Accessibility links

Қола жүлдегер Елена Шалыгина – ұлттық армия офицері!


Ауыр атлетикадан қыздар арасындағы 63 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі қола жүлдегер Елена Шалыгина жеңімпаздар тұғырында (сол жақтан үшінші)

Ауыр атлетикадан қыздар арасындағы 63 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі қола жүлдегер Елена Шалыгина жеңімпаздар тұғырында (сол жақтан үшінші)

Бейжіңде еркін күрестен Қазақстанның тұңғыш қола медалін жеңіп алған Елена Шалыгинаға ұлттық армияның лейтенанты шені беріліп, ол “Құрмет” орденімен марапатталды. Жүлдегердің Азаттық радиосына арнайы сұхбаты.

Азаттық радиосы: - Елена, Азаттық радиосы өзіңді Олимпиада ойындарында жеңіп алған тұңғыш медаліңмен құттықтап, басқа да биік белестерге жете беруіңе тілек білдіреді.

Айта кету керек: бұл қола медаль – еркін күрестен Қазақстанның қыздар құрамасының да тұңғыш медалі болып табылады.

Елена: - Рахмет!

Азаттық радиосы: - Елена, Бейжің Олимпиадасындағы осы нәтижеңe өзің қанағаттандың ба?

Елена: - Жалпы алғанда, ия! Бірақ одан да биік тұғырды ойлағаным да рас.

Әйтсе де, Олимпиаданың жүлдесі, оған қоса өзім барған бірінші Олимпиадам екенін және бірінші жүлдем екенін ұмытпасам, алғашқы қадамым жаман емес деп ойлаймын. Сондықтан да мен өте ризамын.

Азаттық радиосы: - Елена, Бейжіңге дейін еркін күрес кілемінде жеткен қандай табыстарың болды?

Елена: - Олимпиадаға дейін бойжеткендердің сатысында мен 2007 жылдан бастап жарыстарға қатыса бастадым. Бірден Әлем біріншілігіне қатысып, екінші болып оралдым.

Оған дейін мен көбіне жастардың біріншіліктеріне барып, Әлем біріншілігінде екінші орын алдым, Азияда жеңіске жеттім.

Әлі жеткіншек күнімде, жасөспірімдердің жарыстарына қатысып жүрдім. Ересектердің салмақ дәрежесіне өткеніме екі-ақ жыл болды.

Азаттық радиосы: - Демек өзіңді әлі талай таныта аласың...

Елена: - Ия, әрине...

Азаттық радиосы: - Таяу болашаққа қандай жоба-жоспарың бар, тағы қандай белесті алғың келеді?

Елена: - Біз қазірден-ақ жаттығуға кірісіп жатырмыз. Өйткені, 10 қазанда еркін күрестен Әлем біріншілігі басталады.

Қазірдің өзінде алдағы Олимпиадаға деген әзірлік науқаны басталды. Демек алдымызға одан да биік, одан да жарқын мақсаттар қоюымыз керек.

Азаттық радиосы: - Елена, еркін күреспен айналысқаныңа қанша уақыт болды және күреске сені кім немесе не қызықтырды?

Елена: - Жалпы менің күреспен шұғылданғаныма шамамен 12 жыл болып қалды. Бірақ ұзақ үзіліс те болды, мен жарақат алып, 2 жылдай жаттығудан шығып қалдым. Емделген соң, соңғы 4 жыл бойы үзбей жаттығып келемін.

Ал менің еркін күреске (секциясына) келуіме түрткі болған себеп – бірге оқитын кластастарымның барлығы спорт үйірмелеріне барып жатты да, мен де жазыла салдым. Бірақ ол кезде мен 9-да ғана болатынмын, спорттың қандай түріне жазылғанымды өзім де түсініп жатпадым.

Немен айналысып жүргенімді уақыт өте түсіндім, бірақ ол кезде спорт әдетіме айналып үлгерді.

Еркін күресті соншалықты сүйдім деп айта алмаймын. Бірақ уақыт өте сол әдетім сүйікті ісіме айналды.

Азаттық радиосы: - Елена, еркін күрестің күнделікті өміріңе көмегі бар ма немесе болды ма?

Елена: - Еркін күрес өмірімнің мәнісіне айналды, менің басқа өмірім жоқ... тек спорт қана!

Азаттық радиосы: - Сенің бір кезде тек ерлердің спорты саналған еркін күреспен айналысқаныңа құрбыларың, достарың немесе туған-туыстарың қалай қарады?

Елена: - Менің құрбыларым мен достарымның көпшілігі - өздері спортшылар, көбіне палуандар. Менің араласатын достарымның дені спортпен шұғылданады.

Спортпен айналыспайтын санаулы ғана досым мені түсінеді, мені қолдап жүреді, түрлі жарыста жанымда болып, басқалар сияқты маған жанкүйер болады.

Азаттық радиосы: - Елена, спорттан бос уақытыңда басқа немен шұғылданасың – жұмыс істейсің бе әлде оқисың ба?

Елена: - Ия, мен Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде оқимын, жұмыс істемеймін. Өйткені, күнделікті жаттығуларым бар.

Азаттық радиосы: - Елена, егер сен Оңтүстік Қазақстанда туған болсаң, онда қазақ тілінде де еркін сөйлейтін шығарсың?!

Елена: - Жо-о-оқ, мен қазақ тілінде тіпті сөйлей алмаймын. Сөйлесем, тілімнің шорқақтығынан ұялмайтын жақындарымның арасында ғана сөйлемін.

Ал түсінуге келсем, негізінен әңгіменің төркінін түсіне аламын.

Азаттық радиосы: - Елена, Олимпиада ойындарынан кейін тұрмыс-тіршілігіңде өзгеріс болды ма?

Елена: - Ия, әрине болды. Жұрт сонау әуе жайдан-ақ қарсы алып жатты, жұрт мені тани бастады. Содан кейін ғана мен осы өмірде бір белеске жете алғанымды анық сезіндім.

Және, әрине, жұрттың спортқа деген көзқарасы байқалды, олар біз үшін жан-тәнімен күйіп-пісіп, көшеде көрсе қолдарын бұлғап, сый-сияпат көрсетті. Міне мұның бәрі маған қатты ұнайды.

Азаттық радиосы: - Елена, Азаттық радиосы өзіңді алғашқы рет “Құрмет” орденімен марапатталуың үшін де құттықтайды. Жалпы, Олимпиада ойындарыңдағы жеңісің үшін ел мен үкімет өзіңді қалай қарсы алды, қалай құрметтеді – соған ризасың ба?

Елена: - Әрине, өте ризамын! Бірақ жарыстың алдында ол туралы ойлаған жоқпын. Оны енді ғана ойлай бастадым.

Құттықтаулар, сый-сияпаттар әлі аяқталған жоқ. 11 медалистің барлығы динамолық болса да, екеуі ғана орталық Армия клубынан. Қысқасы, құттықтау, сый-сияпат әлі аяқталған жоқ.

Азаттық радиосы: - Елена, егер сен армияның орталық спорт клубына қарайтын болсаң, онда сенің әскери шенің де бар болар?!

Елена: - Ия, Олимпиада ойындарынан кейін маған лейтенант шені берілді.

Азаттық радиосы: - Құтты болсын!

Елена: - Үлкен рахмет!

Азаттық радиосы: - Ал енді өзіңнің жеке өміріңе келсек, күйеуге шығуды, сәби тәрбиелеуді ойлап жүрген жоқсың ба, Елена?

Елена: - Қазір спортпен шұғылданудан ол туралы ойлауға да уақыт жоқ. Қазір, мысалға, күйеуге тиемін деген жоспарым да жоқ.

Әрине, кез-келген әйел бала өсіргісі келеді. Бірақ мен әлі жаспын ғой! Оған қоса, дәл қазір жанымда өзім қалаған адам жоқ. Болса, ойланып көруге де болады. Ал әзірше ондай адам көрінбейді.

Азаттық радиосы: - Әңгімеңе көп рахмет, Елена! Табысты әрі бақытты бол!
XS
SM
MD
LG