Accessibility links

Бакуде Набуккоға қолдау көрсетілді


Түркия министрі Хилми Гүлер (сол жақта) өз елінің Набукконы қолдап отырғандығын айтты

Түркия министрі Хилми Гүлер (сол жақта) өз елінің Набукконы қолдап отырғандығын айтты

Осы аптада Бакуде Әзірбайжан мен Түркия ресмилері кездесіп, Набукко жобасына қатысты өз міндеттемелері туралы айтқан соң, аталмыш құбырдың болашағына қатысты күмән жойылды.

Бұл құбыр арқылы негізінен Каспий аймағынан Еуропаға табиғи газ тасымалданады деп жоспарлануда. Ресей-Грузия қақтығысы Набукконың келешегіне көлеңке түсірген еді.

Құбырға қосылатын кей экспорт жолдары Грузия арқылы өтпек. Сонымен қатар, Набукко Каспий теңізі жағалауындағы Әзірбайжан, Түркменстан және Қазақстан елдерінің газ тасымалдауына байланысты болмақ. Ресейдің Газпром компаниясы таяуда бұл үш елдің барлық табиғи газын сатып алу жөнінде ұсыныс жасады.

Бірақ қыркүйектің 9-да Бакуде өткен “стратегиялық ынтымақтастық конференциясында” Набукко жобасына үлкен қолдау көрсетілді. Әзірбайжанның өнеркәсіп және энергетика министрі Натиқ Әлиев Әзірбайжан болашағы бар Набукко жобасынан шықпайды деп мәлімдеді.

Конференцияға қатысқан Түркияның энергетика министрі Хилми Гүлердің айтуынша, оның елі де Набукконы қолдап отыр.

“Набукко жұмыс істейтін болады. Біз бұл жобаны іске асырамыз. Набукко жобасы тек Түркияның энергетикалық қауіпсіздігін ғана күшейтпейді, ол сондай-ақ Еуропа үшін маңызды. Бұған ешкім күмән келтірмеуі тиіс”, - дейді Гүлер.

Набукко құбыры 3,300 шақырымға созылмақ және ол толығымен іске қосылған кезде Еуропаға жылына 31 миллиард текше метр газ тасымалданатын болады. Набукко құбыры Ресей мен Иранды айналып өтпек. Бұл жобаны Еуропа Одағы мен АҚШ қолдап отыр. Бакудегі конференцияда АҚШ-тың Еуропадағы арнайы өкілі Бойден Грэй энергиямен қамтамасыз етуші елдер экспорт жолдарын көбейтуі керек, бұл өте маңызды деп атап көрсетті. Оның айтуынша, АҚШ Набукко жобасынан тікелей пайда көрмейді. Десе де, Вашингтон Набукко жобасының іске асуына мүдделі. Өткен аптада АҚШ вице-президенті Дик Чейни энергетикалық экспорт жолдарын түрлендіруді алға тарту үшін Бакуге сапармен барды.

Набукко құбыры Грузия-Түркия және Түркия-Иран шекараларынан басталып, Австрияға дейін жеткізілмек. Жобаның басшысы Рейнхард Митшек осы жылдың басында Азаттық радиосына берген сұхбатында Набукко Еуропа үшін энергетикалық импорт жолы болып табылады деп мәлімдеді. Газды сатып алу және оны Набуккоға жеткізу туралы келісімдерді жасау жобадағы үлескерлер мен өзге де компанияларға байланысты болады. Бірақ Әзірбайжан, Қазақстан, Түркменстан сияқты Каспий елдерінің газынсыз құбырды толтыру қиын болады, сондықтан бұл елдердің жобаға қатысуы өте маңызды.

Бакудегі алға басушылық Набукко проблемаларының бәрі шешілді дегенді білдірмейді. Брюсселде орналасқан Халықаралық дағдарыс тобының энергия бойынша талдаушысы Чарльз Ессердің атап көрсетуінше, Әзірбайжанның қатысуы Набуккоға қатысты барлық кедергілерді жойып тастай алмайды.

Түркмен ресмилері Бакудегі конференцияда Түркменстанның Набуккоға қандай дәрежеде қатысатындығын айтпады. Бұған қоса, Түркменстан таяуда Ресей мен Қытайға көбірек газ тасымалдаймыз деп жариялаған болатын.
XS
SM
MD
LG