Accessibility links

Қырсыздықтың салдары...

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Су бар жерде-өмір бар

Су бар жерде-өмір бар

Тіршіліктің үш тағаны- Күн, Ауа, Су! Жапан далада тіліңіз таңдайыңызға жабысып, шөліркеп келесіз делік. Бір тамшы суға зарсыз..

Мұндай сәтте бүкіл дүние бидайдың бір қауызына сиып кеткендей көрінер еді-ау. “Өз етігің тар болса, дүниенің кеңдігінен не пайда?”

Жә, сонымен төтесінен айтар болсақ, биыл Орта Азия, оның ішінде Қазақстан жері ерекше шөліркеуде. Сырдария өзенінде су аз. Мамандардың айтуынша, оның басты себебі осы өзенге су бөлетін Қырғыздың Тоқтағұл қоймасында су деңгейі жылдағыдан 15 пайызға төмендеп кеткен екен. Бұл үдеріс жалғаса берсе, алдағы қаңтарда ол бекет жұмысын тоқтатпақ. Әлбетте, бұдан былай суды өте аз мөлшерде ғана бөлуге шешім қабылдаған қырғыз ағайындарды әбден түсінуге болады. Арада бұл өзенге ортақ Өзбекстан бар.

Айта кететін жайт- Қырғыз жерінен басталатын өзен жалғыз Сырдария емес. Олардың қатарында Шу өзені де бар. Сол Шудың бойын жайлап отырған қалың елден жеткен хабарларға қарағанда, биыл жұртшылық азық-түлік тапшылығынан қаймығып, егінді мейлінше салған екен. Әрбір тастаған дәні құлақтанып көрінісімен диқан қауым ұзақ көктем егін даласын айналдырып, баптап-ақ баққан еді. Алайда, судың тапшылығынан егіндері күйіп кетіп, егіншілердің салы суға түсіп-ақ тұр екен.

Бір кездері сол Шу өзенінің суы тасып, айналасындағыларды әбігерге салушы еді. Сөйткен дария келе-келе жылап аққан жылғаға айналмаса не қылсын... Совет жылдарында шаруаға қырсыздықтан талай жауһарларымызды жоғалтып алдық емес пе?! Ортақ меншікке кімнің жаны аши қойсын сірә!

Сол Мойынқұмның құмды алқабын тілгілей ауыр экскаваторлар талай-талай тоғандарды қазып тастаушы еді. Онымен су жүгірткен болады. Бір жерінде жағаға жайылып, келесі тұсында су жарықтық өрге қарай екпіндей алмай, тауы шағылып, арнасына кері қайтып жататын.

Талай су құмды далаға осылайша бекерден-бекер сіңіп кететін-ді. Сондайда ақсақалдар қынжылып, шаруа басындағы атқамінерлерге кеңестерін айтуға тырысушы еді. Алайда жоғарыдан түскен бұйрық-жоспарды қайтсе де уақытында орындауды ғана күйттеген басшылардың ондай ақыл-кеңестерге мойын бұруға шамасы да келмейтін.

Сонымен кең даланы айқыш-ұйқыш тілгілей, сызғышпен сызып қойғандай түзу тартылған әлгі тоған-каналдардың табанын көп өтпей-ақ құм қайта көміп, адыра күйде қала беретін. Текке кеткен адам күші мен қайран қаржы, айдалаға жайылып, құмға сіңіп жоғалған жарықтық судың залалын бүгін тартып жатпағанымызға кім кепіл?

Осындай шаруаға қырсыздықтан туындаған апалаң-топалаң тірлікке қынжылған қариялар естелік айтатын еді. Күшаман тоғаншы жайында...
Өткен ғасырдың басында, шамамен колхоздастыру науқанына жетер-жетпес уақыт шамасында Күшаман ата осынау құмды далада небір ғажап тірліктер атқарған екен.

Алла-Тағалам айрықша қасиет берген ол кісі жер жағдайын жақсы танитын “тамыршы” болған деседі. Нақтылай айтқанда сонау шалғайдағы Шудың суын кетпенімен жетелей әкеп, құмды өңірдің небір түкпірлерін егінді алқапқа айналдырған атақты тоғаншы болған екен.

Ен даламен жеке сырласқандай күйде ол кісі жаяу ұзақ шарлайтын көрінеді. Содан кейін ауылдастарын қасына ертіп, кетпендерін асынып, тоған қазуға шығысады екен.
-Тоғанды мына тұспен жүргізіңдер. Ана бір жерден су жайылып кетуі мүмкін, мына бір тұста жерге сіңіп, жоқ болар. Бұл аралықты айналып өтіп, бері қарай түселік...,-деп өзі кетпенімен із тастай көрсетіп жүріп, болашақ тоғанның жобасын шығаратын болған ғой. İзінше ауылдастары қатарласа тұра қалысып, ауыл ұстасы соққан қарапайым кетпендерімен-ақ топырақты құлаштай лақтырғандарына сырттай қараған жанның айызы қанатын деген еді, біз көзін көрген, ғасырға жуық ғұмыр кешкен Айдынбай сияқты аталар.

Сол Күшаман тоғаны Шудың бір кеспек суын да шашау шығармастан егін-жайға жеткізіп отырған. Бірнеше онжылдықтар бойы Мойынқұм алқабына нәр жүгіртіп, қызмет еткен Күшаман тоғанының ескірген жұртын, бала да болсақ, біз де көрген едік.

-Сол тоғанның табанын аршиық, әлі талай жылдар қызмет етеді,- десті қариялар. Алайда партияның сызып берген жоспары одан мәндірек көрінген болатын.

Енді міне, сол бір солақай саясаттың өзі жоғалса да оның қалдырып кеткен ызғары басылар емес. Бүгіндері егін даласы шөлден қаталауда. Ел қамбасына қара күзде қанша астық құйылар екен? Өкінішке қарай, жауабы әзірге белгісіз...

XS
SM
MD
LG