Accessibility links

Саркози мен Медведев Мәскеуде кездесті


Еуропалық делегация Д. Медведевпен кездесуде

Еуропалық делегация Д. Медведевпен кездесуде

Франция президенті Николя Саркози ресейлік әріптесі Дмитрий Медведевпен келіссөздер өткізді. Саркози Ресейді атысты тоқтату келісімі бойынша уәдесін орындауға шақырды.

Еуропа Одағының төрағалығындағы Франция Ресейді Грузиямен қақтығысты тоқтатып, бұл аймақтан әскерін әкетіп, келісімді толығымен орындауға көндіруге тырысты. Сонымен қатар еуропалық бақылаушыларды Грузия аймағына орналастыру мәселесі талқыланды.
Еуропа комиссиясының президенті Жозе Мануэль Баррозо мен ЕуроОдақтың сыртқы саясат басшысы Хавьер Солана Мәскеуге Николя Саркозимен бірге барды.

Еуропа делегациясы Мәскеуден кейін Грузияға барып, президент Михаил Саакашвилимен келіссөздер өткізеді.
Грузия әскерінің Оңтүстік Осетия бақылауын алмақ болған әрекетінен кейін Ресей күштері Грузияға тамыздың 8-де кірген еді.
Еуропа Одағы бұл келіссөздерінде Грузия аймағынан Ресейдің күштерін шығаруын көздейді.
Ал Ресей ресмилері тамыздың 12-де Саркози ұсынған алты баптан тұратын атысты тоқтату жөніндегі еуропалық жоспармен келіспейтіндіктерін айтады.
Сөйтіп Мәскеу атысты тоқтату келісімі Оңтүстік Осетия мен оның Грузиямен шекарасында әскерлерді қалдыруға мүмкіндік береді деп отыр.
Қыркүйектің 15-де ЕуроОдақ өзінің 200-дей бақылаушысын Грузия аймағындағы ресейлік күштердің шығарылуын бақылауға жібермекші.

Бұл арада БҰҰ-ның Гаагадағы Әділет сотында ресми Тбилисидің "Ресей Абхазия мен Оңтүстік Осетияда этникалық тазалаулар жасады" деген шағымы бойынша тыңдаулар жүріп жатыр.
Грузияның мәлімдеуінше, тазалаулардың салдарынан этникалық грузиндер ол екі аймақтан қуылып, қысым мен шеттетуге тап болған.
Ресми Тблисидің келтірген мәліметіне қарағанда, 1991 жылдан бергі Ресейдің осындай әрекеттерінен Абхазия мен Оңтүстік Осетиядан 400 мың грузин үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған. БҰҰ-ның Жоғарғы сотында сөз алған Грузияның Әділет вице-министрі Тина Буржалиани былай деді:
“Грузия әлі де “бөліп ал да билей бер” деген саясатпен өзінің тәуелсіздігін бұзбақшы болған өте ықпалды көршісінің көлеңкесінде өмір сүріп келеді. Осындай саясатымен бұл ел ұлтаралық тепе-теңдікті бұзып, оның құрбандарына көп зардабын әкелді”.
Грузия сондай-ақ қақтығыстан босып кеткен грузин босқындарының қауіпсіз жағдайда үйлеріне оралуына мүмкіндік туғызуды Ресейден сұрап отыр. Бұл тыңдаулар үш күнге созылады. Алайда Гаагада орналасқан Әділет сотының өз шешімін орындату құқы мен күші жоқ.

Жексенбі күні Мәскеу қаласының 861 жылдығын атап өткен шарада қала мэрі Юрий Лужков Оңтүстік Осетияның астанасын талқандады деп Грузияны айыптады. Лужковтың пікірінше:
“Біздің елімізді әскери базаларымен, зымыран және бақылау жүйесімен қоршап тұрғандар үшін бұл Мәскеу тарихындағы өте қатал әрі дәл уақытысындағы ескерту. Бұл қиын да тікелей ескерту Цхинвалидегі қайғылы жағдай мен жүздеген адамның өліміне жауапты Саакашвилидің қуыршақ билігіне, әскери қылмыскерге беріліп отыр”.
Еуропа Одағының қыркүйектің 1-і күні Брюсселде өткен төтенше жиынында Одақ жетекшілері Ресей өзінің әскерін Грузия аймағынан әкеткенше, осы айдың 15-16-на белгіленген Ресеймен әріптестік келіссөздерін тоқтатуға келіскен болатын.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG