Accessibility links

Орта Азия елдері су тапшылығына тап болып отыр


Қыста тауға қар көп түсті, алайда жазда су тапшылығы қинап тұр.
Қыста тауға қар көп түсті, алайда жазда су тапшылығы қинап тұр.

Қырғыз және Тәжік елдері су қоймаларындағы судың аздығы қыстың қамын жаздан ойлауға оларды мәжбүрлеуде. Әйтпесе, қыста жылусыз, жарықсыз қалулары мүмкін.

Су тапшылығы проблемасы Орта Азияда осыдан бір ай бұрын өткір қойыла бастаған болатын. Қырғызстан және Тәжікстанның таулы аймақтарына қалың түскен қар суының су қоймаларына дейін жетпеуі су деңгейінің төмендеп кетуіне тікелей әсер етіп отыр.

Орта Азия суларының 85 пайыздық қоры осы қос елге тиесілі. Мысалы Тәжікстанның Нурек қоймасындағы су деңгейі өткен жылы 897 метр 25 сантиметр болса, биыл ол көрсеткіш 885 метр 82 сантиметрге дейін түсіп кеткен. Яғни өткен жылғымен салыстырғанда 11 метрге төмен деген сөз. Биылғы қыс басында бұл су деңгейі жылдағысынан 16 метрге түсіп кетеді деген қауіп айтылуда. Сондықтан электр жарығын мөлшерлеп бөлу туралы Тәжік үкіметіне ұсыныстар жасалуда.

Қырғызстанда болса Сырдария және Амудария өзендеріндегі су деңгейі былтырғысынан 8 миллиард текше метрге, ал Тоқтоғұл су қоймасында 15 пайызға азайып кеткен. Бұл деген сөз су-электр бекеттері жұмысының баяулағанын білдіреді.

Шілденің 24-де Қырғыз президенті Құрманбек Бакиев үкімет отырысында энергияны үнемдеп жұмсаудың алғашқы қадамдарын жасауға назар аударған болатын. Бұған орай “ел энергия дағдарысына жақындап қалды” деп жарияланды.
Қырғыз ресмилерінің жазғы демалыстарын доғарып, қысқа әзірлікке қазірден кірісулеріне, демек мүмкіндігінше көмір және жанар-жағар май арқылы жылу таратуға дайындалуға пәрмен берілді.

Қазірден бастап Бішкектің ішіндегі және сыртындағы жекеменшік үйлерге, сондай-ақ көпшілік моншалар мен сауналарға жылу беруді тоқтатуға Бакиев бұйрық етті.

Тоқтоғұл су қоймасы жұмысын тоқтатса, онда басқа барлық шағын су қоймаларының жұмыстары тоқтап, мұндай жағдайда елде жылу беру жүйесінің тығырыққа тірелетінін президент ескертті. Ондай жағдайда өндірістер мен шағын бизнестер жүрмей, халық қараңғыда қалады деді Бакиев.

Тоқтоғұл су-электр бекеті өз жұмысын, мұндағы су деңгейі 5 миллиард 500 миллион текше метрге түсіп кеткен жағдайда, тоқтатады екен. Өнеркәсіп министрлігінің есептеулеріне қарағанда, суды қазіргі деңгейде жұмсау үдерісі жалғаса беретін болса, онда Тоқтоғұл су қоймасы жұмысын алдағы қаңтар айында доғаруы мүмкін.

Мұндайда ең әуелі еске оралатын шара- аталған су қоймаларынан су бөлуді азайту немесе мүлдем тоқтатып тастау болып отыр. Бірақ бұл-оңай шаруа емес.

Тоқтоғұлдан кейін қырғыз суы Сырдария өзеніне барып қосылады. Әуелі Өзбекстан, содан кейін Қазақстан арқылы өтетін ол өзеннің суының азайып кетуі бұл елдердің суармалы шаруашылықтарына тікелей кері әсерін тигізетіні сөзсіз.

Қырғыз жағының жоғарыдағы шешімін Өзбек үкіметі біржақты байлам деп айыптап отыр.

Азаттық радиосы қырғыз бөлімінің “Ыңғайсыз сауалдар” атты теле бағдарламасында, шілденің 6-да сөйлеген сөзінде Қырғызстанның Энергетика министрі Акылбек Тумонбаев:
“Қазіргі кезде Тоқтағұл су қоймасында 9 миллион 270 мың текше метр су бар”,- деді.

Осы жылдың басында 4 ел өкілдері басқосқан болатын. Алайда суды пайдалану бойынша ортақ мәмлеге келісе алмады.

Қазір Қырғызстан қиын-түйін алдында тұр. Егер қысқы жылуды ойлап, су қоймасынан су бөлмесе, онда аймақ астықсыз қалмақ. Ал, суды сақтамаса, қыста суықтан бүрсеңдемек.
XS
SM
MD
LG