Accessibility links

Грузияның Ресейге байланысты шағымын 3 күндік қарау ісі БҰҰ-ның халықаралық Әділет сотында жүріп жатыр.

Ресми Тбилиси БҰҰ-ның халықаралық Әділет сотына жасаған шағымында Оңтүстік Осетия мен Абхазия аймақтарында тұратын грузин текті азаматтарға Ресей мен жікшілдік аймақ күштері дискриминация көрсетіп, олардың көшіп кетуіне мәжбүрлеуде деп жазған болатын.

Грузия осы қысымдардан өз азаматтарын қорғау хұқын сақтауға соттың көмектесуін сұрап отыр. Мұндай қысымдар бірнеше адамның қазасына соқтырып, сондай-ақ азаматтардың жаппай көшіп кетуіне әкелді дейді Грузия тарапы.

Сонымен бірге Гаагада орналасқан ол Әділет соты Грузияның келесі ұсынысын да қарайды. Яғни ресми Тбилиси этникалық грузиндерге қарсы қысымдардың тоқтатылуын қамтамасыз етуді сұраған болатын. Аталған сот шешімі алдағы айлардың бірінде белгілі боп қалуы мүмкін.

Ресей тарапының түсіндіруінше, Грузия әскері тамыздың 7-де басып кіріп, Оңтүстік Осетиядағы осетиндерге қарсы геноцид жасаған. Ресми Мәскеу сол үдерісті тоқтату үшін әскери түрде араласқан деді Ресей ресмилері. Содан кейін қақтығыстардың Абхазияда да болғаны белгілі.

Грузия Әділет министрінің бірінші орынбасары Тина Буржалияни Әділет сотында сөйлеген сөзінде: “Грузия қазірге дейін аса қуатты көршісінің көлеңкесінде өмір сүріп келеді. Ол көрші “бөліп ал да, билей бер” деген принциппен әрекет ету арқылы Грузияның тәуелсіздігіне нұқсан келтіріп отыр. Ол саясат Грузияның көпұлтты этникалық табиғатын зақымдап, оның халқына үлкен қасірет әкелуде”,- деді.

Ресми Тбилиси аталған шағымында сондай-ақ 1991 жылдан бергі аралықта Ресей әрекеттерінің кесірінен 400 мыңдай грузиялық азаматтың өз мекендерінен күштеп көшірілгенін баяндап отыр.

Ресей әскері атысты тоқтату жөніндегі келісімге орай тамыздың 7-не дейінгі шебіне қайта оралуы тиіс еді. Алайда орыс әскерлері “қауіпсіздік аймағы” дегенді құрып алып, Грузия жерінен толық шығар емес.

ЕуроОдақ Ресей әскерінің шығу үдерісін бақылау үшін әскери сарапшылардың Грузияға жіберілетінін қыркүйектің 6-ы күні мәлімдеді.
XS
SM
MD
LG