Accessibility links

Чейни аймақтық сапарын Әзірбайжаннан бастады


АҚШ вице-президенті (ортада) мен оның жұбайын (сол жақта) Бакуде Әзірбайжан премьер-министрінің орынбасары қарсы алды

АҚШ вице-президенті (ортада) мен оның жұбайын (сол жақта) Бакуде Әзірбайжан премьер-министрінің орынбасары қарсы алды

АҚШ вице-президенті Вашингтонның кейбір одақтас елдеріне сапарын бастады.

АҚШ вице-президенті Дик Чейни бұрынғы Совет одағы республикаларына үш күндік сапарын Әзірбайжаннан бастады. Ол Грузия дағдарысы мен Украинадағы саяси дауға және Әзірбайжанның балама энергия тасымалдау мүмкіндігіне баға бермекші.

Ресей мен бұрынғы Совет елдері бойынша талдаушы Стэнли Кобердің айтуынша, Дик Чейнидің сапары таяуда Грузиямен соғысқан Ресейге қатаң ескерту жасауға бағытталған көрінеді.

“Менің пікірімше, Буш әкімшілігі Ресейге қатты ескерту жасағысы келіп отыр. Бірақ бұл жерде мені алаңдатып отырған бір нәрсе бар: бос сөз шектен шығып бара жатқан сияқты. Мен бұны шахмат ойынымен салыстырамын. Дипломатия шахмат ойыны сияқты: біреу бір қадам жасаса, кейін екінші адамның кезегі болады. АҚШ пен Ресей егер “біз былай жасасақ, кейінгі қадам қалай болады?” деген сұраққа онша назар аудармай жатқан сияқты. Мен екі ел арасында осы проблеманы көріп тұрмын”, - дейді Кобер.

Дик Чейни мұнай мен газға бай Әзірбайжанда президент Илхам Әлиевпен және тағы басқа ресмилермен кездесуде.

АҚШ вице-президенті сондай-ақ Әзірбайжанда энергетика мәселелерін талқылауы тиіс. Әзірбайжан Бритиш Петролеум жетекшілігіндегі құбыр арқылы күніне шамамен 1 миллион баррель шикі мұнайды айдайды. Аталған мұнай құбыры Ресейді айналып, Грузия мен Түркия арқылы өтеді. Бірақ Әзірбайжан Грузиядағы жанжалға байланысты мұнайын Ресей арқылы да жіберіп отыр. Бұл екі Кавказ елі батыс қолдап отырған Набукко құбыры жоспары үшін маңызды деп есептеледі. Ресейді айналып өтетін Набукко құбыры Орталық Азия мен Еуропаны байланыстырады деп жоспарланып отыр.

Грузияға жасаған шабуылы үшін Ресейді өткір сынға алған АҚШ вице-президенті бейсенбі күні Тбилисиге, сосын Киевке аттанады.

Талдаушылардың айтуынша, Чейнидің Тбилисиге сапары Оңтүстік Осетиядағы қақтығыстан кейін АҚШ-тың Грузияны қолдап отырғандығын білдіреді.

Хабарларға қарағанда, АҚШ әкімшілігі өткен айдағы соғыстан кейін Грузияға көмек ретінде 1 миллиард АҚШ долларын беруді жоспарлап отыр.

Ресей Грузия жерінен әскерінің бір бөлігін ғана шығарды. Ресми Мәскеудің айтуынша, олар бітімгершілік міндетін атқаруда. Алайда Тбилиси оны басып алушы күштер деп атады.

Жұма күні Украинада Дик Чейнидің президент Виктор Ющенкомен кездесуі жоспарланған. Ал бұл екі арада Украинада биліктегі коалиция ыдырап кетті Соңғы хабарға қарағанда, Украина парламентіндегі “батысшыл” коалицияның ыдырауына байланысты бүгін президент Виктор Ющенко парламентті таратуға дейін баратынын ескертті.

Ющенко телеарнадан берілген сөзінде егер 30 күннің ішінде жаңа коалиция жасақталмаса, өз құзырымен парламентті тарататынын және жаңа парламент сайлауын тағайындайтынын мәлімдеді. Одан бір күн бұрын парламенттегі “мәскеушіл” оппозиция мен премьер-министр Юлия Тимошенко блогінің бастамасымен президенттің билік құзырын әлсірететін бірқатар заң қабылданды. В.Ющенконы қолдайтын “Наша Украина” партиясының фракциясы бүгін Тимошенконың блогімен бірлесіп құрған коалициядан шықты.

Киевтен кейін Чейни экономикалық форумға қатысу үшін Италияға барады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG