Accessibility links

Kүміс жүлдегер Асхат волейбол жұлдызына үйленді


Дзю-до күресінен 100 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде күміс медаль алған Асхат Жіткеев жүлдегерлер мінберінде тұр. Бейжің, 14 тамыз, 2008 жыл

Дзю-до күресінен 100 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде күміс медаль алған Асхат Жіткеев жүлдегерлер мінберінде тұр. Бейжің, 14 тамыз, 2008 жыл

Бейжің Олимпиадасында Қазақстан спортшыларының аса құнды жеңісінің бірі - дзю-до күресінен 100 келі салмақ дәрежесінде Асхат Жіткеевтің алған күміс медалі болды. Азаттыққа арнайы берген сұхбатында Асхат күміс жүлдеден кейін өмірінде болған басты өзгеріс туралы әңгімелеп берді.

АЗАТТЫҚ: - Асхат, Бейжің Олимпиадасынан жеңіп алған күміс медалің құтты болсын! Ол біріншіден, екіншіден – белгілі волейболшы қыз Елена Павловамен жүрек табыстырып үйленген екенсің, тойың құтты болсын және Азаттық ұжымы өзіңді Президенттің қолынан алған “Парасат” орденімен де құттықтайды!

АСХАТ: - Көп рахмет!

АЗАТТЫҚ: - Енді Олимпиадаға қайта оралсақ, Асхат, Олимпиада ойындарындағы жеңісіңді өзің қалай бағалайсың? Жалпы Бейжіңнің алдында қандай жүлде алуды жоспарлап едің?

АСХАТ: - Бұл менің үшінші Олимпиадам болды. Оған біз жан-жақты дайындалдық. Олимпиада ойындары 4 жылда бір-ақ рет өтеді ғой!

Міне сол Олимпиада ойындарында медаль аламыз деген сенім болған, сондай жақсы үміт болды.

АЗАТТЫҚ: - Асхат, Бейжің Олимпиадасының финалына дейін татамиге (кілемге) қанша рет шықтың және кімдермен күш сынастың?

АСХАТ: - Мен 5 рет татамиге шықтым, оның ішінде бірінші қарсыласым кувейттік палуан болса, екіншісі – соңғы 3 Әлем біріншілігінде 5-орын алған Босния және Герцоговинаның өкілі, үшінші қарсыласым – Мажарстанның өкілі – ол соңғы Әлем біріншілігінде қола жүлдегер болды, ал финалға шығу үшін күрескен төртінші қарсыласым – биылғы Еуропа бірінішілігін жеңіп алған және әлемдік Супер Кубоктің 3 дүркін иегері болып табылатын Голландияның палуаны болды.

АЗАТТЫҚ: - Асхат, осы 5 күресіңнің қайсысы ең ауыры болды?

АСХАТ: - Ең ауыры?.. Қалай айтсам екен... ең бірінші кувейттік қарсыласым ең жеңілі болды, ал қалған 4 жекпе-жегім де қиынға түсті.

АЗАТТЫҚ: - Қарсыластарыңның қайсысын “иппон” нәтижесімен, яғни таза жеңдің?

АСХАТ: - Финалға дейінгі 4 жекпе-жегімді “иппон” нәтижесімен аяқтадым.

АЗАТТЫҚ: - Асхат, финалда моңғол палуанымен күш сынасуыңнан кейін, қазақ жаттықтырушылары мен делегациясы мүшелерінің арасында моңғол палуаны қосымша күш беретін допинг дәрісін ішіп алған жоқ па деген күдік туыпты. Сол күдік неден туды, айта аласың ба?

Асхат: - Ондай күдіктің неден және қайдан шыққанын айтып жатудың қажеті жоқ қой деп ойлаймын.

Моңғол палуанымен мен татамиге 5 рет шығып, үшеуінде мен жеңдім, екі рет жеңілдім.
Бірінші рет Германиядағы әлемдік Супер Кубокте, екінші рет Бейжің Олимпиадасында есе жіберіп алдым.

Соңғы рет осыдан тура 2,5 ай бұрын біз Азия біріншілігінде финалға шығу үшін күрестік. Ол жолы мен ұттым, бірақ біз бір-бірімізді жыға алмай 10 минуттай күрестік. Тек 10 минутында ғана мен оған ауыратын әдіс жасап, таза жеңдім.

АЗАТТЫҚ: - Асхат, енді тағы 4 жылдан кейін Лондонда XXX Олимпиада ойындары өтеді. Соған қатысуды жоспарлаған жоқсың ба?

АСХАТ: - Дәл қазір оны кесіп айта алмаймын. Қазір ең басты міндет алған жарақаттарымды емдеп, денсаулығымды түзеп, біраз демалып, тынығып алу керек. Содан кейін күресем бе, күреспейім бе, соны ойланып-толғанып әрі қарай көреміз. Уақыт өте белгілі болар деп ойлаймын.

АЗАТТЫҚ: - Асхат, енді өзіңнің жеке басыңа келсек, кеше ғана үйленген сүйген жарың – Елена Павловамен қашаннан бері таныссың, үйленетін болып қашан келістіңдер?

АСХАТ: - Біз көптен бері таныспыз – 10 жыл болды. Мен осында (қазіргі Астана, бұрынғы Ақмола-Целиноградта. Азаттық) спорт интернатында оқып жүрген кезімде, Елена волейболдан өнер көрсетіп жүретін. Сол кезден-ақ танысып, сол уақыттан бері біргеміз.

АЗАТТЫҚ: - Алдағы отбасылық тұрмыстарың қалай болады? – Елена шетелдік волейбол клубтарының бірінде келісім-шарт бойынша өнер көрсетіп жүрген жоқ па?!

АСХАТ: - Лена бірнеше жыл Еуропа клубтарында өнер көрсетіп келді. Ал Жапонияның клубымен арадағы соңғы келісім-шарты аяқталып, елге оралды.

АЗАТТЫҚ: - Тойларың қалай өтті?

АСХАТ: - Тойымыз ойдағыдай болды.

АЗАТТЫҚ: - Асхат, әңгімеңе көп рахмет! Жас жұбайларға бақыт пен ұзақ жыл өмір тілейміз!

Азаттық радиосының анықтамасы: Асхат Расулұлы Жіткеев – 1981 жылдың 13 сәуірінде Астана қаласында туған.
2000 жылғы Сидней, 2004 жылғы Афина және 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасына қатысты;
2001 жылы - Әлем біріншілігінде қола жүлдені жеңіп алды;
2003 және 2004 жылдары – Азия біріншіліктерінде алтын медалдерге ие болды;
Жазғы Азия ойындарының және Бейжің Олимпиадасының жүлдегері.
Зайыбы Елена Павлова – қыздар арасындағы волейболдан тұңғыш рет Бейжің Олимпиадасына жолдама ұтып алған Қазақстанның ұлттық құрамасының капитаны.
XS
SM
MD
LG