Accessibility links

Түрік президенті Кавказда тұрақтылық орнатуды көздейді


Түркия мен Армения президенттері Абдулла Гүл мен Серж Саркисян Ереванда жабық келіссөз өткізді. 6 қыркүйек, Ереван, 2008 жыл.

Түркия мен Армения президенттері Абдулла Гүл мен Серж Саркисян Ереванда жабық келіссөз өткізді. 6 қыркүйек, Ереван, 2008 жыл.

Азаттық радиосына берген сұхбатында Түркия президенті Абдулла Гүл ресми Анкараның Кавказда ынтымақтастық ұйымын құратынын және өзінің таяудағы Ереванға сапары бүкіл Кавказ аймағын тыныштыққа жеткізетінін мәлімдеді.


Абдулла Гүл армян президенті Серж Саркисянның шақыруымен Ереванға тарихи сапармен 6 қыркүйек күні барып қайтқан болатын. Осы сапарынан кейін Түркия президенті Анкарада Азаттық радиосына сұхбат берген еді.

1-ші дүниежүзілік соғыс кезінде және соғыстың ізінше Түркиядағы армяндарды жаппай қырудың салдарынан Армения мен Түркия өзара әлі де араз. Ол оқиғаны армяндар “геноцид” деп атайды.

Ресми Анкара мен Ереван Әзірбайжан армяндары мекендейтін Таулы Қарабақ өлкесі бойынша да қарама-қайшы көзқараста. Түркия Әзірбайжанның ол өлкесін “Армения басып алды” деп есептейді.

Бірақ түрік президенті А.Гүл қазіргі қарым-қатынасты жақсартуға тырысатынын мәлімдеді. Азаттық радиосына берген сұхбатында түрік президенті дау туғызған Таулы Қарабақ проблемасының шешімі табылуы тиіс деп атап көрсетті.

Абдулла Гүл: - “Біз ділімізді өзгертуге тиіспіз. Бейбітшілік пен тұрақтылық баршаның мұң-мүддесіне қызмет етеді. Бейбітшілік пен тұрақтылыққа жету үшін біз оның кілтін табуымыз керек. Түркия мен Арменияның арасындағы проблема және Әзірбайжан мен Арменияның арасындағы проблема – екі жақтың ғана проблемасы емес. Олар – бүкіл аймақтың (Кавказ аймағының) проблемасы”.

Сонымен қатар Абдулла Гүл Әзірбайжан мен Арменияның арасындағы бейбіт келіссөздің жалғасқанын қолдайтынын тағы да шегелеп айтты.

Абдулла Гүл: - “Біз Әзірбайжан мен Арменияның арасындағы келіссөзді қолдаймыз. Бірақ, сонымен бірге Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының “Минск тобының” мәмлегер болуымен 17 жыл жалғасқан келіссөздің маңызды нәтижеге жете алмай келе жатқаны да рас. Ендігі жерде Кавказдағы ахуал өзгерді, енді біз де бар күш-жігерімізді саламыз, біз де іске кірісіп жатырмыз. Енді Құдай жарылқаса, осы ісіміз нәтиже береді. Егер де нәтиже болса, онда біздің барлығымыз да бақытты боламыз”.

Кавказға тұрақтылық орнату қажеттігін мәлімдеген Түркияның осы аймақтағы абырой-беделі күрт өсті. Түрік президенті Абдулла Гүл Кавказдың оңтүстігіндегі 3 ел мен Ресей және Түркия сынды 2 ірі елді қамтитын “Кавказдағы тұрақтылық пен ынтымақтастық келісімі” ұйымын құру жоспарын жариялады.

Түрік президентінің мәлімдеуінше, егер Кавказда бейбітшілік пен тұрақтылық орнаса, онда энергетика ресурстарына байланысты барлық проблема өзінен-өзі шешілетін еді. Сонымен қатар А.Гүл тағы да Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбырын қолдайтынын атап көрсетті. Ресей мен Грузияның өткен айдағы қақтығысы кезінде бұл мұнай құбыры істен шыққан болатын.

Түркия президенті ресми Анкараның “Ресей газын өз жері арқылы әлемдік нарыққа тасымалдауды” жолпарлап отырғанын жасырмады. Соған байланысты Абдулла Гүл:
- Газ экспортының қазіргі бағыттарының жеткіліксіз болатын уақыты да келеді, -деп мәлімдеді.

Түркия президенті Абдулла Гүл Әзірбайжан басшыларымен келіссөз өткізу үшін Бакуге 10 қыркүйек күні баруы тиіс.
XS
SM
MD
LG