Accessibility links

Семей полигонының зардабы әлі жойылған жоқ


1949 жылдан 1991 жылға дейін Кеңес Одағы Қазақстан жерінде 450-ден астам ядролық сынақ өткізіпті. Осындай нәубаттан зардап шеккен Семей өңіріндегі ахуал әлі күнге шейін ауыр күйде қалып отыр. Онда тұратын қарапайым халық 40 жыл бойы жалғасқан ядролық сынақтың кесірінен күні бүгінге шейін қасірет шегіп жатыр.
- Алғашқы кезде полигон зардабынан ауруға шалдыққан адамдарға көмек көрсету, оларды емдеу туралы үкімет тарапынан заң қабылданған еді. Ол да өз жұмысын тоқтатты. Қазір ешқандай өзгеріс жоқ, бәрі бұрынғыша. Семей жері радияциядан тазаланған жоқ.Адамдар малын бағып, сиырын жайып өмірлерін сүріп жатыр. Үкімет елдің денсаулығын сақтау мақсатында жұмыс жасаған жоқ. Оған көп ақша керек. Ақша да бөлген жоқ, - дейді «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы Мэльс Елеусізов.
1991 жылы елде жаппай қырып-жою қаруының мол қоры болды. Мәселен, уран қоры жағынан Қазақстан әлемдегі алдыңғы орындардың бірінде. Ол кезде аумағында қуатты ядролық қару орналасқан әрі атом өнеркәсібінің жұмыс істеп кетуі үшін ресурстық база болатындай жағдайы Қазақстанға алдыңғы қатарлы ядролық держава сипатын бере алатын.
Бұл ретте саясаттанушы Дос Көшім өз пікірін төмендегідей жеткізді:
- Полигон зардабын шекендерге үкімет тарапынан кезінде бір жоспарлар болған. Бірақ ол да кейіннен тоқтатылды. Бұл Қазақстан үкіметінің негізгі міндеті болып табылуы керек еді. Бірақ ол жүзеге асырылған жоқ. Сондай-ақ Курчатов сақталып, тағы да сол жерде бомбалар жарылмаса да, ғылыми зерттеу жұмыстарының жалғасып жатқандығын жақсы білеміз.
Саясаттанушы Семей полигоны жабылған уақытта мемлекет тарапынан арнайы салмағы бар бағдарламаның жасалынбағандығын сөз қылып, бұл мәселеге үкімет пен қоғамдық ұйымдардың еш назар аудармай отырғандығын тілге тиек етті:
- Сол жердегі тұрғылықты халықтардың тартып жатқан зардаптарын үкімет ұмытып кеткен сияқты. Өкінішке орай осы мәселені «Невада - Семей» антиядролық қоғамдық қозғалысы да көтере алмады. Болмаса бұл мәселені парламентте заң ретінде ме, әлде үкіметтің бағдарламасы есебінде ме енгізуге болатын еді. Тек қана сынақ, полигон жабылғаннан кейін, барлық жұмыс осымен бітті деп шешкен болуы керек. Әлі де кеш емес.
Біз «Невада - Семей» антиядролық қоғамдық қозғалысының мүшесі Майдан Әбішевке осы күндері қандай жұмыстар жасалынып жатыр деген сауал қойған едік:
- Сол бұрынғы жұмыс. БАҚ-на мақала жазып жатырмыз. Семейге барып, халықпен жұмыс істейміз. Жаз кездерінде бүлдіршін жастарды демалыс орындарына жібереміз. Тіршілік сол. Үлкен жұмыс әзірге жоқ.Үкіметтен ақша бөлінген емес. Жағдай бұрынғыша. Өзгеріс жоқ. Шетелден дәрігерлер келіп, түрлі медициналық аппараттарын әкеліп, көмек көрсеткен. Ал біздің үкімет еш қимылсыз.
Семей полигонында ұзақ жылдар бойы ядролық зымыран қозғалтқышының жеке элементтері ғана емес, жер үсті прототипі де сыналған. Аталмыш өңірде 40 жыл бойы сыналған ядролық зарядтардың жиынтық қуаты Хиросимаға тасталған бомбаның қуатынан 2,5 мың есе асып түседі екен.
XS
SM
MD
LG