Accessibility links

Өзбекстанның бұрынғы барлау қызметкері Икром Якубов Британиядан саяси баспана сұрамақшы. Қазір шетелде жасырынып жүрген Якубовтың айтуынша, Әндіжанда қарапайым халықты қыруға президент Ислам Каримовтың өзі бұйрық берген.

Саяси баспана үшін құжат тапсыру жөніндегі Якубовтың шешімінің аржағында ұзақ әрі қауіп-қатерлі жол жатыр. Якубов кезінде президент Каримовтың өзіне тікелей есеп беретін. Ал енді ол бұдан былай “қанішерге жұмыс істегім келмейді” деген шешімге келіп отыр.

Азаттық радиосына хабарлаған бұлақтарға сәйкес, дүйсенбі күні Лондонға барған Якубов жақын арада саяси баспана сұрайтын болады. Өз өміріне қауіп төніп тұрған соң ол сәуір айынан бері үшінші елде жасырынып жүрген екен.

“Каримовтың үкіметінде жұмыс істеген кезімде мен көптеген заңсыз, қорқынышты нәрселерді көрдім. Яғни олардың адамдарға қалайша ойдан жасалған айыптарды тағатындықтарын, кәдімгі тұрғындар мен Ислам дініндегі қарапайым халықты қалайша өлтіретіндіктерін, сондай-ақ, қоғам арасында қалайша үрей туғызатындықтарын көрдім. Мен де осындай жан түршігерлік саясаттың бір бөлігі болдым”, - дейді Якубов.

Ол он жыл бойы СНБ (Ұлттық қауіпсіздік қызметі ) офицері болып жұмыс істеген, сондай-ақ, екі жылдай Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің мүшесі болған. Осының бәрін ескере отырып, оның сөздеріне сенуге бола ма, жоқ па – белгісіз, себебі оның айтқандарын дәлелдейтін құжаттар жоқ.

Якубовтың атап көрсетуінше, 2005 жылы елдің шығысындағы Әндіжан қаласында наразылық танытушыларға оқ ату туралы Каримов тікелей бұйрық берген. Ол оқиғада 1500-ден астам адам құрбан болды дейді Якубов. Ал адам құқығын қорғаушы топтардың есептеуінше, Әндіжан қантөгісінде мыңға жуық адам өлтірілген. Бірақ Каримов бұл айыптауларды жоққа шығарған болатын.

Якубов, сондай-ақ, өзбек үкіметін шабуылдарды қолдан ұйымдастырып, исламшыл бүлікшілерді айыптау арқылы терроризмді сылтауратып жасанды саясат ұстанып отыр деп айыптады. Мұның бәрі оппозицияны жою үшін әрі шет мемлекеттердің қолдауына ие болу мақсатында жасалып отыр дейді Якубов.

Оның айтуынша, 2004 жылы орын алған ұшақ апатын өзбек үкіметі ұйымдастырған. Ол оқиғада БҰҰ-ның өкілі Ричард Конрой қаза тапқан болатын.
Ричард Конрой


Якубовтың айыптаулары қыркүйектің 1-де тәуелсіздігінің 17 жылдығын тойлаған Өзбекстанға жаңадан айтылған сынның бірі ретінде айрықша назар аудартты.

Бұдан бұрын да адам құқығын қорғаушы белсенділер мен диссиденттер және сыншылар Якубовтың айыптауларына ұқсас мәлімдемелер жасаған болатын. Олардың арасында Өзбекстандағы бұрынғы Британия елшісі Крэйг Муррей де бар.

Өзбекстан режиміндегі Якубовтың бұрынғы лауазымы жоғарыда айтылған айыптауларға негіздің бар екендігін білдіретін сияқты. Муррейдің атап көрсетуінше, бұл ойдан шығарылған айыптаулар емес. Алайда Азаттық радиосына берген сұхбатында Крэйг Муррей мұндай айыптауларды тексергенде бәрібір мұқият болуға шақырды.

“Өзбекстан өте параноид қоғам боп табылады. Онда агенттер мен екі жаққа да хабар беретін тыңшылар бар. Якубовтың мәліметі ақиқат және өте қызық болып көрінгенімен, біз әрдайым мұқият болуымыз керек”, - дейді Муррей.

Бірақ ағылшын тілін өте жақсы меңгерген Якубов мен тыңшы емеспін, мен Каримов режимі туралы шындықты айтқым келеді дейді.

Батыс елдеріндегі дипломатиялық бұлақтар Якубовтың айтқан кей мәліметтерін растап отыр. Сонымен қатар, белгілі өзбек диссиденттері Якубовтың Каримовке жақын адамдар арасында болғанын растады.

Азаттық радиосы өзбек қызметінің тілшілері саяси эмигранттардың интернеттегі парақшасында шыққан таңқаларлық мақалаларды оқып, Якубовты алғаш рет шілде айында байқаған болатын. Онда өзін "Абдулло Сарбадор" деп таныстырған бір кісі Каримовқа қарсы шығып, Өзбекстаннан кетуге мәжбүр болғандығы туралы жазып жүретін. Сөйтіп ең соңында тілшілеріміз шетелде жасырынып жүрген Якубовқа шыққан еді.

Басында ол аты-жөнін айтпай телефон арқылы ғана сұхбат беруге келісті. Сосын шілденің ортасында Якубовтың бір туысы жол апатында жұмбақ жағдайда қаза тапқан соң, ол өз атын ашық айтуға көшті.
Кейінірек Якубов өзі жасырынып жүрген мемлекетте Азаттық радиосының тілшілерімен кездесті.

“Менің туыстарым мен отбасыма және мені Каримовқа жұмыс істеуге ұсынған ұстаздарыма өте ауыр болуы мүмкін. Мен мұны білемін. Бірақ бұл - менің тағдырым. Мен осындай шешімге келіп отырмын. Мен Каримовтың елді заңсыз басқаруы туралы шындықты айтамын деп шештім. Енді мені ешкім тоқтата алмайды”, - дейді Якубов.

Азаттық радиосының тілшілерімен сұхбаттасқан Якубов Өзбекстан билігіне қатысты басқа да бірқатар айыптауларды айтты.

Ол өзінің 15 жасынан бастап Ташкент ұлттық университетінде СНБ-ға мәлімет тасушы жансыз болғанын айтады. Якубовтың атап көрсетуінше, оған 2005 жылдың мамыр айында орын алған Әндіжан қырғыны туралы мәліметтердің көбісін сол оқиғаға қатысқан жоғары лауазымды СНБ офицері берген екен. Осы бұлаққа сәйкес, бұрынғы тәжік полковнигі Махмуд Худайбердиевтің басшылығындағы күштер Каримовтың тікелей тапсырмасымен наразылық танытушыларға оқ жаудырған. Худайбердиев Тәжікстанда төңкеріс жасамақшы болды деген айып бойынша іздестірілуде.

Якубовтың айтуынша, Худайбердиев пен оның күштері Каримов пен оның қыздарын қорғайтын күзетшілері екен. Оларға Каримов қайтыс болған соң, қызы Гүлнара президент болуы керек деп тапсырылған көрінеді дейді Якубов.

2002 жылы Якубовқа халықаралық ұйымдар мен диссиденттерді бақылайтын арнайы “ақпарат қауіпсіздігі” бөлімін басқару міндеті жүктелген болатын. Ол Каримовтың өзіне тікелей есеп беретін болған. Бірақ екі жылдан кейін ол саясатты сынаған Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің есебін жазғаны үшін қызметінен босатылды. Оның соңғы баяндамасы 2004 жылдың көктемінде Ташкент пен Бухарада болған жарылыстар туралы ресми мәліметке қайшы келді. Ол жарылыстарда 47 адам опат болған-ды.

Үкімет ол шабуылдарды Өзбекстанның ислам қозғалысы мен Хизб-ут Тахрир тобы ұйымдастырды деп айыптаған еді. Якубовтың айтуынша, Ташкент пен Бухарадағы жарылыстарды өзбек үкіметі жүзеге асырған.

Бұрынғы Британия елшісі Крэйг Муррей де осындай қорытындыға келген болатын. Муррей ол туралы өзінің “Самарқандағы өлтіру” деп аталатын кітабында жазған-ды.

Сонымен қатар Якубов Каримов режимі көптеген экстремисттік топтарды, сондай-ақ, Өзбекстан ислам қозғалысының жетекшілерінің бірі делінетін Тахир Юлдашты және Акрамия тобының рухани көсемі делінетін Акрам Юлдашты ойлап тапқан деп айыптап отыр. Ал Өзбекстан билігі Әндіжан оқиғасына Акрамия тобы айыпты деген болатын.

“Акрам Юлдаш, Тахир Юлдаш - арнайы СНБ тарапынан ойлап шығарылған адамдар болып табылады. Мен бұған сенбеймін, себебі менің осылай деп айтуыма жеткілікті дәлелдер бар. Өзбекстан ислам қозғалысын да Каримовтың тапсырмасымен СНБ жасаған. Тахир Юлдаштың Каримовпен тығыз байланысы бар. Ол Каримовтың бұйрығын орындайды”, - дейді Якубов.

Хабарларға қарағанда, Тахир Юлдаш Пәкістанның тайпалы аймақтарында Талибан күштерін қолдайтын бір бөлімді басқарады. Ал Акрам Юлдаш 1999 жылы лаңкесттікке қатысы бар деген айыптармен түрмеге жабылған болатын.

Сонымен қатар, Якубов өзбек билігіне қатысты тағы басқа айыптауларды алға тартады. Мысалы, 2004 жылдың қаңтар айында орын алған ұшақ апатын өзбек үкіметі ұйымдастырды дейді Якубов. Мұндай болжам Крэйг Муррейдің де кітабында жазылған. Ол ұшақ апатынан БҰҰ-ның өкілі Конрой қаза тапқан еді. Якубовтың атап көрсетуінше, Конройда Өзбекстан ресмилерінің есірткі саудасымен айналысатындығы туралы ақпарат болған көрінеді.

Бұған қоса, Якубов Өзбекстан билігін қыз-келіншектерді шетелге шығарып, жезөкшелікке салады деп айыптап отыр.

2004 жылы Ұлттық қауіпсіздік кеңесінен кеткеннен кейін Якубов Баспасөз және ақпарат министрлігіне ауыстырылған болатын. Бұл агенттік оппозициялық бұқаралық ақпарат құралдарын бақылайды. Биыл ол Азаттық радиосы өзбек қызметінің тілшілері туралы бір сағаттық сыни бағдарлама дайындаған еді. Якубовтың айтуынша, бұл ескерту болған.

Министрліктен кейін Якубов Өзбекстандағы Стратегиялық зерттеулер институтында талдаушы болып қызмет еткен. Біраздан соң Якубов ол жерден де босатылған. 2007 жылы көктемде ол әбден тығырыққа тіреліп, дал болады.

Кейіннен ол соққыға да жығылады. Ал өткен ақпан айында бір СНБ офицері оған “Икрам, елден шығып кет, сені биліктегілер қамауға алмақшы” деп ескерткен екен. Содан кейін Якубов Өзбекстанды тастап, шетелге шығып кетуге мәжбүр болғанын айтады.
XS
SM
MD
LG