Accessibility links

40 жыл бұрын Прагада не болды?


Прага, Ұлттық мұражай алдындағы 1968 жылға арналған көрме

Прага, Ұлттық мұражай алдындағы 1968 жылға арналған көрме

Осыдан 40 жыл бұрын Совет әскері бастаған қарулы күштер Чехославакияға басып кірген еді. Варшава келісімі елдерінің басқыншылығын бүгінгі Чехияда орыс әскерінің оккупациясы деп айтады.

Тамыздың 21-і күні Прага қаласындағы ұлттық мұражай алдында 1968 жылғы тамыз оқиғасына арналған көрме өтті. Мұражайдың іші мен сыртында ұйымдастырылған көрмеде Чехословакияға Кеңес әскері бастаған Варшава келісіміне мүше елдердің қарулы күштері басып кірген кез бен одан кейінгі елдегі наразылық оқиғалары көрсетілген.

Бұл шараны ұйымдастыру туралы бастама көтерген Марек Иунектің айтуынша, көрменің мақсаты - тамыз оқиғасы қалай және неліктен басталды деген сауалдарға жауап іздей отырып, басқыншылыққа негіз болған барлық жайттарды қамту болды. Сол себепті мұрағаттан қажетті құжат, деректерді іздегенде 21 тамыз оқиғасына қатысты өте көп мәлімет шыққанын айтады ол.
“Бұл көрмеде тамыз оқиғасының символдарына айналған сол кездегі президент Александр Дубчек, сол жылғы Олимпиадада алтын медаль алған гимнаст Вера Чаславска және Совет әскерінің басқыншылығына наразылық танытып, Васлав алаңында өзін-өзі өртеген Ян Палах сияқты тұлғалар туралы көбірек дерек берілген,”-дейді көрменің ұйымдастырушысы.

Осы шараға қатысқан Прага қаласының мэрі Павел Бем көрмені ұйымдастырушыларға алғысын айта келіп, қазіргі мектеп оқушылары мен студенттер 1968 жылғы басқыншылық туралы көп біле бермейтіні шындық деді.
Көрменің ашылуында сөз алған әскери қолбасшылықтың өкілі оккупация болғанда, адамдар басқыншылардың танкілері жүре алмай қалсын деп, жолға май төгіп тастаған жағдайларын еске алды.
Ал, 1968 жылы 9 жаста болған Итка Шрумова балалардың да орыс танктеріне қарсы өздерінше әрекет еткенін айтады:

“Біздің үйден үлкен жол бойында кетіп бара жатқан танкілерді көргенде, әке-шешім жылап, біз қосылып жыладық. Кейін біз орыс танкілері қайда жүргендерін білмей адасып кетсін деп үйдің нөмірлері мен көше аттарын алып тастадық. Көп қалаларда осылай жасалды.
Негізі 1968 жылы тамыздың 20-сынан 21-іне қараған түнде Чехословакияға Кеңестер Одағы, ГДР, Венгрия, Польша мен Болгарияның жүздеген мың әскери күші басып кірді делінгенімен, чех халқы бұл басқыншылықты орыстар жасады деп айтады. Сұхбаттасымыз Итка Шрумоваға басқыншылықты тек орыстар ғана жасаған жоқ қой дегенімізде:
“Әлбетте, біз білеміз Варшава келісіміне мүше елдердің басқыншылығы екенін, бірақ орыстар мұнда басым болды. Олардың арасында қазақ па, басқа ұлт бар болды ма, білмейміз. Біз бәрін орыс әскері деп қабылдадық. Сол себепті барлық чехтар орыс әскерлерін жек көрді," деп жауап берді.
Азаттыққа сұхбат берген чех азаматтарының бәрі бірдей бұл басқыншылық бәрімізге үлкен қайғы әкелді, сол себепті мұны бізге еске алу өте қиын дегенді айтады.
Сол кезде танк жүргізушісі болған Ибрагим Исаев бүгінде Совет әскерінің басқыншылығы тәуелсіз елге жасалған қиянат болды деп санайтынын айтады.
XS
SM
MD
LG