Accessibility links

Бейжің Олимпиадасы мәресіне жетті


Бейжің Олимпиадасының жабылу салтанаты ашылу салтанатынан асып түспесе, кем түскен жоқ. Құс ұясы стадионы, 24 тамыз, 2008 жыл

Бейжің Олимпиадасының жабылу салтанаты ашылу салтанатынан асып түспесе, кем түскен жоқ. Құс ұясы стадионы, 24 тамыз, 2008 жыл

Қытай 29-шы Олимпиада ойындарының жабылу салтанатында Олимпиада жалауын 2012 жылғы ойындарды өткізетін Лондонға тапсырды.

Қытай астанасындағы 29-шы Олимпиада ойындары мәресіне жетіп, Құс ұясы стадионында 90 мың адам Олимпиаданың жабылу салтанатын тамашалады. Бейжіңнің 18 аймағында аспанға отшашулар шашылды
Олимпиаданы ұйымдастырушылар жабылу салтанатында көңіл көтеретін шоуларға айрқыша назар аударылады деп айтқан.
Тамыздың 8-дегі Олимпиада ойындарының ашылу салтанатында көбіне Қытайдың тарихы көрсетілген еді. Бұл жолғы Олимпиаданың жабылу салтанатында 2012 жылы Олимпиада ойындарын өткізетін Лондон қаласының мэрі Борис Джонсонға Олимпиада эстафетасы тапсырылып, Лондонның әйгілі екіқабатты автобусы стадионға кіріп шоу көрсетті..
Футболист Дэвид Бекхэм, Лондонның симфониялық оркестрі мен Бирмингем патшалық балеті де бұл шоуға тартылған. Олимпиаданың жабылу салтанатына, сонымен қатар, ойындарда бірнеше алтын алып, ректордтық көрсеткішке жеткен спортшылар да қатысты.
Олардың қатарында сегіз алтын медаль алған американдық Майкл Фельпс пен әлемдік үш рекордты жаңартқан Ямайканың желаяғы Усайн Болт та болды.
Ашылу салтанатына бірнеше сағат қалғанда, Халықаралық Олимпиада комитетінің президенті Жак Рогге шоулар мен ойындардың жақсы ұйымдастырылғаны үшін комитеттің өте риза екендігін жеткізген:
“Бізде жақсы жасалған жұмыс бар. Бізде керемет қойылымдар болды, 40-тан аса әлемдік рекорд, 120-дан аса олимпиадалық рекорд жаңарды. Әлбетте, ойындардағы екі символымыз Майкл Фельпс пен Усайн Болт бар,”-деген Олимпиада комитетінің президенті.
Қытайда елдегі адам құқықтары жағдайына байланысты наразылықтар көп болған.
Адам құқын қорғаушы белсенділер Халықаралық Олимпиада комитетін Қытайдағы адам құқықтары жағдайы мен баспасөз еркіндігін жақсарту үшін ресми Бейжіңге қысым жасамады деп сынаған болатын.
Ал Жак Рогге Халықаралық Олимпиада комитеті егеменді елге өзгерістерді күштеп енгізе алмайды, бірақ спорт арқылы оң өзгерістерге үлес қоса алады деген болатын.
Айта кетейік, 17 күндік Олимпиада ойындарында Қытай спортшылары 50 алтын медаль алса, Құрама Штаттар 35, Ресей 23 алтынды иеленді.
Бұл Қытайдың Олимпиада ойындарында осынша көп алтынды бірінші рет алуы екен.
Жалпы, жүлде саны жағынан АҚШ-та 108 медаль, ал Қытайдың қоржынында 98 медаль қалды.
Қазақстан Бейжің Олимпиадасын қос алтынмен аяқтады, ал барлығы Қазақстан құрамасының еншісіне 13 медаль бұйырды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG