Accessibility links

Оңтүстік Осетиядағы соғыс қимылдары әлі жалғасуда


Грузия президенті М. Саакашвили мен Франция сыртқы істер министрі Б. Кушнер

Грузия президенті М. Саакашвили мен Франция сыртқы істер министрі Б. Кушнер

Ресей мен Грузияның арасындағы соғыс қимылдары әлі жалғасу үстінде. Соңғы хабарларға қарағанда, Ресейдің соғыс ұшақтары Грузияның бірқатар елді-мекенін, оның ішінде Тбилисиді бомбалаған.

Грузия президенті Михаил Саакашвили грузин-осетин жанжалын шешу туралы Францияның ұсынған бейбіт жоспарына қол қойды. Осы құжатта соғыс қимылдарын тоқтатып, шайқасқан екі жақтың – Ресей мен Грузияның әскерлерін Оңтүстік Осетиядан шығару жолы қарастырылған. Бұл жоспарға М.Саакашвили Францияның сыртқы істер министрі Б.Кушнердің көзінше қол қойды. Біздің тілшіміз Георгий Кобаладзенің хабарлауынша, енді Б.Кушнер бұл құжатты Ресей президенті Д.Медведев пен премьер-министр В.Путинге ұсыну үшін Мәскеуге ұшып барады.

Ресей президенті Д.Медведев мәлімдегендей, Ресейдің бітім күштері Оңтүстік Осетияда Грузияны бітімге күштеп көндіру операциясының басым бөлігін аяқтады. Оның айтуынша, Оңтүстік Осетияның астанасы – Цхинвали құрамы ұлғайтылған ресейлік бітім күштерінің қадағалауына өтті. Ресейдің Бас штаб бастығының орынбасары, генерал Анатолий Ноговицин Мәскеуде журналистерге Ресей армиясы Оңтүстік Осетиядан тыс Грузияның басқа жеріне басып кірмейді деп мәлімдеді.

Ал Тбилисиде грузин президенті М.Саакашвили Мәскеу Грузияның қазіргі билігін ауыстырып, Кавказ арқылы өтетін шикізат тасымалына бақылау орнатуды көздейді деп мәлімдеді.

Бүгін де Оңтүстік Осетиядағы Ресей мен Грузия әскерлерінің арасындағы шайқастың қарқыны басылған жоқ. Грузияның сыртқы істер министрлігі мәлімдегендей, Ресейдің 50-ден астам соғыс ұшағы Грузияның әуе кеңістігін бұзды. Осы хабарға қарағанда, Ресей ұшақтары Тбилисиді және Коджори қыстағы мен Махата төбесін бомбалады. Ресейлік Интерфакс агенттігінің хабарлауынша, бүгін грузин әскері Оңтүстік Осетияның астанасы – Цхинвалиді атқылап, ресейлік 3 бітімгерді оққа ұшырып, тағы 18-ін жаралаған. Бірақ бұл хабарды растайтын бейтарап ақпарат көзі болмай тұр.
Ал Ресей қарулы күштерінің Бас штабы хабарлағандай, Оңтүстік Осетияда Ресейдің 18 жауынгері қаза болып, 52-сі жараланды. Ресей президенті Д.Медведев мәлімдегендей, Ресейдің бітім күштері Оңтүстік Осетияда Грузияны бітімге күштеп көндіру операциясының басым бөлігін аяқтады. Одан бұрын Ресей әскерилері хабарлағандай, Грузияның Оңтүстік Осетиядан өз әскерін түгел шығарғанын хабарлауына қарамастан, жексенбінің түнінде Цхинвалидегі Ресей әскерінің шебін атқылаған. Ресей Бас штабының мәліметі бойынша, Ирақтан Грузияның 800 жауынгерлік бөлімі тартылды. Өз кезегінде Грузияның İшкі істер министрлігі Ресей ұшақтары Гори, Зугдиди қалалары мен Тбилисидің шетіне әуеден соққы берді деп мәлімдеді.

Абхазия мен Оңтүстік Осетияның президенттері – Эдаурд Кокойта мен Сергей Багапш таяу арада әлем қауымдастығынан өз республикаларының Грузиядан тәуелсіздігін мойындауды өтініп сұрау жолдамақшы. Халықаралық қоғам мойындамаған 2 республиканың жетекшілері бүгін өзара телефон арқылы әңгімелескенінде осылай деп уағдаласты.

Дүйсенбі күні Францияның сыртқы істер министрі Б.Кушнер хабарлағандай, Грузия мен Ресей әскерлерінің қақтығысын “бітімге жеткізуге тырысып көру үшін” француз президенті Н.Саркози сейсенбіде Мәскеуге ұшып баруға тиіс. Қазір Еуропа Одағына төрағалық ететін Франция ЕуроОдақтың атынан Грузиядан бөлініп шыққан Оңтүстік Осетиядағы дағдарысты шешуге күш салып жатыр.

Бүгін Ресей грузин-абхаз жанжалы аумағынан әскерін толық шығаратынын жариялап, Грузия әскеріне қаруын тастау туралы үзілді-кесілді шарт – ультиматум қойды. Бітімгершілік күштерінің қолбасшысы Сергей Чабан мәлімдегендей, басқаша жағдайда Ресей жағы күш қолданады. Қаруды ТМД-ның ұжымдық күштерінің бақылау постарына тапсыру керек. Ультиматум қойылғанын Ресейдің қорғаныс министрлігі растады. Оның алдында грузин-абхаз жанжалы аумағы – Грузияның Зугдиди ауданына - ТМД-ның бітім күштеріне Ресей қосымша әскерін жіберген болатын. Абхазияның қарулы құрамалары Кодор шатқалының жоғарғы бөлігін бомбалап жатқанын Абхазиядағы БҰҰ-ның бақылаушылары растады.

Грузияның Оңтүстік Осетиядан өз әскерін шығарып, бітімге келуге шақыруына қарамастан, шабуылды жалғастырып жатыр деп Грузия мен Ресей бір-бірін айыптауда. Ресей генералы Марат Құлахметовтің Интерфакс агенттігі келтірген сөзіне қарағанда, Оңтүстік Осетияның Цхинвали қаласының төңірегіндегі Ресей әскері грузин жағының тосын соққысына ұшырады. Одан бұрын грузин шенеунектері Тбилисидің төңірегі мен Гори қаласына Ресейдің әуеден соққы бергенін мәлімдеді. Эн-Би-Си телеарнасына берген сұхбатында АҚШ президенті Дж.Буш “осы аймақта қантөгіске жол беруге болмайды” деп мәлімдеп, Ресейдің Оңтүстік Осетиядағы іс-қимылын “қисынсыз” деп өткір сынға алды.

Дүйсенбіге қараған түні Ресейдің соғыс ұшақтары Тбилисиді тағы да бомбалады. Ол туралы біздің жергілікті тілшіміз хабарлайды. 2 бомба қаланың қақ орталығындағы Лило ауданында Махата төбесіне түсті. Жергілікті биліктің хабарлауынша, ұшақтар әскери Коджори оқу-жаттығу орталығын нысанаға алса керек. Бомба бос жерге түсіп, ешкім қаза таппаған. Басқа бір хабарға қарағанда, ұшақтардың көздегені жақын орналасқан радар стансасы болса керек. Жарылыстың жаңғырығы қаланың барлық шетіне естілген. Жарылыстан үйлердің терезелері сынған.


Ресей мен Грузия арасындағы қақтығыстың тағы бір қайғылы салдары – Оңтүстік Осетияда ұлты грузин азамат қалған жоқ. Осы республикадағы грузин ауылдарының тұрғындары баспаналарынан безіп, Грузияның ішкі аудандарына босып кетті. Абхазиямен арадағы шекара бойында орналасқан Зугдиди қаласының халқы түгел көше жаздады. Оған себеп: грузин парламентінің төрағасы Давид Бакрадзе “Қара теңіз флоты соғыс кемелерінің қолдауымен Абхазия және Ресей әскерлері Зугдиди қаласына басып кірмекші”, -деп мәлімдеп, қала халқын “қорғануға" шақырды. Көп ұзамай қалаға президент М.Саакашвилидің өзі келіп, тұрғындарды біршама жұбатты.
Оңтүстік Осетиядағы қақтығыс, сөзсіз, Қазақстанға да әсер етпей қалмады. Атап айтқанда, бүгінгі үкімет мәжілісінде Қазақстан премьер-министрі К.Мәсімов Грузияның Батуми порты арқылы экспортталатын мұнайды ішкі нарыққа қарай бағыттауды ұсынды. Өз кезегінде “ҚазМұнайГаз” ұлттық компаниясының президенті С.Бүркітбаев соңғы күндері Батуми портынан мұнай тасымалының тоқтап тұрғанын атап көрсетті. Осы порт арқылы жылына орта есеппен 1 млн. тоннаға жуық шикізат экспортталып келді. С.Бүркітбаев үкімет мәжілісінде хабарлағандай, Батуми теңіз порты мен ондағы Қазақстанның меншігіне қарайтын мұнай қоймасына (терминалы) ешқандай қастандық әрекет жасалмаған. Грузин әскерилерінің нұсқауымен Қазақстанның жүк таситын кемелері мен барлық танкері порт қайраңынан шығарылған.

XS
SM
MD
LG