Accessibility links

Жаңсақ аударма жарға жығады


АҚШ пен НАТО жасақтарының Ауғанстан халқымен тығыз байланыс орнатуына нашар аудармашылар кері әсерін тигізуде.

Нашар аудармаға себептер: аймақтық диалектілер, мәдени айырмашылықтар және этникалық жауластық, дұшпандық.
Ауғанстанда АҚШ пен НАТО әскери аудармашылары естіген ақпараттарын көбінесе түгел аудара бермейді. Мұның өзі НАТО мен АҚШ-тың бастауындағы коалицияның ауған халқымен ортақ тіл табысуына кедергі келтіріп жатады.

Залмай Зурмутай- Ауғанстандағы НАТО күштеріне пашту тілінде аударма жасайтын адам. Оның айтуынша, дари тілінде сөйлейтін аудармашыны паштун аймағына жібергенде аудармашы қателіктерге өте жиі ұрынып жатады.

Сондай-ақ Еуропада немесе Құрама Штаттарда өскен жас ауған жігіт Ауғанстандағы паштун ауылдарының мәдени ерекшеліктерін түсінбей, қате аударуы әбден кәдік.

Сондай-ақ жергілікті тайпалардың бір-біріне кек ұстауы да аудармаға кері әсерін тигізері сөзсіз. Мысалы негізінен паштундардан құрылған Талибан билігі кезінде көп жапа шеккен шағын ру өкілі аудармашы бола қалса, ол өз кезегінде паштун ақсақалдарына дөрекі сөйлеп, осылайша бүкіл ауылды шетелдік күштерге қарсы қойып қояды дейді Зурмутай.

Тәуелсіз фильм жасаушы Джон МкХюж “Ауғанстандағы жаңсақ аудармалар әсері” деген деректі фильм түсірген еді. Оның айтуынша, тайпа қариясы ауылдарында қауіпсіздіктің қамтамасыз етілмегенін, Пәкістан тарапынан талибандық содырлардың жиі келіп, мазалайтынын АҚШ солдаттарына ұзақ баяндаған еді. "Алайда аудармашы бұл өтініштерді жеткізе алмады. Мұндай жағдайда америкалық солдаттар тығырыққа тіреліп, ал қарапайым халық болса, олардың тілектеріне шетелдік жасақтар немқұрайды қарады деген ойда қалары анық,-" дейді МкХюж.

Ал Зурмутай мырзаның айтуынша, бір жолы аудармашы паштунның кочи руы тұратын елдімекенді талибан жасақтары орналасқан жер деп қате аударған болатын. Тек ең соңғы минутта ғана басқа аудармашы келіп оқиғаға араласып, оның дұрыс аудармасы арқасында ғана бірнеше ондаған әлгі ру адамдары НАТО-ның әуе шабуылдарынан аман қалған болатын.

Қазіргі кезде коалиция жасақтары аудармашылардың кәсіби шеберліктеріне көп мән беруде. Егер бұл проблема оңымен шешілетін болса, онда Ауғанстанда қайта құру мен бейбітшілік орнату істері тезірек жүзеге асар еді дейді аудармашы.

Азаттық радиосына берген сұхбаттарында АҚШ және НАТО әскери ресмилері жаңсақ аудармалардың шабуылдар кезінде де, шет аймақтар тұрғындарымен байланыс құруда да айрықша кедергі келтіріп отырғанын мойындасты.

Бірнеше жылдар бойы Пентагон ресмилері аудармашылардың Америка азаматы болуын және әскери қауіпсіздік тұрғысында сенімді болуын талап етіп келген еді.
Мысалы 2005 жылы АҚШ-тың Titan фирмасымен келісімшарт жасалған болатын. Алайда Пентагон талаптары үдесінен шығу оған қиынға соқты. Содан кейінгі келісім жасасқан L-3 Communications Holdings компаниясы да жыл аяғында келісімшарттан айрылып қалған болатын. Содан кейін Global Linguistics Solutions фирмасымен бес жылға арналған келісімшартқа қол қойылған еді.

Осы проблемаларды шешу тұрғысында Пентагон АҚШ әскерилерінің арасындағы шет тілдер мен мәдениеттерді үйрену үдерісіне баса назар аудара бастаған болатын. Бұл үдерістердің әскери шараларды жоспарлау ісіне де енгізілуі керек екендігі айқындалды.

Соңғы 3 жылда Ауғанстандағы НАТО және АҚШ аудармашыларының сапасы жақсара түсуде. Алайда шалағай аударманың залалы әлі де көп боп тұр деді Зурмутай мырза.
XS
SM
MD
LG