Accessibility links

Ашхабадтағы атыс


Ашхабадтағы Денсаулық сақтау министрлігі мен Ана және бала орталығының ғимараты
Ашхабадтағы Денсаулық сақтау министрлігі мен Ана және бала орталығының ғимараты

Оқиғаның егжей-тегжейі әлі құпия.Түркменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов Қорғаныс, İшкі істер және Қауіпсіздік министрліктерін нашар қаруланып әрі жеткілікті дайындалмағандары үшін сынады.

Алғашқы хабар бойынша, Ашхабадтағы сенбідегі түнгі атыстар үкімет күштері мен діни экстремистік топтар арасында болды делінген еді. Алайда ел үкіметі жексенбі күнгі хабарында ол атыстар полиция мен есірткі тасымалдаушылар арасында орын алды деді.

Бірақ ресми мәлімдемеде оқиғаның қай жерде болғаны және жараланғандар мен ұсталған есірткі тасымалдаушылар туралы ешқандай деректер келтірілмеген.

Осылайша сенбі күнгі түнде Түркменстан астанасында орын алған атыстардың барлық жай-жапсары ресми билік тарабынан құпияланып отыр. Бір ғана анық нәрсе - оқиғаның орын алғандығы.

Азаттық радиосы түркмен редакциясының Ашхабадта тұратын тілшісі Халмұрад Гличдурды былай деп хабарлады:

-Ашхабадта ресми билік өкілдері бұл болған жайт турасында ешқандай түсініктеме бермей отыр, БАҚ-тар, телерадиолар да түк айтпайды, жұмған ауыздарын ашпайды.
Бұдан кейін көшелерде кешкі жеті, сегізден өте адам болмайды, жұрт үйлерінен шықпайтын болды, тыныштық. Қоғамдық көлік те сирек жүреді, бұрын түнгі 12-01-ге дейін қыдыратындар қазір жоқ.

Гличдурды бұл есірткі тасымалдаушы бұзақылармен болған шайқас дегенге өзінің сенбейтіндігін айтады:

-Біз олай деп ойламаймыз. Жоқ, әрине олар халық тұрмысына риза емес деп, әлеуметтік жағдай туралы айтпайды, олар мұны терроризммен, есірткімен байланыстыратын болады.

Ал бұл аралықта оппозиция жетекшісі Борис Шихмұрадов негізін қалаған веб сайт полиция радикалды исламдық топпен қақтығысқан болуы керек деген хабар таратты.
Түркменстанда ашылмайтын, демек онда оқылмайтын www.gundogar.org деп аталатын бұл сайт "20 полиция қаза тапты, олардың мәйіттері құпия жағдайда Ашахабд ауруханаларының біріне апарылды" деп жазады.

Бірақ бұл деректерді тәуелсіз бұлақтардан растау мүмкін болмады.

Мәскеудегі "Время новостей" басылымының тілшісі Аркадий Дубнов Франс пресс агенттігіне Ашхабадтағы ақпарат көзінің өзіне "танктер мен қарулы күштер қарулы топ жасырынды делінген ауыз су шығаратын зауытты атқылап, оқ астына алды" деп хабарлағанын айтқан.
Дубновтың сөзіне сәйкес, Ашхабад мәйітханасына 10-20 адамның денесі жеткізілген.

XS
SM
MD
LG