Accessibility links

Сәрсенбілік басылымдарда екі мемлекет өкілдерінің Тбилисиде тұтқын алмастырғаны және Қазақстанның жоғары билігінде ауыс-түйістер болғаны баяндалыпты.

«Айқын» газетіндегі Кәмшат Сатиеваның «Тбилисиде тұтқын алмасты» деген мақаласында, кеше Ресей мен Грузияның ізгілік белгісі ретінде әскери тұтқындарын алмастырғаны хабарланыпты. Рейтер агенттігіне сілтеме жасаған мақала авторы, тұтқындардың ішінде грузин қарулы күштері атып түсірген Ресей ұшақтарының ұшқыштары да бар екенін айтыпты. Тұтқындарды алмасу нысанына екі ресейлік тікұшақ және бірнеше жедел жәрдем машинасы барыпты. Бірнеше әскери тұтқынды зембілмен жеткізуге тура келгенге ұқсайды. Грузия билігінің өкілдері мәлімдегендей, Грузия 15 азаматының орнына Ресейге бес әскери қызметкер, сонымен қатар, екі ұшқышты қайтарып берген.
«Егемен Қазақстан» басылымында мемлекеттің билік құрылымында ауыс-түйістердің болғаны жазылыпты. Мемлекет басшысының жарлықтарымен: Берік Имашев Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы қызметінен босатылып, Сенаттың депутаты болып тағайындалды. Ал оның орнына 2003 жылдан бері Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігіне қарасты Ішкі әскер қолбасшысы болып қызмет еткен Қайырбек Сүлейменов барды. Сондай-ақ, Ермек Имантаев Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі, Бейбіт Исабаев президенттің баспасөз хатшысы, Ерлан Байжанов құрылғанына көп болмаған «Арна Медиа» ұлттық ақпарат холдингісінің басқарма төрағасы болып тағайындалды.
«Время» басылымында Астанадағы Нұра мен Есіл өзендерінің суын қосатын қала каналындағы балықтардың қырылып жатқаны хабарланыпты. Бұл жағдайды ең алдымен қала тұрғындары байқап, тиісті мекемелерді хабардар еткен. Мақала авторы Алексей Никитиннің айтуынша, оқиға болған жерге Төтенше жағдайлар жөніндегі астаналық департамент пен санитарлық эпидемиалогиялық бақылау және қоршаған ортаны қорғау басқармасының қызметкерлері барып, тексеру жүргізген. Сараптама қорытындылары бірнеше күннен соң ғана белгілі болады. Ал балықтардың екі өзеннің қайсысының суынан қырылып қалғанын тексерген мекемелердің ешқайсысы оның себебін анықтай алмай отыр. «Дегенмен, каналдағы суда балықтар жаппай қырылып жатса да, қала басшылығы өзенді де бекітпей, шомылуға да тиым салмай отыр», деп жазады мақала авторы.
«Литер» газетінде Бас прокуратураның Каспий теңізіндегі «Астана» кемесінің қатысуымен болған оқиғаға байланысты ресми мәлімдеме жасағаны айтылыпты. Автор Игорь Неволлиннің жазуынша, прокуратураның құжатында шекарашылардың қазақстандық екі азаматты атып тастағаны туралы оқиғаның болғаны расталған. Осы оқиғаға қатысты 14-тамыз күні Ұлттық қауіпсіздік комитеті әскери полициясының 7-бөлімінің және Атырау облыстық Ішкі істер басқармасының қызметкерлерінен тұратын арнайы тексеру тобы құрылған. Сондай-ақ, шекаралық қызметті дұрыс атқармағаны үшін қылмыстық іс қозғалыпты. Прокуратураның мәлімдеуінше, осы қылмысқа қатысқандардың барлығы заң алдында жауап береді.
«Экспресс К» газетіндегі Қазақстандағы кәсіпқой бокс федерациясының президенті Виктор Демьяненкомен болған сұхбатта, Бейжің Олимпиадасында өнер көрсетіп жатқан қазақстандық боксшылар туралы айтылыпты. Виктор Демьяненконың айтуынша, АИБА президенті Чаудридің орнына корейлік Чинг-ко У келгелі бері әлемдік әуесқой бокста келеңсіз жағдайлар көп болып жатыр. Төрешілер миллиондаған көрермендердің көзін бақырайтып қойып, шын жеңіске жеткен боксшыға емес, басшылардың көңілі ауған спортшыға көмектесуін тоқтатар емес. Қытайдағы өтіп жатқан Олимпиаданы дәлел ретінде айтсақ болады. Қазақстандық екі боксшы Мерей Ақшалов пен Серік Сапиев төрешілердің құрбаны болды. Әйтпесе, ол екеуін қай жағынан алып қарасаң да, Тайланд пен Қытайдың боксшыларынан бір бас жоғары тұрды.
XS
SM
MD
LG