақтардың бастауын қайтсек таба аламыз? Ол сауалға жауап беру үшін көп бас қатырудың, сәуегейсудің мүлдем қажеті шамалы. Бар болғаны ақынның өз шығармаларына ден қойсаңыз болғаны. Ұлы ақынның “Қара сөздеріне” қайрылайық. Ақынның 45 қара сөзден тұратын топтамасындағы әфсаналарының кез-келгенін оқи бастасаңыз, биіктік пен шексіздік әлемі сізді өзіне шақырып тұрғандай әсер қалдырады.

“... малды сарып қылып, ғылым табу керек. Өзіңе табылмаса, балаң тапсын. Ғылымсыз ахирет те жоқ, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған қаж ешбір ғибадат орнына бармайды”,- деп ой түйеді ақын Оныншы сөзінде. Қасиетті Құрандағы Әл-Имран сүресінің 18-аятында: “Алладан басқа сыйынуға лайық Құдырет жоқ екендігіне Құдай куәлік береді. Періштелер және білім мен әділдікке ие адамдар да: Одан басқа Алла жоқ, Ол аса ұлы, ерекше Дана, деп қайталайды”,-деп, Алла Өзінің бірлігі мен құдыретіне Өзі куәлік берген. Яғни даналық қасиет терең иманмен жинақталған білімге тұрақтайды екен. Осылайша біз кемеңгер Абайдың білімділікті насихаттағанда осынау ұлы Заңдылыққа маңдай тірегенін аңғарамыз. Бұл пікірін ақын Жиырма бесінші сөзіндегі: “Құдайдан қорық, пендеден ұял, балаң бала болсын десең-оқыт, мал аяма!”-деген пікірлерімен одан әрі бекіте түскендей.

“Кітаптан оқу, молдалардан есту бірлән иман келтіріп, сол иман келтірген нәрсесіне соншалықты беріктік керек. Біреу өлтіремін деп қорқытса да, мың кісі мың түрлі іс көрсетсе де, соған айнып, көңілі қозғалмастай берік боларға керек. Бұл иманды иман таклиди (дәстүрлі иман) дейміз”. Аталған үзінді Абай ойшылдың Он үшінші қара сөзінен келтіріліп отыр.
Ал Құрани кәрімнің 3-сүресіндегі 140-аятта “Адамдардың арасынан иман келтіргендерді танып, олардың ортасынан шейіт кететіндерді таңдау үшін Біз адамдардың тағдырын өзгертіп отырамыз”,- дейді. Жаратушының бұйырғандарымен осынау терең үндестікте болуы ақын Ибраһим Құнанбайұлының шығармаларына биіктік пен оқырманы ұдайы тамсанып жүрердей кеңдік беріп отыр.
Исламға қатысты мұндай терең мағыналы ойларды "Қара сөздерден" көптеп табуға болады. “Адаспай тура іздеген хакимдер болмаса, дүние ойран болар еді”,- дейді ақын Отыз сегізінші қара сөзінде. Ал, Қасиетті Құранның 62-сүресінің 5-аятында: “Жаратушыдан жеткен ілімді теріске шығарғысы келгендер, (бұ дүниеде) не болса соны малданып жүреді”,-деп ескертеді Рахман, Рахим болған Қамқоршы.

“Құдайдан қорық, пендеден ұял, балаң бала болсын десең-оқыт, мал аяма!” Абай
Бұл орайда Ибраһим Құнанбайұлы шығармашылығының молынан зерттеліп, кеңінен таралуына қайталанбас үлес қосқан академик-ғалым, классик-жазушы Мұхтар Әуезов “Қазақ халқының ұлы ақыны” атты мақаласында былай деген екен: “...Абай бірсыпыра өлеңдерінде, әсіресе “Қара сөздерінде” дінді жақтады. Дидактикалық өлеңдеріндегі насихаттың бірқатарын Абай Ислам заңдарымен дәлелдеді”.
“Әр наданның біз тариқатқа (сопылар жолына) кірдік деп жүргені біз бұзылдық дегенімен бір болады”, деген ұлы Абайдың Отыз сегізінші сөзіндегі кесімді де терең ойларына орай “Қазақ халқының ұлы ақыны” атты мақаласында жазушы Мұхтар Әуезов “...бүкіл жердегі өмірді, оның ішінде қоғамдық өмірді қайта құру жолындағы күресті жоққа шығарған суфизмге Абай мейлінше қарсы..”, деп баға берген еді.

...Енді ақынның Он бесінші Сөзіне ден қоялық. “Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәрте, болмаса жұмасында бір, ең болмаса, айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өміріңді қалай өткіздің екен. Не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?”-дейді ұлы Абай. Ислам әлемінің екінші халифі Омар Хаттабұлының айналасындағыларға дәл осындай уағыз айтып жүргені тарихи еңбектерде молынан қамтылған.
Ал, Отыз алтыншы сөзінде Ибраһим Құнанбайұлы осы ойын одан әрі дамытып, “Ұят деген- адамның өз бойындағы адамшылығы. Демек, иттігіңді ішіңнен өз мойныңа салып, сөгіп, өзіңе- өзің қылған қысымыңның аты... Мұндай қылыққа жетіп, ұялған адамға өкпесі бар кісі өкпесін кешпесе, яки оның үстіне тағы аямай өртендіріп сөз айтқан кісінің өзінің де адамшылығы жоқ десе болар” дейді. Бұл орайда әл-Бұхаридің Сахих Хадисіндегі “Иман кітабында” Мұхаммед пайғамбар салла Аллаху алейхи уассаламның “Ұят- иманнан!” деген сөзі келтірілген екен.
Қорыта айтқанда, шығармаларына, оның ішінде "Қара сөздеріне" ой жүгірткен жан Абай ақынның Қасиетті Құран мен шынайы Хадистерді басшылыққа ала отырып, ғұмыр кешкеніне, өзі жинақтаған ілімін кейінгілерге ұлағат етіп қалдыруға тырысқан даналығына қайран қалары сөзсіз.
XS
SM
MD
LG