Accessibility links

Вашингтон Грузияға қолдауын күшейте түспекші


АҚШ пен Грузия тулары Тбилисиде қатар тігілді
АҚШ пен Грузия тулары Тбилисиде қатар тігілді

Буш әкімшілігі Грузияға қомақты көмек жүктерін жіберуде. Және Грузияға тез арада қалай қолдау көрсету керектігін де ойлануда.

Тбилисидің Бостандық алаңына 2005 жылдың мамыр айында жиналған бірнеше мыңдаған халық алдында сөйлеген сөзінде АҚШ президенті Джордж Буш Құрама штаттар әрқашан Грузия жағында болады деп уәде берген еді. Демократияға бет бұрған бұл елді Батыспен одақтасуға, ал өзге елдерді Грузия егемендігін сыйлауға шақырған болатын.

Грузияның НАТО-ға мүшелікке өтуін АҚШ өте қалайды. АҚШ әскери кеңесшілері мен әскери теңіз мамандары Грузия күштерін жаттығудан өткізуге көмектескен-ді. Өткен айда ғана бір мың 200-дей АҚШ әскерилері Тбилиси маңында біріккен жаттығу жүргізген болатын. Буштың сол жолғы сапарында Грузия президенті Михаил Саакашвили де өз еліне жасап жатқан жан-жақты көмегі үшін Америкаға ел алғысын білдірген еді.

Енді міне Буш әкімшілігі Кавказдағы жақын одақтасының басына қатер төнгеніне қатты алаңдауда. Бейжіңдегі Олимпиада ойындарынан Вашингтонға қайтып келісімен Ресейдің Грузияға байланысты өз бағытын өзгертуін Буш талап еткен болатын.
Ал, 13-тамызда болса АҚШ президенті: “Ресейдің осы аптадағы әрекеті оның Грузия мен осы аймақтағы ниетіне байланысты салмақты сауалдар туындатып отыр. Бұл әрекеттері Ресейдің әлем алдындағы беделіне айтарлықтай нұқсан келтіріп, Ресейдің АҚШ-пен байланыстарын қатер астында қалдырды”, деген еді. Яғни Тбилисиге қарсы басқыншылығын қоймаса АҚШ-Ресей қарым-қатынастары бірнеше жылдарға бұзылады, деп ресми Мәскеуге ескерту жасады.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Кондализа Райс Тбилисиге АҚШ қолдауын білдіру үшін тамыздың 15-де барды. Ал, АҚШ қорғаныс хатшысы Роберт Гейтс болса, тамыздың 14-де сөйлеген сөзінде Грузиядағы қақтығыстарға АҚШ әскері қатысты деген сөздерді жоққа шығарған болатын.

Ресейдің Тбилисиге қарсы ұстанған бағытының Ресей- АҚШ байланыстарына нұқсан келтіретіндігін Буш, Райс, Гейтстер қайталаумен болды. “Уикли Стандард” журналының шығарушысы, Буш әкімшілігімен тығыз байланыстағы саяси сарапшы Виллиам Кристолдың пікірінше, Ресейдің мақсаты демократиялық жолмен сайланып қойылған Саакашвилиді биліктен кетіріп, мәскеушіл адамды қою. Мұндай жағдайда Саакашвилидің қызметінде қалу-қалмауы Құрама Штаттар үшін үлкен сынақ дейді сарапшы Кристол.

Диктаторлық биліктің көрші демократиялық елге басып кіріп, оның ішкі ісіне араласуына жол беруге болмайды деді ол. Демек Грузияның егемендігін сақтауға АҚШ көмектесіп, Саакашвили жағын 100 пайызға қолдауы тиіс дейді сарапшы Кристол. Қазір Украина, Әзірбайжан сияқты бұрынғы Совет республикалары болып жатқан оқиғаны жіті қадағалап, егер Мәскеудің мүдделеріне қарсы шыға қалған жағдайда Құрама Штаттар тарапынан өздеріне қандай көмек болуы мүмкін деп өздері үшін ой түюде.

Мұндайда АҚШ көмек көрсетуде баяулық танытса, онда Құрама Штаттармен дос болу, ісіңді тұралатумен бірдей деген ой түю мүмкін, деп қауіп ойлауда сарапшы Кристол. Егер ресейлік диктатура саясатына тойтарыс берілсе, ол әрекеттен басқа диктаторлар да сабақ алады. Ондай жағдайда Құрама Штаттардың дос елдері көбейер еді дейді сарапшы Кристол.
XS
SM
MD
LG