Accessibility links

Өткен жылы Тәжікстан Білім министрлігі мектептерде хиджабқа тыйым салған болатын. Ресми қысымға қарамастан, елде хиджаб киетін қыздар мен Рамазан айында ауыз бекіткен жастардың саны өсіп барады.

Білім алу мен хиджабтың арасында таңдау болса, кейбір тәжік қыздары мектепке барудың орнына үйде қалады.

7 жастағы Мариям Тәжікстан астанасы Душанбедегі Иран елшілігінің мектебіне барады, себебі хиджаб киген көптеген тәжік қыздары сияқты ол да өткен аптада тәжік мектебіне кіргізілмеген екен.

“Мен қыркүйектің 1-де мектепке бардым бірақ мұғалімдер мені мектепке кіргізбеді. Олар маған орамалыңды шеш деп айтты. Содан кейін мен ол мектепке бармадым”, - дейді Мариям.

Өткен жылы Тәжікстан Білім министрлігі мектептер мен университеттерде хиджабқа тыйым салып, оқушылардан арнайы форма киюді талап етті. Тіпті министр Абдужаббор Рахмоновтың өзі университеттер мен мектептерге барып, бұл талаптың қалай орындалып жатқандығын тексерді.

Көптеген қыздар оқуларын жалғастыру үшін бастарындағы орамалдарын шешуге келісті. Ал кейбіреулер мектептен бас тартты. Кемінде бір студент, Давлатмоһ Исмоилова, министрлікті сотқа берді. Бірақ ақыр аяғында ол жеңілді.

Билік орындарының ислам дәстүрін ұстануға ұмтылған қыз-келіншектерге кедергі жасауына қарамастан, Тәжікстанда хиджаб киетін әйелдердің саны көбейіп келеді. Сонымен қатар, мешіттерге барып, намаз оқитын және Рамазан айында ауыз бекітетін жастардың саны да азаймауда. Танымал дін өкілі Махмуджон Туражонзода Азаттық радиосына берген сұхбатында Душанбедегі мешітте намаз оқитын адамдардың көбі жас жігіттер мен балалар дейді.

Жалпы тәжік ресмилері қоғамда ұлғайып бара жатқан исламның ықпалына шектеу қойып жатыр. Мысалы өткен жылы Душанбе ресмилері екі “тіркелмеген” мешітті бульдозермен бұзуға бұйрық берді, сонымен қатар, елдегі бірнеше мешітті жауып тастады. Кей мешіттердің орнына полиция бекеттері мен шаштараздар және моншалар салынды.

Елдегі жүздеген мешітке мемлекеттік тіркелуден өтіңдер деп ескерту айтылды. Имамдар мешітті тіркеу проблемаға айналуда себебі қажет емес көптеген бюрократиямен айналысу керек дейді. Бұған қоса, полиция экстремизм мен лаңкестікті және жезөкшелікті насихаттайтын компакт дискілерді тәркілеу үшін дүкендерді тексеріп жатыр. Ресмилердің хабарлауынша, рейд барысында 13 мыңнан астам осындай материалдар тәркіленген. Ал сатушылардың айтуынша, көбінесе діни негіздегі дискілер тәркіленген.

Бірақ үкіметтің жасап жатқан түрлі кедергілері тәжік қоғамында исламның таралуына тосқауыл бола алмауда. Көптеген ата-аналар балаларына ислам жөнінде білім беру үшін оларды молдаларға жіберіп жатыр. Сонымен қатар, хиджаб киетін қыздардың саны да барған сайын көбеюде.

20 жастағы Гулчехра ислам туралы әдебиетті оқып, хиджаб киетін болдым дейді.

“Менің қайын енем маған “сен әлі жассың, неге басыңа орамал тағасың?” дейді. Ол заманауи әйел және ол коммунист болған. Басында ол менің орамал тағып жүруімді қабылдағысы келмеді, бірақ енді үйреніп қалды. Ал жұмысымда, мені хиджабта көрген клиенттер маған өзінің шаштарын алдырмайды. Осылайша хиджаб менің жұмысыма әсер етуде”, - дейді Гүлчехра.

Оның қайын енесі мен клиенттері сияқты кей адамдар “қоғамның исламдануына” қарсы.

Душанбеде тұратын Рано есімді қыз еуропалық үлгідегі киім киіп, әртүрлі отырыстарға баруды ұнататынын айтады. Бірақ кей жиындарда мен өзімді ыңғайсыз сезінемін себебі ондағы қыздардың бәрі орамал тартады, бұрындары ондай болмаған еді дейді Рано. Оның айтуынша, елде исламға деген қызығушылықтың өсуіне тәжіктердің Иран мен Араб елдеріне барулары себеп болып отыр.

Душанбедегі Стратегиялық зерттеулер орталығының ислам бойынша маманы Фарух Умаровтың атап көрсетуінше, Совет одағы ыдырағалы бері тәжік қоғамында ислам осымен екінші рет қатты таралып отыр. “Тәжіктер діни құндылықтарын 90-шы жылдардың басында көтере бастады. Ол кезде көптеген адам жаңадан тіркелген Ислам қайта жаңғыруы партиясын қолдаған еді бірақ кейінірек үкіметті қолдаушылар мен оппозиция арасында азаматтық соғыс басталып кетті”, - дейді Умаров.

Оның айтуынша, егер кей күштер саяси мақсаттары үшін адамдардың исламға деген сезімдерін қайта пайдаланатын болса, бұл Тәжікстандағы екінші азаматтық соғысқа алып келуі мүмкін.
XS
SM
MD
LG