Accessibility links

Петропавлда жолақысы қымбаттайды


Петропавлда қоғамдық көліктерде жолақысы 10 теңгеге қымбаттамақ. Енді жолаушылар троллейбусқа мінсе - 40, автобусқа – 45, шағын автобустармен жүрсе 50 теңге төлейді.

Жолаушылар тасымалдаумен айналысатын кәсіпорындардың бірі - «Петропавл-Норд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Болат Рақымов жол ақысын көтеруге басты себеп – жанар-жағар майдың қымбаттауы деп түсіндірді.

«Оны еселенген бағамен сатып алып, ақыны өсірмесек, бізге ешқандай пайда түспейді, өз шығынымызды да ақтай алмаймыз», - дейді ол.
Бірақ жолаушылар дизель отынының троллейбустарға қандай қатысы барын біле алмай әлек. Әскери қызметкер Баймырза Есенов:
- Жол ақысының қымбаттауын әрдайым бензин бағасының өскенімен түсіндіреді, бұдан басқа себеп естіп көрмеппін. Бірақ, электр қуатымен жүретін троллейбустарда жүру ақысы неге қымбаттағаны түсініксіз, мұндай көлік бензин «жемейді» ғой, ал электр қуаты қымбаттайды дегенді естіген жоқпыз, ендеше бағаны бұрынғыдай 30 теңге етіп қалдыру керек еді.
Үй шаруасындағы әйел Мәрзия Қожахметованың мектепте оқитын үш баласы бар. Өздері шаһардың шетінде тұратындықтан және ол жақта қазақ мектебі болмағандықтан, үшеуі де қала орталығындағы қазақ мектебіне қатынап оқиды.

- Балаларды мектепке дайындауға қаншама қаржы жұмсадым. Енді оған қымбаттаған жол ақысы қосылды. Меніңше, өздері қызметтік көлікпен жүретіндіктен, қарапайым халықтың мұң-мұқтажын түсінбейтіндер ғана осындай шешім қабылдай алады, - дейді ашынған ана.
Жоғары оқу орнының студенті Жанат Абылаев та оқу мен жол ақысының қымбаттағанына қынжулы:
- Жол ақысын көтерді, бірақ қызметтері соған сәйкес болса жарайды ғой. Әйтпесе, автобустардың іші үнемі шаң-тозаң, орындықтардың беті қопарылған, шимай-шатпақ, кондукторлардың қайсы болсын ашулы, жүргізушілердің кейбіреулері құжатын сатып алып, өмірі рөл ұстап көрмегенге ұқсайды – жүрістері сойқан, құлап жатсаң да ешкім қарамайды.
Ал қоғамдық көлік жүргізушісі Николай Евдокименко болса, керісінше, бұл жаңашылдықты қолдап отыр:
- Мен өзім жолаушылар тасымалдаумен айналысқандықтан, жанар-жағар майға, қосалқы бөлшектерге, көлікті жөндеуге қанша ақша керек екенін білемін. Оның үстіне, қазір жол ережесін бұзғандарға салынатын айыппұлдар да аспандап кетті. Дизель отыны 115 теңге, бензин 90-105 теңге тұрады. Мұндайды білмейтін адамдардың наразы болатыны түсінікті. Бірақ, азық-түлік, дәрігерлердің қызметі қымбаттағанда, халық біраз шулады да, тынышталды ғой, осы жолы да солай болады.

Қалалық көліктегі жол ақысының жаңа тарифтерінің жобасына сәйкес барлық меншік түріндегі тасымалдаушылар бұл жаңашылдықты қыркүйектің 1-інен бастап енгізуі тиіс еді. Бұқаралық ақпарат құралдарына хабарландырулар беріліп, қоғамдық көліктерге де құлақтандырулар жасалды. Бірақ тұрғындардың наразылығына тап болған олар енді жол ақысын көтеруді қыркүйектің 15-іне шегерді. Мұның себебін олар «тұрғындарды ашындырмау үшін» деп түсіндірді.
XS
SM
MD
LG