Accessibility links

Қазақстан экономикасы: қарама-қайшы екі пікір


Қоғамдық проблемаларды сараптау орталығының директоры, экономика ғылымдарының кандидаты Меруерт Махмутова және Қазақстан Коммунистік партиясының серкесі, экономика ғылымдарының докторы Серікболсын Әбділдинмен өткізілген бұл сұхбаттарда ұлттық экономиканың ахуалы туралы екі сарапшы екі түрлі пікір-көзқарас білдірді.

АЗАТТЫҚ: - Меруерт, күнделікті тұтыну тауарларының, азық-түліктің, электр қуатының, жанар-жағар майдың және тағы басқаның бағалары тоқтаусыз өсіп келе жатқанда, Қазақстан экономикасының қазіргі ахуалын қалай бағалайсыз?

М.МАХМУТОВА: - Менің ойымша, экономиканың қазіргі жағдайын дағдарыс деп айтуға онша келмейді. Себебі, әрине, осыған дейін экономика – жалпы ішкі өнімнің көлемі жылына 10 пайыздай қарқынмен дамып келген болса, биыл жалпы ішкі өнім 5 пайызға өссе де жақсы.

Әрине, экономиканың кейбір проблемасы ашылып көрінді. Банк жүйесінің, құрылыс саласының дамуы баяулады.
Қоғамдық проблемаларды сараптау орталығының директоры Меруерт Махмутова. 25 қараша, 2007 жыл, Алматы.

Бұл, менің ойымша, ең алдымен дүниежүзлік дағдарыстың ықпалы. Екінші жағынан қазіргі ахуал өзіміз үшін – Қазақстан экономикасына, республика халқына пайдалы. Себебі, осыған дейінгі экономикалық дамудың тенденциясы жалғаса берсе, менің ойымша, біз дағдарысқа, ерте ме кеш пе, өзіміз де душар болар едік. Бірақ ол кезде жағдай әлдеқайда қиын болатын еді.

Қазір коммерциялық банктердің шетелдерден қаржыландыруы күрт шектелгендіктен, біздің банктеріміз өздерінің бизнес стратегияларын қайта қарап, өзгертіп, оның ішінде құрылыс саласының одан әрі дамуына негіз бар ма әлде жоқ па дегендей салмақтап жатыр. Сондықтан да біз дағдарысқа ұрындық деп айтуға ертелеу.

Бүгінгі таңда мұнайдың бағасы (әлемдік) өте жоғары. Мұнай экспорты Қазақстан бюджетіне 30 пайыздай үлес қосып келеді. Сондықтан да биыл немесе ендігі жылы біз дағдарысқа ұшыраймыз деп айта алмаймын.
Қазақстан экономикасының қазіргі ахуалы – экономикаға да, республика халқына да пайдалы


АЗАТТЫҚ: - Серікболсын мырза, Қазақстан экономикасының қазіргі ахуалын сіз қалай бағалар едіңіз

С.ӘБДІЛДИН: - Жалпы Қазақстанда ішкі өнеркәсіпке арқа сүйеген қуатты экономика жоқ. Біздің экономикамыз тұтастай шикізат өндірісі мен экспортына тәуелді.

Ішкі экономика болмағандықтан, сырттан импортталған бұйымдар болсын, азық-түлік болсын шетелдерден тасымалдануына, жол шығындарына байланысты және мұнайдың әлемдік бағасының қымбаттауы салдарынан ішкі бағалар да үнемі өсіп келеді.
Қазақстан коммунистерінің серкесі Серікболсын Әбділдин - 2006 жылдың 14 желтоқсанында оппозицияның тәуелсіздік монументіне гүл қою рәсімінде. Алматы, орталық алаң.


Үкіметтің де, жеке кәсіпкерлердің де бейберекет өскен бағаны ауыздықтауға шамасы жоқ. Өзіміздің мүддемізге жұмыс істейтін экономика болмағандықтан, ешкім экономикалық үдерістерді дер кезінде бағалап, нарық заңдарына қарай ықшамдауға жол таба алмай отыр.

Тіпті басқаны былай қойғанда, біз мұнай өндіруші елдердің біріміз, көктемгі жер жырту кезінде немесе күзгі егін орағы уақытында үкімет шаруа-диқандарды арзан дизель отынымен қамтамасыз етуге құлшынады, бірақ оны іске асыру қолынан келмейді. Қолынан келмейтін себебі, мұнай өңдейтін зауыттардың барлығы шетелдік компаниялардың меншігінде.

Биылғы инфляция деңгейі 20-25 пайыздай болады

АЗАТТЫҚ: - Меруерт, сіздің пікіріңіз бойынша, Қазақстандағы инфляцияның шынайы деңгейі қандай?

М.МАХМУТОВА: - Әдетте инфляция деңгейін алдыңғы жылдармен салыстырып шығарады ғой! Өткен жылы инфляция 18-18,5 пайызды құрады. Биыл да инфляцияның орташа жылдық деңгейі өткен жылғыдан жоғары бола қоймайды. Өйткені, өткен жылғы инфляцияның көлемі 2006 жылғымен салыстырғаннан шығады.

Биыл да бағаның барлығы өсіп жатыр. Бірақ 2007 жылғыдан артық өсіп жатыр деп айтпас едім. Демек, биыл инфляцияның деңгейі өткен жылғы көрсеткіштен жоғары бола қоймайды.

АЗАТТЫҚ: - Серікболсын мырза, сіздің есебіңіз бойынша, Қазақстандағы инфляцияның шынайы деңгейі қандай? Сарапшылардың болжамына сай күзде Қазақстанның қаржы-банк жүйесі жаппай қаржылық дағдарысқа ұшырайды, қозғалмайтын мүліктің бағасы күрт құлдырайды, соның салдарынан – бүкіл банк жүйесі күйреп, Қазақстан терең экономикалық дағдарысқа батады, егер үкімет, Ұлттық банк және қаржылық бақылау агентігі шұғыл әрі төтенше шаралар қабылдамаса? Сіз осындай болжаммен келісесіз бе?

С.ӘБДІЛДИН: - Менің өз ойым бойынша, инфляция деңгейі 20-25 пайыздан кем емес. Бірақ инфляциядан қорқу да дұрыс емес.

Бұқара халықтың сатып алу қабілетін, төлем қабілетін арттыруымыз керек. Соны арттырсақ, біріншіден, өзіміздің елде шығып жатқан өнімді сатып алуға деген халықтың мүмкіндігін өсіреміз. Сол арқылы алдымызға қойған мақсатымыз – ұлттық экономикамызды шынайы нарық жолына бұруға мүмкіндік аламыз.

Мысалға, қазір зейнетақылар мен айлық жалақыларды және әлеуметтік өтемақыларды 2 есеге көтерсек...

Әйткенмен де, біздің билік зейнетақы мен айлық жалақының көлеміне инфляцияның өсуіне байланысты қасықтап қана қосады. Ал ол тоқтаусыз өскен бағаны жаба алмайды.

Қазақстан банктері жаппай банкротқа ұшырамайды
АЗАТТЫҚ: - Меруерт, банк жүйесінің қазіргі халін қалай бағалайсыз және оның таяу келешектегі ахуалы туралы сіздің жорамалыңыз қандай? Сарапшылардың болжамы бойынша, күзде Қазақстанның қаржы-банк жүйесі жаппай қаржылық дағдарысқа ұрынады, қозғалмайтын мүліктің бағасы күрт құлдырайды, соның салдарынан – бүкіл банк жүйесі күйреп, Қазақстан терең экономикалық дағдарысқа батады, егер үкімет, Ұлттық банк және қаржылық бақылау агенттігі шұғыл әрі төтенше шаралар қабылдамаса? Сіз осындай болжаммен келісесіз бе?

М.МАХМУТОВА: - Бүгінгі күні банк жүйесінің дамуы баяулады және қазір біздің банктер өздеріне не стратегиялық инвесторлар іздестіріп жатыр, не өздерінің активтерін жаман, қатерлі қарыздардан тазартып жатыр.

Біздің коммерциялық банктер биыл - 2008 жылы $19 миллиардтай қарызын қайтаруға тиіс. Бұл Ұлттық банктің есебі бойынша.

Сол себепті біздің екінші сатыдағы банктеріміз өздерінің қосалқы бизнестерінен бас тартып, сыртқы қарыздарынан құтылудың жолдарын қарастыруы керек.

Біздің банктер осы күнге дейін құрылыс саласы мен сауда компанияларын несиелендіріп келді. Ендігі жерде құрылыс пен сауда саласын қаржыландыру күрт қысқарады.

Сондықтан да біздің банктер бүгін-ертең жаппай банкротқа ұшырайды деп айта алмаймын. Олай деуге ешқандай негіз жоқ.
Қазақстан банктері 2008 жылы $19 миллиардтай қарызын қайтаруға тиіс


Әрине, біздің банктер өздерінің активтерін тазартқанда ипотекаға бағыттаған мол қаржысын қайтарып алуға тырысады. Ол үшін өзінің кепілдігіндегі баспана-пәтерлерді жаппай саудаға қояды. Нәтижесінде, әрине, пәтер-үйлердің бағасы әлі де төмендейді.

Ипотекалық несиелендірудің күрт қысқаруына байланысты пәтерлердің бағасы, менің ойымша, 2009 жылдың соңына дейін (!) әлі ең төменгі деңгейіне дейін арзандайды.

Ұлттық банк пен қаржылық бақылау Агенттігінің қазіргі саясаты – ең төменгі қаржылық қор мөлшері туралы банктерге қоятын талабын, мөлшерін өзгертті. Демек, егер біздің банктер өздерінің стратегиясын өзгертсе, сыртқы қарыздарын өтеу мүмкіндігін де табады.

Қазақстанның банк жүйесі әлемдік құбылысқа тәуелді емес

АЗАТТЫҚ: - Қаржыдан тапшылық көрген екінші сатыдағы банктерге Ұлттық мұнай қорының есебінен қаржылай көмек көрсету керек деген ұсыныс айтыла бастады. Меруерт, сіз осындай ұсынысқа қалай қарайсыз?

М.МАХМУТОВА: - Өз басым ондай ұсынысты қабылдамайтын едім. Менің ойымша, Ұлттық қордың міндеті тіпті басқа. Ұлттық қор, ең алдымен, ертеңгі күні мұнайдың бағасы төмендеп жатса, Қазақстан бюджетінің әлеуметтік саясатын жүзеге асыруға мүмкіндік беруге тиіс.
Ұлттық қорды пайдалансақ, бірінші кезекте азаматтық қоғам институттарын дамытуға болады.

Бірақ біздің банк жүйеміз соңғы жылда бірнеше рет Ұлттық қордың қаржысын пайдаланудың мүмкіндігін қарастырып көрді, президентке де хат жолдады.

Менің ойымша, банк саласы – жеке-меншікті бизнес. Сондықтан да қазіргі қиын жағдайдан шығудың жолын өздері табуы керек. Қазақстан Ұлттық қорының қаржысын басқа игі істерге пайдалана алады.

АЗАТТЫҚ: - Серікболсын мырза, сарапшылардың болжамы бойынша, күзде Қазақстанның қаржы-банк жүйесі жаппай қаржылық дағдарысқа ұрынады, қозғалмайтын мүліктің бағасы күрт құлдырайды, бүкіл банк жүйесі күйреп, Қазақстан терең экономикалық дағдарысқа батады. Сіз осындай болжаммен келісесіз бе?

С.ӘБДІЛДИН: - Менің ойымша, жаппай құлдырап, күйреу бола қоймас, бірақ әлсіреуі ықтимал.

Біздің банк жүйеміз ең үздік, бүкіл ТМД кеңістігінде де біздікіндей жетік банк жүйесі жоқ дегенді, мысалға, Елбасы талай сөйлеген сөзінде ұмытпай айтып келеді.

Бірақ міне банктердің мүшкіл халге түскеніне 1 жылдай болды. Қазірдің өзінде де сол халінен оңалған жоқ. Екінші сатыдағы банктердің жағдайы қиын деп айтса, артық болмайды. Сол себепті банктердің санын да реттеу керек, сапасын да жетілдіру керек.

Ал сарапшылардың айтып жүрген болжамдарының біразы расталып жатады. Менің өз ойым – Қазақстанның экономикасы да, банк жүйесі де дүние жүзіндегі экономикалық құбылысқа тікелей тәуелді емес.
Қазақстандағы банктердің санын да реттеу керек, сапасын да жетілдіру керек


Біз шағын елміз. Егер біздің саяси басқару жүйеміз экономикалық сындарлы, көреген саясат жүргізсе, шағын елдің дүниежүзілік дағдарыстың ықпалына түсуі шарт емес.

Қазақстан банктері инвестицияларын Грузияға емес, елге салуы тиіс

АЗАТТЫҚ: - Меруерт, сіздің көзқарасыңыз бойынша, Ресей-Грузия жанжалы Қазақстанның экономикасына қаншалықты әсер етті?

М.МАХМУТОВА: - Негізі соңғы жылдары Грузияға біздің мемлекеттік инвестициямыз да, жеке меншікті бизнестің де инвестициялары ағылды.

Соңғы жылдары халықаралық рейтинг агенттіктері, Standard&Purs агентігінің сөзі әлі есімізде, қазақстандық банктердің тәуекелге тым көп барып жатқанына көңіл аударып еді. Дәл сол кезде біздің жеке меншікті банк жүйесін басқарып отырған азаматтар сол ескертуге құлақ аспай, келіспеген еді. Сол ескертудің расталғанына бүгін көзіміді жеткізіп отырмыз.

Әрине, Грузияның Батуми порты арқылы экспортқа жөнелтіліп жатқан мұнайды, премьер-министрдің нұсқауы бойынша, Қазақстанның ішкі сұранысына қарай бұратындай болды.
Банктер инвестицияларын Грузияға емес, елге салуы тиіс


Бұл, бәлкім, дәл өзіміз үшін, Қазақстанның қарапайым тұтынушылары үшін жақсы да шығар. Себебі, соңғы жылдары мұнайдың әлемдік бағасы күрт өскен соң, бар мұнай экспортқа шығарылып, елдің ішкі сұранысына, мұнай өңдеу зауыттарына шикізаттың жетпей жатқаны байқалды.

Жалпы алғанда, грузин-орыс жанжалы Қазақстан экономикасына қатты әсер етті деп айта алмаймын. Грузияға мол инвестициясын салған жеке бизнес институттары, оның ішінде біздің ірі банкіміздің бірі сол инвестициясын бір күнде кейін алып шыға алмайды. Демек, әрине, бірқатар проблема болатын да шығар.

Осы күні Қазақстан экономикасында инвестициялар жетпей жатқан салалар баршылық, мысалға ауылшаруашылығын айтса да болады. Ендігі жерде Қазақстан үкіметі де, Қазақстаның бизнес құрылымдары да отансүйгіштік көңілмен сол инвестицияларын елге жұмсағаны жөн болар еді.

АЗАТТЫҚ: - Меруерт, әңгімеңізге көп рахмет! Серікболсын мырза, сіздің көзқарасыңыз бойынша, Ресей-Грузия жанжалы Қазақстанның экономикасына қаншалықты әсер етті?

С.ӘБДІЛДИН: - Мұны да көпшілік асыра айтады. Бірақ менің өз ойым – біздің мұнайымызды экспортқа шығартпай ұстауға екі жағы да (Грузия мен Ресей) мүдделі емес. Қалай болмасын, біздің мұнайымыз бен газымыз Грузия арқылы да, Ресей жерімен де үзілмей тасымалдана береді.
XS
SM
MD
LG