Accessibility links

Франция ұсынған Грузияда атысты тоқтату жөніндегі алты бөлімнен тұратын бейбіт жоспарға Ресей бүгін қол қойды. Бұл құжат Ресейді аймақтан барлық әскери күшін әкетуге міндеттейді.

Сенбі күні Ресейге Грузия қол қойған атысты тоқтату құжаты жетіп, Ресей президенті оған сол күні қол қойды. Бұл келісім Ресейді аймақтан әскерін әкетуге міндеттейді. Сондай-ақ, бұл құжатта Грузияның жікшіл аймақтары Оңтүстік Осетия мен Абхазияның келешек мәртебесі бойынша халықаралық келіссөздер жоспары мәселесі қамтылған.

Франция президенті Николя Саркози Ресей президенті Дмитрий Медведев бұл келісімге қол қоюға уәде бергенін айтқан болатын. Грузия президенті Михаил Саакшвили мен екі жікшіл аймақтың жетекшілері бұл Еуропа Одағының арағайындығымен жасалған құжатқа қол қойып қойған.
АҚШ ресмилері бұл қақтығыста Грузияны қатты қолдауын жалғастырып келеді. АҚШ президенті Джордж Буш сенбі күнгі өзінің жолдауында:
“Әлем елдері Ресейдің егеменді көрші елге басып кіріп, халқы сайлаған демократиялық үкіметке қауіп төндіргеніне алаңдаушылықпен қарап отырды. Бұл әлемдегі еркін ел үшін еш қабылданбайтын әрекет,” - деген.
Сонымен қатар Құрама Штаттар президенті өз сөзін жалғастыра келе былай деді:
“Құрама Штаттар мен оның одақтастары Грузия халқымен және олардың демократиялық жолмен сайланған үкіметімен бірге болады. Біз Грузияның егемендігі, оның аймақтық тұтастығы сыйлануы керек деп білеміз. Және Мәскеу Грузияның барлық аймағындағы басқыншы күштерін әкетуге сөз беруі тиіс.”
Президент Буш сондай-ақ, Ресейді Құрама Штаттары және басқа да елдермен бұзылған қарым-қатынасын қайта реттеуге шақырды.
“Құрама Штаттар, Еуропа және басқа да елдермен бұзылған байланыстарын қайта реттеуді бастап, әлемдегі өзінің орнын қалпына келтіріп, Ресей дағдарысты тоқтатуы тиіс,” - деді ол.
Грузияның Поти мен Гори қалаларынан түскен хабарларға қарағанда, Ресей күштері мен олардың әскери қару-жабдықтары әлі де бұл аймақта қалып отыр.
Қақтығыс басталғаннан бері он мыңдаған адам бас сауғалап босып кетті. Азаттық радиосының грузин бөліміне берген сұхбатында босқындардың бірі бүгінгі таңда өздеріне қажет негізгі заттар туралы былай деді:
“Бізге төсек жабдықтары, матрац, ыдыс-аяқ керек. Әйелдердің, балалардың аяқ-киімдері, шалбар, ішкі киімдер қажет. Кішкентай балаларымыз бар еді, оларға памперс болса. Біз 24 адам бір кішкентай бөлмеде тұрып жатырмыз. Бізге азық-түлік керек. Балаларымыз бес күн бойы нан жеген жоқ.”
Сенбі күні кешке президент Джордж Буш АҚШ ресмилері Кондолиза Райспен Қорғаныс министрі Роберт Гейтс екеуімен видеоконференция өткізіп, Грузиядағы жағдайды талқылайды.
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің дипломаттары осы демалыс күндері атысты тоқтату келісімін құру жөнінде арнайы қарар қабылдауы керек.
XS
SM
MD
LG