Accessibility links

Бірнеше ақпарат көзі бірден "ҚазМұнайГаз" мемлекеттік компаниясының бұрынғы басшысы Серік Бүркітбаевтың тұтқындалғаны жөнінде хабарлар таратты. Онда Астанада Бүркітбаевты ҰҚҚ-нің қамауға алғаны турасында айтылған.

Ал 6 қыркүйек күні үкіметтік бағыттағы "Литер" газеті Серік Бүркітбаев ұйымдасқан жемқорлық қылмысы үшін айыпталуда деп жазған болатын.

Алайда, Zonakz. net және Centrasia.ru сайттары Серік Бүркітбаев қашқында жүрген бұрынғы күйеу бала Рахат Әлиевтің интернетте таратқан жоғары лауазымды шенеуніктерді әшкерелейтін телефон әңгімелеріне қатысы бар деп күдіктеледі деген ақпараттар берген.

"Литер" газеті болса "Серік Бүркітбаев ұсталды, оның қызметі мен іс-әрекеті турасында прокуратура органдары мен ұлттық қауіпсіздік қызметі тергеу-тексеру жүргізуде" деп жазған болатын.

Бірақ ҰҚҚ-нің баспасөз-қызметі Азаттық радиосының тілшілері хабарласқанда бұл ақпараттардың қаншалықты шынайы екендігін растамады.
-Қазір бізде ешқандай дерек-мәлімет жоқ. Мен бұл ақпаратты растай алмаймын,-деді ҰҚҚ баспасөз-қызметінің өкілі Ислам Бекішев.

Бүгін, сондай-ақ, премьер-министр Кәрім Мәсімовтың "ҚазМұнайГаз" мемлекеттік компаниясының жаңа басшысын таныстырғаны белгілі болды. "ҚазМұнайГаздың" жетекшілігіне бұған дейін мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі "Самұрық" ұлттық холдингі басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарған Қайыргелді Қабылдин тағайындалған.
XS
SM
MD
LG