Accessibility links

Ресей-Грузия қақтығысының Каспийдің энергия экспортына әсері


Кавказдағы табиғи газ құбыры

Кавказдағы табиғи газ құбыры

Грузия аймағындағы жанжал Каспий теңізінің табиғи газы мен мұнайын Еуропаға жеткізетін құбыржолдарына қауіп төндірді. Қарулы қақтығыстар Кавказ өңіріндегі жоспарлы құбыржолдарына алдағы жылдары өз салдарын тигізуі мүмкін.

Грузия мен Ресей арасындағы қарулы қақтығыс аяқталғандай болып отыр, бірақ аймақтағы әскери әрекеттердің салдары Кавказ арқылы өтетін энергия экспортының жолына өз кедергісін бірнеше жылға келтіруі ықтимал. Миландық сарапшы Федерико Бордонаро бұл проблеманың Кавказ арқылы өтетін энергия экспортына әсері туралы былай дейді:
“Грузия мен Ресей арасындағы қақтығыс аймақтағы бүкіл геосаяси құрылымдарға әсер етіп, көптеген сарапшылар, бақылаушылар және инвесторлар Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбырына, Баку-Тбилиси-Ерзурум газ құбырына және оңтүстік Кавказдан стратегиялық маңызды көмірсутегіні Батысқа қарай жеткізудегі атқаратын ролін кеңейту жөніндегі еуропалық–американдық жоспарға не болғанын көріп таң болуы мүмкін”.
Баку-Тбилиси-Жейхан құбыржолы жоспар бойынша іске қосылып қойған, 2009 жылы Түркияның портты қаласы Жейханға күніне бір миллион баррель мұнай жеткізеді делінген. Баку-Тбилиси-Ерзурум жылына 10 млд. текше метр газ шығарып отыр, бұл жол толығымен іске қосылғанда, 2012 жылы жоғарыда айтылған көрсеткіш екі еселенеді деген болжам бар. Бұл аталмыш екі құбыржолы да Ресейді айналып өтіп Еуропаға энергия көзін тасымалдайды.
Баку-Тбилиси-Жейхан өткен аптада Түркияның шығысындағы құбыржолында болған жарылысқа байланысты дәл қазір жұмыс істемей тұр. Сол себепті Грузиядағы жағдай оған қазір әсер ете қоймайды. Алдағы уақытта мұнайға деген сұраныстың төмендеуі таяу күндері мұнай бағасының қатты түсуіне әкелді. Грузия-Ресей қақтығысына қарамастан, сұраныстың төмендеуі мен базарлардан түскен ақпаратқа байланысты бұл бағыт жалғасып отыр.
Бірақ бұл бағыт Грузиядағы шығын көлемі анықталғанда өзгеруі мүмкін. Грузия билігі сейсенбі күні хабарлағандай, Ресей күштері мұнай құбыржолына шабуылдамақ болған. Бұлай деп грузиялық ресмилер Ресеймен соғыс басталған тамыздың сегізінен бері айтып келді.
Брюсселде орналасқан Халықаралық дағдарыс тобының энергетикалық сарапшысы Чарльз Эссердің айтуынша, Грузиядағы соғыс қазірдің өзінде баламалы мұнай экспорты жолын жауып тастады:
“Іс жүзінде, бұл қақтығыстың әсері қалай болды дегенге келетін болсақ, Әзірбайжанның бұрынғы мұнай құбырларынан Грузия порттары арқылы өтетін баламалы экспорт жолы қазір ол порттар қирағаннан кейін жүрмей жатыр және ол порттарға Ресей тосқауыл қойып отыр.”
Тамыздың 12-де “Бритиш Петролеум” Грузияның Қара теңіз жағалауындағы Бакуден Супсаға дейінгі мұнай құбыры уақытша жабылғанын жариялады. Бұл құбыржолы әдетте күніне 90 мың баррель мұнай шығаратын.
Бұл тек мұнай экспортына ғана салдарын тигізіп отырған жоқ. Сәрсенбі күні түркиялық басылымдар Баку-Тбилиси-Ерзурум арқылы өтетін табиғи газ тасымалы тоқтап қалғанын жазуда.
Халықаралық дағдарыс тобының энергетикалық сарапшысы Чарльз Эссердің сөзіне қарағанда, газ экспортына қатысты жағдай мұнай экспортынан басқаша болып отыр. Кавказ аймағы арқылы Набукко сияқты газ құбырын салу жоспары дәл қазір қаралуы керек.
Экономикалық жағынан алғанда, Әзірбайжан мен Түркия Кавказ аймағындағы қақтығыстан зардап шегіп отыр, бұл екі ел Каспий мен Еуропа арасындағы энергия жолы боламыз деп үміттенген.
Бұл аймақта Каспий мұнай-газын Кавказ бен Түркия арқылы Еуропаға шығаруды қарастыратын бірнеше жоба бар. Енді инвесторлар Кавказдағы соғыс қимылдары аяқталған соң, бұл мәселеге жаңа қырынан қарауы керек болады.
Әзірбайжанның мемлекеттік мұнай компаниясының бұрынғы президенті Сабит Багиров Азаттықтың Әзірбайжан қызметіне берген сұхбатында, құбыржолдары өтетін үш ел Әзірбайжан, Грузия, Түркия және бұл энергетикалық экспорт жолын қолдаушы шетелдік компаниялар құбыржолының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін үлкенг күш салуы керек деген.
“Түркиядағы құбыржолындағы жарылысқа байланысты 20 мың тонна мұнай жоғалды. Және Грузиядағы құбыржолына шабуыл болды делініп жатыр. Осының бәрі болатын қауіптің әлі де көп екенін білдіріп отыр. Мұның бәрі осы үш ел қауіпсіздік жүйесін қайта қарап, қажетті шаралар қабылдауы қажеттігін ескертіп отыр. Бұл сондай-ақ компаниялар мен үкіметтердің мүддесіне қызмет етеді”.
Эссердің пайымдауынша, Кавказдағы қазіргі күрделі жағдай тез арада дұрысталуы мүмкін, әрі қазіргі және болашақтағы барлық құбыржолдарын жолға қойып, Еуропаға өнімдерін жеткізе береді.
Бірақ Федерико Бордонаро Кавказ арқылы өтетін осы жобаларға Ресей қарсы болып келгенін алға тартады:
“Баку-Тбилиси-Жейхан құбыржолын жүзеге асыруға Ресейдің қатты қарсы болып келгені біздің есімізде. Өйткені аталмыш жол Батысқа қарай Каспийдің ресурстарын тасымалдайтын болса, бұл Ресейдің Батысқа ықпал ету тетігін әлсіретеді”
Кейбір сарапшылар Ресейдің Грузиядағы әскери әрекетін мұнай мен табиғи газ экпорты жолдарымен байланыстырады. Яғни Бордонаро айтып отырғандай, Ресейдің Батысқа ықпал ету тетігін әлсіретуі мүмкін энергия экспортын тасымалдайтын жолдардың бұл аймақта салыну мүмкіндігін азайту жағын ойлаған Мәскеу өзінің аймақтағы айқын ықпалын сақтап қалғысы келеді.
Кавказ арқылы өтетін жобаларды қаржыландырып отырғандардың көбі еуропалықтар. Олар Грузияда болған жағдайға байланысты алаңдаушылықтарын ашық білдірмесе де, алдағы айларда жағдай қалай болатыны туралы мәселені ыждахатты түрде бақылап отыр.
XS
SM
MD
LG