Accessibility links

Чехиядағы қазақ мәдениеті күндері


Прагадағы ұлттық киім шеруі осындай сән-салтанатты болды

Прагадағы ұлттық киім шеруі осындай сән-салтанатты болды

Прагада Қазақстан мәдениеті күндері өтіп жатыр. Бұл шараның мақсаты - чех халқын Қазақстанның мәдениеті мен дәстүрі және тарихымен таныстыру болып табылады. Қыркүйектің аяғына дейін жалғасатын осы мәдени шараны Чехиядағы “Елім-ай” деп аталатын Қазақстан мәдени орталығы ұйымдастырып отыр.

Бейсенбі күнгі кеш барысында бойларына сән-салтанатты ұлттық киімдер жараса қалған қыздар мен жігіттер ел алдына шықты. Олардың арасында Қазақстанда тұратын басқа да ұлт өкілдерінің өзбек, орыс және тағы басқа ұлыстардың түрлі киімдері таныстырылды.

Прагадағы сән үлгісінің көрсетілімі Чехияда ұйымдастырылып отырған Қазақстан мәдениеті күндерінің бағдарламасына енгізілген. Чех республикасындағы Қазақстанның “Елім-ай” мәдени орталығының төрайымы Светлана Шестакованың айтуынша, мақсат – чех қоғамын Қазақстан халқының мәдениетімен таныстыру болып табылады.
"Елім-ай" қазақ мәдени орталығының төрайымы Светлана Шестакова (ортада) қонақтармен бірге


“Мәдени шарамыздың басты мақсаты - чех қоғамын Қазақстанда тұратын қазақтар мен тағы басқа ұл өкілдерінің мәдениетімен және әдет-ғұрпымен таныстыру”, - дейді Шестакова.

Оның айтуынша, Қазақстан мен Чехия арасындағы достық қарым-қатынастар жақсы дамып келеді.

“Достық жағдайдағы екі ел қарым-қатынастары өте жақсы дамып жатыр. Соңғы кездері Қазақстан мен Чехия арасындағы экономикалық байланыстар күшейіп келеді”, - дейді ол.

Прагадағы мәдени шара Чехияның мәдениет министрлігі мен Прага әкімшілігі және Чехиядағы Қазақстан елшілігі, сондай-ақ, бірқатар қоғамдық ұйымдар мен коммерциялық фирмалардың қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Ұлттық азшылықтар үйінде өтіп жатқан бұл кеште сондай-ақ Қазақстан мен Чехиядағы суретшілер мен фотографтардың көрмесі қойылған. Қызығушылық танытқандар бұл көрмеде чех фотографы Юрия Некийдің Астана туралы және алматылық Олег Дятловтың Қазақстан табиғаты туралы түсірген суреттерімен таныса алады.
Фотокөрмеде - бүгінгі Қазақстан тынысы


Қыркүйектің 4-де басталған Қазақстан мәдениеті күндері шеңберінде сонымен қатар қазақ халқының әні мен музыкасына, тарихына, дәстүрі мен әдет-ғұрпына арналған кештер ұйымдастырылды. Осыған байланысты қазақстандық Әбдіғани Жиенбай мынадай пікірін білдірді:

“Бұл деген әр мемлекетке бұйырған нәрсе емес, көріп жүрміз ғой, Орта Азиядан бір айға созылған мәдени күндер болмаған. Далада да өтіп жатыр, қалада да өтіп жатыр. Бірнеше тақырыпта: қазақтың әні мен музыкасына арналған бір кеш өтті, сондай-ақ, қазақтың ұлттық киімі мен тарихына арналған кеш ұйымдастырылып жатыр. Сондықтан мына біздің қазақ мемлекетінің бүкіл әлемге жайылуының бір дәлелі осы”.

Алдағы күндері Қазақстан туралы деректі фильмдер көрсетіліп, Қазақстанның дамуына қатысты мәселелер мен екі ел арасындағы қарым-қатынастар жөнінде семинарлар мен дөңгелек-стол талқылаулары ұйымдастырылады деп жоспарланған. Ал 25 қыркүйекте, яғни осы мәдени шараның ең соңғы күнінде, Прагада қорытынды гала-концерт өтеді.

Кеш соңында Азаттық радиосы сән көрсетілімін тамашалағандардың алған әсері мен пікірін білмек ниетпен қонақтардың бірқатарына микрофон ұсынған еді:

“Бұл кеш өте тамаша және қызықты өтті. Мен жақсы әсер алдым. Кеш жақсы ұйымдастырылды. Осы мәдени шараға қатысқан модельерлердің тіккен ұлттық киімдері әдемі болған. Маған, сондай-ақ, қазақ киімдерінің тарихы туралы әңгіме ұнады”, - дейді чех азаматы Владимир Ионарш.

Гүлнара есімді қырғыз әйелі:

“Мен де кештен ғажап әсер алдым. Киім үлгілерінің ескі мен жаңа түрлері қосылып әдемі таныстырылды. Ұлттық киімдердің түсі де ашық әрі әдемі болды. Көзіміз демалып қалды”, - деді.

Сонымен қатар, мәдени шараға келген кейбір қазақ жастары осындай кештер ұйымдастырылып, олар жөнінде құлақтандырулар көбірек берілсе, бұдан да көп адам келер еді дейді.

Ал Нұргүл есімді қырғыз келіншегі ұйымдастырушыларға өз алғысын білдірді.

“Кешті ұйымдастырғандарға көп рахмет айтқым келеді. Енді болашақта осындай мәдени шаралар жиі болып тұрса екен”, - дейді ол.
XS
SM
MD
LG