Accessibility links

Сенатқа тағы «Нұр Отан» бара ма?


Сенат депутаттығына үміткерлердің басым бөлігі - «Нұр Отан» партиясынан. Алайда, кейбір сарапшылар елде жасанды көп партиялы жүйе жасау үшін билік басқа партиялар өкілдерін де Сенатқа өткізетіндігіне сенімді.

«Табиғат» экологиялық қозғалысының көсемі Мэлс Елеусізов – сенаторлықтан үміті бар 88 қазақстандықтың бірі. Алайда, ол әлі күнге дейін үміткер ретінде тіркеле алмай жүр. Мұның себебін ол тіркелуге қажетті мәслихат депутаттарының қолын жинауға кедергі келтіріліп жатқандығымен түсіндірді:
Сенаторлыққа өзін-өзі ұсынған Мэлс Елеусізов тіркелуге қатысты заң бұзушылықтар туралы Президентке хат жолдады.
- Қай мәслихат депутатынан сұрасам да, бәрі қолды Төрегелдинов деген қайта ұсынылып жатқан бұрынғы сенаторға бердік дейді. Мен оларға: «Бұл - заңды бұзғандарың. Басқаларға да қолдау жасауларың керек», - деймін. Олар қорқа ма, білмеймін, менен ат-тондарын ала қашуда. Егер маған қол бермесе, ертең үлкен айғай-шу көтереміз. Бұл зорлық қой! Мен алдыңғы күні осы туралы Президентке хат жолдап, заң бұзушылықтың орын алғанын айттым.
Алайда, белгіленген тәртіп бойынша құжаттарын дұрыс тапсырған үміткердің барлығы кедергісіз
тіркелетіндігін алға тартады Орталық сайлау комиссиясының (ОСК)Владимир Фоос:

- Өзін ұсынған кезде үміткер сайлауға қатысатын мәслихат депутаттарының қолын жинайды. Оның саны әр бір маслихаттан 25 пайыздан аспауы, 10 пайыздан кем болмауы тиіс. Осыдан кейін үміткер депутаттық жарнасын төлеп, зайыбының декларациясын көрсетеді. Егер талаптарға жауап берсе, олар оңай тіркеледі.
"Азат" партиясы төрағасының орынбасары Петр Своик (ортада) Сенат сайлауын қатардағы әкімшілік шара деп бағалады.
ОСК хатшысының айтуынша, 3 қыркүйекте Сенатқа үміткерлерді ұсыну кезеңі аяқталды. 88 адам депутаттыққа ұсынылса, олардың 36-сы тіркелген. Ұсынылған үміткерлердің отызы – «Нұр Отан» партиясының, біреуі – «Ақ жол» партиясының, біреуі – «Әділет» партиясының мүшесі, отыз екісі – ешқандай партияның мүшесі емес, жиырма үш адам - өзінің қандай партияға жататындығын көрсетпеген.
Сенаторлыққа ұсынылғандардың басым бөлігі «Нұр Отан» партиясынан екендігіне қарамастан, билік өзге саяси партиялардың да 4-5 өкілін Парламенттің жоғарғы палатасына өткізуге ықпал жасайды деп есептейді саясаттанушы Әзімбай Ғали. Саясаттанушының айтуынша, сол арқылы Қазақстан билігі жасанды түрде көп партиялық жүйені қалыптастырмақ:
- Меніңше, «Ақ жолдың», «Әділет» партиясының, «Табиғат» қозғалысының өкілдері сенатор атануы ықтимал. Сонда Қазақстанда көп партиялық жүйе бар деп айтуға мүмкіндік туады. Бұл әлемдік қауымдастық алдында Қазақстанның демократиялық нақты қадамдары болып есептеледі. Сонда ЕҚЫҰ алдында да ұятқа қалмай, меңзеген талаптарын орындаған болып шығамыз.
"Ақ жол" партиясының төрағасы Әлихан Байменов: "Мәслихат депутаттарының 90-95 пайызы "Нұр Отан" партиясынан болған кезде олар басқа партияға қалай дауыс береді?"
Алайда, мәселен, Сенат додасына түсуге «Ақ жол» партиясы атынан оның ешқандай мүшесі ықылас танытпаған. «Мәслихат депутаттарының 90-95 пайызы «Нұр Отан» партиясынан болған кезде олар басқа партия мүшелеріне дауыс береді деп қалай айтуға болады?! Ал Қостанайдағы біздің бір мүшеміз сенаторлыққа өзін-өзі ұсынған. Ал анкетасында «Ақ жол» партиясы мүшесі екендігін жасырмай көрсеткен», - деп түсіндірді партия төрағасы Әлихан Байменов.
Оппозициялық «Азат» партиясы бірде-бір мүшесін сенаторлыққа ұсынбаған.Бұл процестің шынайы сайлауға еш қатысы жоқтығын айтады партия төрағасының орынбасары Петр Своик:
- Бұл – таза әкімшілік шара. Оған тиісті адамдар ғана қатысады. Ал біздің қатысуымыз туралы ойлаудың да қажеті шамалы. Себебі, Сенат депутаттарын сайлайтын мәслихаттар әкімшілік жолмен қалыптасады. Мәслихат депутаттарын әкім анықтайтындықтан, мәслихат депутаттарына кімді алдын-ала айтады, олар сенаторлыққа соларды өткізіп береді.
Үміткерлерді тіркеу 14 қыркүйекке дейін аяқталып, содан кейін іле-шала үгіт-насихат жұмысы басталады. Ал 4 қазанда Сенат депутаттарын сайлау өтеді.
XS
SM
MD
LG