Accessibility links

Түркия-Армения байланыстары жақсармақшы

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Ресей-Грузия жанжалы солтүстік Кавказ аймағындағы Түркия мен Армения сияқты мемлекеттер қарым-қатынасына едәуір өзгерістер алып келуде.

Үстіміздегі жылдың 7 шілдесінде Қазақстан астанасында Әзірбайжан, Армения және Түркия президенттерінің кездесуі болды. Оның барысында Армения президенті Серж Саркисян өз елінің астанасы Ереванда болатын осы қос ел футболшыларының ойынын бірге тамашалауға Түркия президенті Абдулла Гүлді шақырған болатын. Бұл шақыруды Гүл мырза ықыласпен қарсы алды.

Екі ел футбол ойыншыларының бір алаңда ойнайтындықтары туралы хабар алғаш рет өткен жылдың қараша айында тараған болатын. Одан бергі аралықта Грузиядағы орыс, грузин күштерінің қақтығыстары орын алғаны белгілі. Осыдан кейін әсіресе баяғыдан жауласып келе жатқан Түркия мен Армения елдері өзара қарым-қатынастарын жақсартуға күш салуда. Мысалы армениялық әріптесінің шақыруымен Түркия президенті Ереванға қос ел футболшыларының ойынын тамашалауға барып қайтты.

Тамыздың ортасында Түркия үкімет басшысы жедел түрде Мәскеуге аттанып, Ресей президенті Дмитрий Медведевпен кездесті. Алғашқы сауал Таулы-Қарабақтың тәуелсіздігін Мәскеудің мойындау мүмкіндігі еді. Екінші сауал Әзірбайжан-Грузия-Түркия мұнай құбырының тағдыры жайлы болған-ды.

Грузин жеріндегі жанжалдардан Армения қатты зардап шекті. Себебі бұл елді Еуропа және Ресеймен жалғастыратын барлық күретамыр жолдар Грузия арқылы өтеді.
Сондай-ақ Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбыры және Баку-Тбилиси-Ерзерум газ құбыры ол қақтығыстар кезінде жұмыстарын тоқтатуға мәжбүр болды. Бұл жағдай Армения арқылы да баламалы мұнай және газ құбырларының болуының қажеттілігін дәлелдеп отыр.

Қалыптасқан проблеманың қаншалықты салмақты екендігін әуелгі боп анықтаған түрік басшылығы болды дейді еревандық сарапшы Степан Григорян. Оның бағалауынша, Түркия президенті Абдулла Гүлдің футбол ойынын тамашалау үшін Ереванға баруының ең әуелі саяси маңызы зор. Футбол ойынын тамашалау сол маңызды кездесуге сылтау ғана болатын.

Сәл тарихи шегініс жасар болсақ, 1915 жылы Түркияда армяндардың қырғынға ұшырауының геноцид деп бағалануы екі ел арасын ушықтырып жібергені белгілі. Ресми Анкара аймақтық мұнай құбыры жобасына Арменияны енгізбеу арқылы ол елді тұйықтауын жалғастырған болатын.

Алайда геноцид деген анықтаманы тарихи тұрғыда қайта қарау үшін арнайы комиссия құру жөніндегі ұсыныспен Арменияның бұрынғы президенті Роберт Кочарян келіспей қойған еді. Осы бағытты оның ізбасары, қазіргі президент Саркисян да жалғастыратын болар деп күткен еді түрік үкіметі. Алайда жаңа басшының тығырықтан шығу жолдарын іздестіре бастаған қадамдары ресми Анкараны риза сезімде қалдырған болатын.

Тіпті Саркисянның Астана кездесуіндегі шақыруынан бұрын-ақ екі ел дипломаттары, қарым-қатынастарды жақсарту мақсатында, құпия кездесулерді бастап кеткен еді.
Тұйықталудан жапа шеккен Арменияның Ресей құшағына тартыла түсері белгілі.

Сондықтан таяудағы Грузия-Ресей жанжалынан кейін ресми Анкара мен Ереванның қарым-қатынасын қайта қарайтын кез жеткені алға тартыла бастаған болатын. “Біз Ресей мен Армения бір жаққа, ал Түркия, Әзірбайжан, Грузияның екінші тарапқа шығып, қос полюс құрылуын қаламаймыз”,-деді үкімет өкілдерінің бірі.

Ресей ықпалының бұл аймақта өсе түсуіне Түркия алаңдаушылық білдіріп, сондықтан да аймақ елдері арасындағы келіспеушіліктерді тезірек шешуге ынталы болып отыр.

Түрік ойыншылары 2:0 есебімен армениялықтарды жеңді. Өз еліндегі толып жақтан сындарға қарамастан Гүл мырза бірнеше сағатқа Еревандағы ойындарды тамашалап қайтты. Бұл сапар арадағы психологиялық кедергілерді жойды деді Гүл мырза.
XS
SM
MD
LG