Accessibility links

ЕуроОдақ Ресейге қатысты екіге жарылды


Russia/EU - Russia and EU flags, undated
Russia/EU - Russia and EU flags, undated

ЕуроОдақ басшылары Брюсселдегі кездесуінде Грузия дағдарысына байланысты Одақтың Ресеймен қарым-қатынасын қайта қарамақшы.

Алайда Ресейдің әрекеттеріне қалай жауап беру қажет деген сауалда Еуропа елдері басшылары екіге бөлініп отыр.

Бүгін Брюсселде Еуропа Одағы елдері басшыларының кезектен тыс саммиті басталады. Оған қатысушылар Оңтүстік Осетия мен Абхазияның тәуелсіздігін Ресейдің мойындауынан соң қалыптасқан жағдайды талқылап, Ресеймен қарым-қатынасында қандай келісімге тоқталатындарын ақылдаспақшы.

Саммит қарсаңында Брюсселде баспасөзге берген сұхбатында ЕуроОдақ сыртқы істер басшысы Хавьер Солана: "Санкция жариялау күн тәртібінде тұрған жоқ. Ресеймен байланысымызды қайта бағаламақшымыз. Біз қазір шілде айында басталған Серіктестік және ынтымақтастық келісімі үдерісін жүзеге асыра бастадық. Осы мәселелердің барлығы да болашақта қайта қаралуы тиіс”, деген еді.

Бұл үдеріс ЕуроОдақ пен Ресей саммиті қарсаңында аяқталуы тиіс деген еді Солана мырза. Ол саммит қарашаның 14-де Францияның Ницца қаласында болмақшы. Франция президенті Николя Саркозидің арағайындығымен Ресей және Грузия арасында атыстарды тоқтату жөнінінде 6 баптан тұратын келісімге қол қойылғаны белгілі.

Оның қалай жүзеге асып жақтандығын бақылау мақсатында ЕуроОдақ бірнеше жүздеген әскери және полиция бақылаушыларын жібермекші. Бұл бақылаушылар Оңтүстік Осетияда немесе Абхазияда емес, Грузияның тікелей өзінде жұмыс істейтін болады. Сондықтан ол үшін Ресейдің рұқсатын алудың қажеті болмайды дейді сарапшылар.

Еуропа мен ресми Мәскеу арасында жаңа теке-тірес дәуірінің басталуына Грузия дағдарысының себепші болмауы үшін асығыстық пен қызбалыққа салынбау қажеттігін Франция, Германия, Италия елдері ұстануда. Аталған саммитке төрағалық етуші Саркози мырза бұл дағдарысты шешуде жеке дипломатиялық байланысын жалғастыра беруді қалап отыр. Тіпті ол өзі Ресей мен Грузияға қайтып барып, бейбіт сөйлесулерді одан әрі өрістеткісі келеді.

Қызуқандылыққа салынып, Мәскеумен арадағы барлық есіктерді жауып тастауға тырыссақ, онда Еуропа одан запа шегеді деді Германия сыртқы істер министрі Франк Валтер Штейнмейер. Ресей бізге жау ел емес, стратегиялық әріптес деді Италия тарапы.

Брюссель саммитінде Ресейге қатаң талаптар қойылып, сындардың жолданылуын қалайтындарын Британия мен Шығыс Еуропаның бірқатар елдері айқын білдіріп отыр.

Мысалы Британия үкімет басшысы Гордон Браун Observer апталық басылымына берген сұхбатында ЕуроОдақтың Ресеймен қарым-қатынасы қайта қаралуы тиіс дей келіп, Мәскеуді Үлкен сегіздік тобынан шығарып тастап, оның НАТО-мен байланысын қайта қарау керек болар деген ойын жеткізген болатын.

ЕуроОдақтың пікірі екіге бөлініп отырған бұл айтысқа Ресейдің де араласқысы келген сыңайлы. Мысалы Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров: “Құрама Штаттар мен оның одақтастары өз халықтарының және грузин халқының қызығушылықтарын ойламай, Саакашвили билігін қорғауды ғана ойласа, мұның өзі шынайы тарихи тепе-теңдік тұрғысында қателікке алып барар еді,-” деді.

Атысты тоқтату келісімін жүзге асыруға Ресей асықпауда. Бұл әрекет Саркози мен ЕуроОдаққа қиындықтар әкеліп отыр.
XS
SM
MD
LG