Accessibility links

Ресей Оңтүстік Осетиядағы соғыс үшін Грузияны айыптауда

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Оңтүстік Осетия халқы баспана іздеп босуда

Оңтүстік Осетия халқы баспана іздеп босуда

Грузин тарапы Оңтүстік Осетиядағы жанжалды Ресей басқыншылығы десе, ал Ресей ресмилері мен мемлекеттік басылымдар оны "Грузияның жасап отырған адамзатқа қарсы соғысы" деп сипаттауда.

Оңтүстік Осетияны қайтарып алғысы келген Грузия жеріне санаулы сағаттар ішінде Ресей тантері кіріп, қырғи ұшақтары Грузин қалаларын бомбалай бастады. Грузия күштері бұл жікшілдік аймақтан шығып кетуге мәжбүр болды.

Енді міне Ресей ресмилері өздері атқарған ауыр соғыс қимылдарын ақтап алу үшін өздерінше мәліметтер түзіп, идеологиялық майданды бастап кетті. Оңтүстік Осетия азаматтарының көпшілігі Ресей төлқұжаттарына ие. Сондықтан да қарапайым халықты Грузия әскери шабуылдарынан құтқару үшін осындай қадамдарға бардық деген тұрғыда Ресей ресмилері бірнеше мәлімдемелер жасап үлгерді.

Оңтүстік Осетияда этникалық тазалау жүргізді деп Грузия шабуылдарын Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров айыптады. Ал Ресей президенті Дмитрий Медведев тамыздың 10-ы күнгі сөзінде: “Грузия тарапының жасаған әрекеттерін геноцид демеске шара жоқ. Себебі ол шабуылдар кең көлемде жүргізілді және қарапайым азаматтар мен бейбітшілікті сақтау міндеттерін атқарушы күштерді көздеді. Сондай-ақ бізге жеткен ақпараттарға қарағанда өте ауыр қылмыстар жүзеге асқан. Адамдар өлтірілген, өртелген, танкімен тапталған, кеңірдектерінен бауыздалған”,- деді.

Грузия геноциді жөнінде қазір Ресей саяси билігінде қайталана айтылуда. Ресейдің БҰҰ-дағы елшісі Виталий Чуркин ұйымның бас пәтерінде Ресей бағытын мейлінше қорғады. Ал, адам хұқы бойынша омбуцмен Владимир Лукин болса, Оңтүстік Осетиядағы адам өлімдеріне айыптыларды жазалайтын халықаралық трибунал құруға шақырды.

Ресей теледидарлары “Цхинвалидегі адамзаттық апат” деген тақырыппен қиратылған үйлер мен жаралы азаматтар және жылап жатқан балалардың суреттерін көрсетумен болды. Алайда Грузияның Гори және Поти қалаларына Ресей әскерінің шабуылдары туралы ол хабарларда айтылмады.

Кейбір саясаткерлердің айтуынша, соғыс қимылдарын бұлайша біржақты көрсету және соғысқа орай ресмилердің қатаң мәлімдемелерінің қаптап кетуі Ресейде ксенофобия проблемасының өрши түсуіне апаруы мүмкін.

Мәскеу полициясы пойыз бекеттеріндегі қауіпсіздік шараларын одан әрі күшейтіп, Кавказ аймағынан келушілердің құжаттарын мұқият тексеруде.

Ресейде 2006 жылы орын алған Грузияға қарсы шаралар қайталана ма деп талайлар қауіптенуде. Ол жолы Тбилисиде Ресей құпия қызметі 4 офицерінің жансыздық жасады деп айыпталып, тұтқындалуына жауап ретінде ресми Мәскеу елден бірнеше жүз Грузин азаматтарын, оның ішінде мектеп оқушылары да бар, шығарған болатын. Сондай-ақ Грузиямен арадағы көлік байланыстарын тоқтатып, оның азаматтарына виза беруден бас тартып, Ресейдегі грузин азаматтары бизнестерін қатаң тексеруге алған еді.

Сыртқы саясат мәселесінде де Оңтүстік Осетиядағы жанжал Кремлге оңтайлы мүмкіндік бермекші. Атап айтқанда президент Михаил Саакашвилидің Грузияны НАТО құрамына өткізу жөніндегі үміттеріне тас-талқан етіп соққы беру мүмкіндігі Ресей үшін туындап отыр. НАТО-ға қосылу идеясы көптен бері Ресейдің қытығына тиіп келе жатқан-ды.

Көптеген ресейліктер бұл жанжалдың астарындағы себептерді білмейді. Себебі олар инфляция, кедейлікпен күрес сияқты экономикалық проблемалармен әуре дейді сарапшылар.
XS
SM
MD
LG