Accessibility links

Пәкістанның келесі президенті кім болмақ?

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Қыркүйектің 6-сы, сенбі күні Пәкістанда президенттік сайлау болады. Сайлау коллегиясының мүшелері болашақ президентті анықтайды.

Пәкістан парламентінің қос палатасы және аймақтық 4 заң шығарушы органдар бірлесе келіп, Сайлау коллегиясын құрған болатын. Осы коллегия алдағы сенбіде елдің келесі президентін сайлайды. Бұл сайлауда 3 үміткер бақ сынаспақшы. Оның алғашқысы Асиф Әли Зардари- Пәкістанның бұрынғы үкімет басшысы марқұм Беназир Бхуттоның жұбайы. Ол сондай-ақ- елдегі ең ірі Пәкістан халық партиясының жетекшісі.

Сайлау коллегиясының 700 мүшесінің жартысынан көбі қазірдің өзінде Зардариді қолдайтындықтарын жариялап үлгерді. Қалған дауыстар келесі қос үміткер арасында бөлінбекші. Олар- Пәкістан мұсылмандар лигасы өкілі Сайдуззаман Сыддық және Қайди-Азам атты мұсылмандар лигасы өкілі Мушахид Хуссейн Сайед.

Азаттық радиосына ел астанасы Карачиден, телефон арқылы берген сұхбатында Сайед мырза негізгі жарыстың Зардари екеуінің арасында болатынын айтты.

Осы сайлауда жеңіске жетуі ықтимал деп бағаланып отырған Зардари мырза сыбайласқан жемқорлықта айыпталып, өткен жиырма жылдың 11 жылында түрмеде отырған еді. Бұл айып басшымызға әдейі тағылған дейді оның партияластары.

Үкіметке азаматтық бақылауды қайта орнату мақсатында Зардари мырзаның кең тұрғыдағы саяси коалиция түзе алғаны үшін және президент Первез Мушарафты қызметінен кетіруге ықпал еткені үшін жақтастары оған аса риза. Мушарафтың биліктен 18-тамызда кеткені белгілі.

Сарапшы Захид Хусейннің Азаттық радиосына айтуынша, көп нәрсе Зардари билікке келгеннен кейін мәлім болады. Билік тұтқалары оның қолына шоғырланып, парламенттік билік жүйесі әлсіреуі мүмкін, дейді сарапшы. 1973 жылғы Конституция бойынша Пәкістан елі парламенттік демократиялық биліктің Британдық тәсілін қабылдауы тиіс еді. Демек, үкімет басшысы- атқарушы биліктің басшысы, ал президент болса- символикалық басшы. Алайда бұрынғы президент Мушараф өз қолына тым көп билікті шоғырландырып алған болатын.

Зардари мырза билікке келген жағдайда ол талай проблемалармен бетпе-бет келмекші. Өткен айларда елдің солтүстігіндегі Вазеристан, Куррам аймақтары мен Суат жазығында үкіметтің қауіпсіздік күштері мен талибандықтар арасындағы шайқастардан, ішінде қарапайым азаматтар да бар, бірнеше мыңдаған адам қаза болған-ды.

Азаматтық үкіметті басқарған кезінде Зардари мырза лаңкестікке қарсы күресті күшейтуде Құрама Штаттармен әріптестік орната алатын сияқты көрінген болатын, дейді сарапшы Хусейн.

Ал Карачи қаласынан үміткер, бұрынғы журналист және газет басшысы Сайед болса Азаттық радиосына берген сұхбатында болашақ президенттік жөнінде айта келіп: “Демократиялық үдерістерге бағыт беріп, оны күшейте түсуге президенттік билік көмектесуі тиіс. Ең бастысы: Пәкістанның қарапайым халқы ол президентті мақтан тұтып, елдің жарқын болашағын орнатуға және демократиялық негіздерді нығайтуға ықпал етеді деп сене алуы тиіс,- деді үміткер.
XS
SM
MD
LG