Accessibility links

Қақтығыстар Грузия экономикасын тұралатты

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Грузияның Поти порты

Грузияның Поти порты

Оңтүстік Осетия аймағына байланысты, сондай-ақ Ресеймен арадағы жанжалдар кесірінен Грузия экономикасы едәуір қиындықтарға тап болғалы тұр.

Экономикасын жақсартуға ұмтылысы арқылы соңғы жылдары Грузия халықаралық назарды өзіне бұра бастаған еді. Жекешелендіру үдерісін тездету, сондай-ақ іскерлік байланыстарға кең жол ашу тұрғысында жүргізілген реформалар нәтижесінде елге шетелдік инвестиция құйыла бастаған болатын.

Грузия үкіметінің айтуынша, өткен жылы ол көрсеткіш 2 миллиард долларға жетіп, ішкі жалпы өнім көлемінің 20 пайызын құраған еді. Биылдың өзінде Қара теңіз бойындағы Поти қаласындағы өнеркәсіп аймағын дамыту мақсатында Біріккен Араб әмірлігі қомақты инвестиция салған болатын. Әлемдік банктің жүргізген зерттеу- бағалауы бойынша 2006 жылы Грузия елі “нөмірі бірінші реформашыл ел” атанған еді.

Алайда, Ресеймен арадағы қақтығыстар Грузия экономикасына қатты соққы болып тиіп отыр. Еуропаның қайта құру мен даму банкінің айтуынша, Грузия экономикасының биыл баяулап қалатын түрі бар. Ресми Тбилиси болса, бұл жанжал шығындары бірнеше миллиард долларға шығуы мүмкін деп отыр. Қайта құру ісінде Грузияға көмектесу сауалын қазір Құрама Штаттар өз одақтастарымен ақылдасуда.

Осы мәселелерге байланысты Азаттық радиосы халықаралық істер бойынша Франциядағы маман Роб Парсонстың пікірін білген болатын. Оның айтуынша, Ресей күштері теміржолдар мен бірнеше көпірлерді нысанаға алып, қиратқан екен. Бұл теміржолдар Грузия, Армения, Әзірбайжан елдері үшін бірдей маңызды байланыс жолдары еді.

Сондай-ақ солтүстік кавказдық осы үш мемлекет үшін стратегиялық жағынан аса маңызды Поти портты қаласын да нысанаға алған болатын. Жалпы алғанда ел бойынша талай инфрақұрылымдар қиратылған. Сондықтан халықаралық көмек келгенге дейін Грузия экономикасы үлкен қиындықтармен бетпе-бет қалғалы тұр.

Осы жанжалдар қарсаңында ғана Грузияда әлем бойынша икемді салық заңы және инвестициялық баптар енгізіле бастаған болатын дейді сарапшы Парсонс.
“Енді міне Ресеймен қақтығыстардан кейін әлемдік инвесторлар алдындағы Тбилисидің беделі күрт түсетін түрі бар. Тым болмағанда алғашқы және содан кейінгі біраз уақытта солай болуы мүмкін. Ал содан кейін біртіндеп көтерілуі кәдік. Себебі АҚШ пен ЕуроОдақ Грузияға мейлінше көмектеспекші”,-деді сарапшы.

Грузия ішкі істер министрі орынбасарының сөзіне сүйене отырып, сарапшы Парсонстың айтуынша, бұл жолы Ресейдің ұстанған кем дегенде екі мақсаты болған. Біріншісі, президент Михаил Саакашвилиді қызметінен кетіру. Екінші мақсат- бірнеше жылдар бойы аяғынан тұра алмастай етіп, Грузия экономикасына соққы беру еді.

Ресей күштері елден толық шығып кеткеннен кейін және мұндай қақтығыстың енді қайтып қайталанбасына кепілдік алынғаннан кейін ғана Грузияға өткен апталарда келген шығындарды есептеуге болады дейді сарапшы.

Яғни шетелдік көмектер келіп жеткенге дейін мұнда біраз жағдайлар қалпына келтірілуі тиіс. Себебі әлемдік қомақты көмексіз Грузия экономикасының сауығып кетуі- неғайбіл. Ел экономикасының осы жанжалдар басталардан бұрынғы қалыбына қайта оралуы үшін біраз күш пен уақыт қажет болмақшы дейді сарапшы.
XS
SM
MD
LG