Accessibility links

Пусан фестивалы «Сталинге сыйлық» картинасымен ашылады

  • Есен СМАҒҰЛОВ

Қазақстан сондай-ақ негізгі байқау бағдарламасына да қатыспақ. Ал Азияның ең мықты кинематографисі сыйлығы продюсер Гүлнара Сәрсеноваға берілетін болды

Осы тұрғыдағы мәліметтер белгілі болғаннан-ақ баспасөздің бірқатары Оңтүстік Кореяда өтетін биылғы фестивалдан «Орта Азияның иісі сезіліп тұр» деп жаза бастады. Айтқандай-ақ, Пусандағы 13-ші халықаралық кинофестивалдің шымылдығын қазақстандық режиссер Рүстем Әбдірашевтің жаңа фильмі ашатын болды.

Оңтүстік Кореяның Korea Times басылымы мәлім еткендей, Азияның ең ірі кинофестивалі үстіміздегі жылдың 2 қазанында «Сталинге сыйлық» картинасының көрсетілімінен бастау алмақ.
Қазақстан, Ресей, Израиль, Польша кинематографистерінің бірлескен өнімі болып табылатын бұл фильмді түсіру жұмыстары биыл аяқталған болатын.

Азияның ең ірі әрі көрнекті кинофорумының ауқымы өте кең. Фестиваль барысындағы 10 күн ішінде киносүйер қауым 60 елдің 315 фильмін тамашалай алады. Фестивалға ұсынылған ондаған картина алғаш рет көрсетілмекші. 14 картина (оның ішінде 11-нің премьерасы жоспарланған) көркем фильм байқауына қатысады. Өзге де конкурстық бағдарлама аясында 48 әлемдік премьера өткізілетін болса, 95 фильм Азияда тұңғыш рет көрсетілмек. Жалпы, фестиваль барысында 11 байқау бағдарламасы мен бірнеше ретроспективалық көрсетілім жоспарланған.

Сол сияқты фестиваль барысында азиялық кинонарық ұйымдастыру көзделген.

Фестивалға ұсынылған кинолардың дені көздің жауын алатындай түрлі-түсті, шытырман оқиғаларға толы, дегенмен, ұйымдастырушылардың таңдауы Рүстем Әбдірашевтің картинасына түскен.
Бұл фильм – тағдыр тәлкегімен Қазақстанға келген еврей баласының өмірінен сыр шертеді. Картинада қозғалған тағы бір тақырып – сталиндік диктатура кезеңіндегі аз халықтарды күштеп қоныс аудару мәселесі төңірегінде.

«Сталинге сыйлық» қазанның басында Пусанда көрсетілетін 315 фильмнің арасынан бекерден-бекер таңдалған жоқ, деп жазады France Press.

Фестивалдың баспасөз хатшысы Ким Джунг-Юн «бұл Пусан фестивалі аяқталған өткен қыркүйектен бергі алғашқы премьера» дегенді ескертеді. Фестивалдің ұйымдастырушылары «Сталинге сыйлықтың» екі түрлі мәні бар деп отыр.
Біріншіден, әңгіме, Иосиф Сталиннің 70 жылдығы қарсаңында орын алған Кеңес Одағындағы бірінші ядролық сынақ туралы, екіншіден картина сюжетіне арқау болған – еврей баласының Сталинге сыйлық жолдасам, ата-анаммен көрісе аламын-ау деген үміті.

France Press сондай-ақ, кинофорумның негізгі бағдарламасында тоғыз елдің 14 фильмі көрсетіледі деп хабарлайды. Фестивалды ұйымдастырушылардың таңдауы эксперименталды киноға түскен көрінеді. Ұсынылған фильмдердің бәрі дерлік Азияның жас кинематографистерінің жұмысы. Ең мықты деп танылған екі картинаның режиссеріне 30 мың доллардан сыйлық беріледі.

Байқау бағдарламасына тағы бір қазақ картинасы кіргеніне де айта кету керек. Ол – Сәбит Құрманбековтың «Зобалаң» фильмі.
Сонымен қатар, жүлделі орындар үшін Қытай, Индонезия, Оңтүстік Корея, Иран, Индия, Филиппин және Таиланд мемлекеттерінің кинорежиссерлері де бақ сынаспақ.

Францияда шығатын ағылшын тіліндегі International Herald Tribune газеті Қазақстан үшін жағымды тағы бір жаңалықты жария етіп үлгерді. Пусан фестивалі әлі басталған жоқ, дегенмен бүгіннің өзінде жүлденің бірін Қазақстанның еншілейтіндігі белгілі болды.

Ұйымдастырушылардың алдын-ала хабарлағанындай, Азияның үздік жыл кинематографисі атағы Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің президенті, продюсер Гүлнара Сәрсеноваға берілетін болды.


XS
SM
MD
LG