Accessibility links

Бақыт Сәрсекбаев - Олимпиада жеңімпазы!


Бақыт Сәрсекбаев, Олимпиада шаршы алаңында,Бейжің, 24 тамыз, 2008 жыл

Бақыт Сәрсекбаев, Олимпиада шаршы алаңында,Бейжің, 24 тамыз, 2008 жыл

Бүгін қазақ боксшысы Бақыт Сәрсекбаев Олимпиада чемпионы атанды. 69 кило салмақта ол финалда кубалық боксшы Карлос Бантер Суарресті 18:9 есебімен айқын басымдықта жеңді. Бұл Бақыттың бесінші жекпе-жегі болды. Алғашқы айналымда ол канадалық Адам Трупишті, одан соң молдовалық Виталий Грусачты жеңіп, ширек финалда өзбекстандық Дильшот Махмудовты, жартылай финалда оңтүстік кореялық Ким Джун-Джуды жеңген. Бақыт Сәрсекбаев Бейжің Олимпиада ойындарында сынға түскен боксшылар арасындағы алтын алған жалғыз чемпион болып отыр.

Бейжің Олимпиадасына Қазақстаннан 10 боксшы қатысты. Атап айтқанда Біржан Жақыпов, Мират Сәрсембаев, Қанат Әбутәліпов, Галиб Жафаров, Мерей Ақшалов, Серік Сәпиев, Бақтияр Артаев, Еркебұлан Шыналиев, Руслан Мырсатаев пен Бақыт Сәрсекбаев Қазақстан намысын қорғады. Олардың ішінде Еркебұлан Шыналиев қола медаль алса, Бақыт Сәрсекбаев алтыннан алқа тақты.

Сонымен әлемнің 200-ден аса елінен 11 мыңға жуық спортшы қатысқан Бейжің Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы спорттың 22 түрінен жарысқа түсіп, елге 2 алтын, 4 күміс, 7 қола медалін әкелді. Сонымен жалпы қортынды бойынша Қазақстанның олимпиадалық құрамасы жүлде саны жағынан 29 орынға табан тіреді. Грекиядағы ойындарда Қазақстан 40-шы орынды иемденген еді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG