Accessibility links

Барак Обама өзіне вице-президент таңдады


Демократ Джо Байден Ирақ туралы талқылауларда

Демократ Джо Байден Ирақ туралы талқылауларда

АҚШ Демократиялық партиясынан президенттікке кандидат Барак Обама вице-президенттікке Делавэр штатының сенаторы Джо Байденді таңдады. Обаманың таңдауы келесі аптада Демократиялық партияның Денвер қаласында өтетін құрылтайы алдында болып отыр.

Бұл қысқаша мәлімдеме Обаманың сайлау алды науқанының вебсайтында жарияланды. Онда “Джо Байден сыртқы саясаттағы тәжірибесі мен партия ішіндегі белсенді ынтымақтастығын өзімен ала келеді” делінген.
Обаманың таңдауы туралы хабарлама, сондай-ақ, Демократиялық партияны қолдаушы миллиондаған адамға SMS арқылы жіберілген.

65 жасар сенатор Байден өмірінің тең жартысын АҚШ Сенатында өткізген, сыртқы істер мен қауіпсіздік мәселелеріне қатысты комитеттегі ең ықпалды адам болып есептеледі. Ол бүгінгі таңда Сенаттың сыртқы қарым-қатынастар комитетінің төрағасы. Сонымен қатар оның халықаралық істердегі тәжірибесі Обаманың сыртқы саясатында жетіспей жатқан тұсын толықтырып отыратын болады дейді сарапшылар.

Джо Байден 2002 жылы Ираққа күш қолдану жөніндегі Конгресс қарарын заңдастыруды қолдағанымен, кейін ол президент Бушты саясатты дұрыс жүргізе алмады деп айыптап, соғысты ашық сынаушылардың біріне айналды.

Байден қатаң сөздерді қолданудан тартынбайтын, сыни пікірлерін ашық айта алатын саясаткер ретінде танылған. Сыртқы саясаттағы тәжірибесімен қоса Байденнің жеке тұлғалығы Обаманың сайлау алды науқанында көрініп тұрды.

Байден қарапайым көлік сатушының отбасында тәрбиеленген. Бүгінгі таңда да ол өзін Сенаттағы әріптестерінен қарапайымдау ұстайды. Мәселен, Вашингтонда үй алудың орнына, ол қоғамдық көлікпен жүріп, күн сайын 80 минуттық қашықтықтағы Вилмингтондағы үйіне барады.

Байден Иран мен Ирақ, және АҚШ-тың сыртқы саясатындағы басқа да үлкен мәселелер туралы қатаң сындарын ашық айтып келген. Ол таяу күндері қайтадан көтерілген Пәкістанның ядролық қаруынан төнген қауіп туралы да ескерткен.

Өткен жылы қазан айында Демократиялық партия жиынында Байден былай деген еді:

“Иранның ядролық қаруға ие болуын тоқтату үшін мен қолымнан келгеннің бәрін жасаймын. Мен ешқашан Америка Құрама Штаттарына төнген қауіптен назарымды аудармаймын."
Республикалық партиядан президенттікке кандидат Джон МакКейннің өкілі таратқан мәлімдемеде Барак Обаманың Байденді таңдауы оның сыртқы саясатта әлсіз екенін көрсетті, “ол президент болуға дайын емес” делінген.

МакКейннің өз вице-президенттік таңдауын әлі жасаған жоқ. Хабарларға қарағанда, МакКейн 29-шы тамызда өзінің 72 жасқа толған туған күнінде кімді таңдайтыны туралы жарияламақ. Дәл осы күні Демократтардың өз тарапынан президент пен вице-президентікке үміткерлерді ресми түрде таңдау құрылтайы аяқталады.
XS
SM
MD
LG