Accessibility links

Ұлық болсаң - кішік бол


Әкелі-балалы Гейдар және Илхам Алиевтер, Баку, 4 тамыз, 2003 жыл
Әкелі-балалы Гейдар және Илхам Алиевтер, Баку, 4 тамыз, 2003 жыл

Әзірбайжан президенті Илхам Алиев тамыздағы кеңейтілген кабинет отырысында жеке басқа табынушылықты тоқтатуға шақырыпты.

Атап айтқанда, Азаттық радиосының ағылшын тіліндегі веб парақшасы хабарына қарағанда, Баку қаласының атқарушы билік жүйелеріндегі басшыларды сынға ала келіп, астананың кез-келген түкпіріне оның, яғни президенттің бейнесі салынған жарнамаларды ілуді тоқтатуларын талап еткен екен. Мұндай нұсқауды қала әкіміне бірнеше рет бергенін, алайда одан нәтиже шықпағанын тілге тиек еткен көрінеді.

Қазанда болатын президенттік сайлауға өзімен қатар түсетін үміткерлер үшін бұл әрекеттер қолайсыздық туғызады деген де пікірін білдірген. Расында ел қалалары мен ауылдары әкелі-балалы Алиевтердің портрет-суреттеріне толып-ақ тұр екен. Илхамның жеке түскен суреттерін алып тастау қиын шаруа емес-ау. Алайда, әкесі Гейдар Алиевпен бірге түскен портреттердегі бала Алиевтің суреттерімен не істерге білмей, билік басындағылар есі шыға дал болған көрінеді.
Қалай болғанда да, ауторитарлық билікті мығым жүргізіп отырған Илхамның аяқ астынан демократтық тұрғыдағы нұсқау беруі талайларды қайран қалдырып отыр.

Әлде бұл Совет республикалары кеңістігіндегі басқа да толып жатқан аутократ басшылар сияқты президент Алиевтің тек сайлауалды науқанында қарапайым көрінуге тырысуы ма екен?!

Басқарып отырған халқымен қарапайым да шынайы қарым-қатынас орнату биліктегілерге Жаратушы тарапынан бұйырылған міндет еді. Адамзат тарихында осынау қасиетті бұйрықты қолдарынан келгенше атқаруға тырысқан басшылар болған. Солардың бірі жайлы әңгіме қозғасақ...

Омар Хаттабұлы- ел басқару ісінде әділдікті, қарапайым халыққа қайырымды болуды берік ұстанған, айрықша тұлға . Бұл орайда ол өзіне Мұхаммед пайғамбар салла Аллаху алейхи уассалам мен алғашқы халиф Әбу Бәкірді ұдайы үлгі тұтқан екен.

Хыжраның 14-ші жылының Мұхаррам айында, Қадисия майданында мұсылмандар жеңіске жетті. Ал, Мәдинада Мұсылман мемлекетінің сол кездегі басшысы халиф Омар күн сайын Қадисия майданы тарапынан жаңа хабар күтіп, жаны жай таппауда еді. Омар Хаттабұлы (Алла оған разы болсын) күнде таңертең Мәдинаның сыртына едәуір ұзап шығып, хабаршының жолын тосып жүретін. Бүгін де сөйткен еді. Кенет көкжиектен түйе мінген жолаушы көрінді. Ол жақындар-жақындамастан халиф Омар:
-Қайдан келесің?-деп сауал тастады:
-Қадисиядан,-деді жолшыбай жауап берген жолаушы, түйесінің екпінін баяулатпастан.

Себебі ол Мұсылмандардың халифына маңызды хабарды тезірек жеткізу үшін Мәдинаға асығулы болатын. Асықпай қайтсін енді!?... “Бұл- Мұсылман әлемі көптен күткен жеңіс қой. Осындай қуанышты хабарды тезірек жеткізуге бұл асықпағанда, басқа кім асықсын! Ал жердегі жаяу болса, мұның уақытын алып, сауалын қойып, қапталдасып болар емес. Қызық адам екен өзі” дегендей ойға қалды хабаршы:
-Қандай хабармен келе жатсың?-деп тікелей сұрағына көшті жердегі адам:
-Алла-Тағалам Мұсылмандарға жеңіс сыйлады!-деді түйесін желдірткен күйі хабаршы. Ал, жердегі жаяу болса, жеңістің егжей-тегжейі жөнінде тәтпіштей сұрап, түйенің соңынан ентіге ілесіп, болар емес.

Осындай күйлерінде екеуі қалаға да келіп кірді. Мәдина тұрғындары жердегі жаяумен: “О, құрметті халиф!”-деп амандаса бастаған сәттерінде ғана әлгі хабаршының таң қалысында шек болмады. Бағанадан бері түйемен жарысып, жол бойы далбақтай жүгіріп отырған адамның бүкіл Мұсылман халифатының халифы, әсіресе қуанышты хабарды жеткізу үшін өзі арнайы іздеп келе жатқан Омар Хаттабұлы екендігін білісімен:
-О мұсылмандардың басшысы! Өзіңіздің кім екеніңізді маған бірден неге айтпадыңыз?-деді хабаршы өзін кінәлы сезінгендей басыңқы үнмен.
-Оқасы жоқ. Шайқастың егжей-тегжейі жайлы әңгімеңді одан әрі сабақтай бер. Жеңіс хабарына қанығу үшін жүгіргенімнен дәрежем төмендеп қалмас,-деген екен халиф сабырлы қалпында. Сөйтіп Мұсылман әскерінің ерен ерлігі жөніндегі халиф пен хабаршының арасындағы әңгіме әлгі жерде одан әрі жырдай боп жалғасын тауып жатты. Халиф Омардың мұндай қарапайымдылық пен кеңдікке толы мінезіне орай мысалдарды айтып түгесу оңай шаруа емес-ау, сірә. Ол қарапайымдылығымен қасиеті асқан осындай басшы еді.
XS
SM
MD
LG